Кеше, 13 қазан күні футболдан бірінші лига командалары арасында 33-тур ойындарын өткізді. Бұл тур Қызылордада өте ауыр жағдайда өткен матчта Көкшетаудың «Оқжетпесін» 1:0 етіп жеңген жергілікті «Қайсар» командасының біріншілік мәреге жетуге үш тур қалғанда Премьер-лигаға жолдама алуымен ерекшеленді. Осымен қызылордалық жасақ жоғары лигаға төртінші мәрте оралып отыр. «Қайсар» — «Оқжетпес» 1:0 (0:0)Төрешілер: Абданбаев (Тараз), Козлов (Ақтау), Ибрагимов (Шымкент). «Қайсар»: Прядкин, Алтаев, Семлер, Узденов, Пархачев, Азовский, Әлиев (Көшеков, 70), Нәрзилдаев (Хромцов, 54), Молдақараев (Алтынбеков, 85), Морец, Қуанышбеков (Тұрғанбай, 90+1).«Оқжетпес»: Багинский, Петерсон, Рыбалко, Анарметов (Бірқұрманов), Семенов (Головешкин, 46 ), Хохлов, Булешев, Джорджевич, Керімжанов, Розыбақиев, Жақсыбек (Куксин, 80).Гол: Молдақараев (75).Ескертулер: Әлиев, Семлер — Керімжанов, Семенов, Анарметов, РозыбақиевҚуылу: Бөлешев (78)Сөйтіп, Сергей Волгиннің жігіттері алға қойған мақсаттарын орындады. Ал екінші орынға Ақтаудың «Каспий» командасы қайта оралды. Рас, ендігі қалған үш турда «Каспийдің» теориялық жағынан «Қайсарға» жетіп алуына болады. Бұлардың арасындағы екі ойын та тең – 0:0, 1:1. Бірақ сыр бойының жігіттері қонақта гол соққан. Сол оларға басымдық береді. Оның үстіне қазір қарсыласынан 9 ұпай алда келе жатқан «Қайсардың» қалған үш ойында бір ұпай ала алмауы мүмкін еместей көрінеді. Ендеше, қызылордалықтарды жоғары топқа оралуымен құттықтаймыз!Дамир Қожамқұл.