Саясат
3 мин оқу 340

Науқанда әйелдердің белсенділігі жоғары

<p style="text-align: justify;">Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) кезекті отырысында облыстардың, астананың, республикалық маңызы бар қалалардың аумақтық сайлау комиссияларының Парламент Сенаты депутаттығына өңірлер бойынша кандидаттар ұсыну қорытындылары баяндалды.</p>

Науқанда әйелдердің белсенділігі жоғары

Комиссия отырысы коронавирус індетінен қайтыс болғандарды еске алумен басталды. ОСК төр­ағасы Берік Имашев бір минут үнсіздік жариялап, «Бүгін – пандемиядан құрбан болған отандас­тарымызды Жалпыұлттық аза тұту күні. Сайлау жүйесі қыз­меткерлерінің арасында да ауыр қаза бар. Алматы облысы Текелі қаласының аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Бәкен Жаманқұлов қайтыс болды. Бәкен Түзелбекұлының туған-туыстарына қайғысына ортақ­тасып көңіл айтамыз. Осыған орай бір минут үнсіздікпен барлық қаза болғандарды еске алуды ұсы­намын», деді.

Отырыс барысында Парламент Сенаты депутаттығына 94 канди­даттың ұсынылғаны мәлім болды. «2020 жылғы 13 маусым мен 12 шілде аралығында рес­публика бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Се­на­тының депутат­тығына бар­лығы 94 кандидат ұсынылды. Салыс­тырмалы түрде, 2017 жылы Сенатқа кезекті сайлауда 89 кан­дидат ұсынылса, 2014 жылы – 88, 2011 жылы – 96 кандидат ұсы­нылған болатын», деді ОСК төр­ағасы Берік Имашев.

Осылайша Парламенттің Жо­ғар­ғы палатасының депутат­тарын сайлаудың соңғы төрт сайлау науқаны бойынша сена­тордың бір мандатына ұсы­ну қорытындысы бойынша орташа есеппен 5-тен астам үміткер келеді.

Биыл үміткерлердің көпшілігі Алматы облысынан. Комииссия ұсынған дерекке сәйкес, Алматы облысынан 9, Нұр-Сұлтан қала­сынан 8, Алматы қаласынан 7 адам ұсынылған, ал Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласынан 4 үміткерден тіркеліп, төмен көрсеткіш көрсетіп отыр.

Қазіргі сайлау барысында Се­нат­қа өзін өзі ұсыну құқығын пайда­ланған 82 кандидат бар, яғ­ни 87%-ды құрап отыр (салыстыр­малы түрде, 2017 жылы 92,1%, 2014 жы­лы 82,9%, 2011 жылы 82,7%). Бұл ретте мәслихаттар 12 кандидат ұсын­ды (2017 жылы 7 немесе 7,9%).

Сондай-ақ Б.Имашев сайлау науқандарындағы әйелдердің саяси белсенділігін атап өтті. Оның айтуынша, ұсынылған үміткерлердің ішінде 19 әйел бар (2017 жылы – 13, 2014 жылы – 5, 2011 жылы – 6).

Үміткерлердің орташа жасы 51,1-ді құрайды (2017 жылы – 51,9, 2014 жылы – 54,1; 2011 жылы – 53,3). Ең жас үміткер 30 жаста, үміткер­лердің алды 69 жаста.

Биылғы депутаттыққа үміт­кер­­лердің 29-ы инженер, 20-сы экономист, 12-сі педагог, 10-ы заңгер, 10-ы аграрлық сала қыз­меткері болса, жетеуі дәрігер, үшеуі журналист екен. Оларға қоса 1 саясаттанушы бар.

Ұсынылған кандидаттардың арасында коммерциялық құры­лымдардың 38 қызметкері, мем­лекеттік ұйымдардың, кәсіп­орындар мен мекемелердің 23 қыз­меткері, 18 мемлекеттік қызметші, 9 қоғамдық ұйымдардың өкілі, 2 жұ­мыссыз бар. Сондай-ақ қызметтегі 4 сенатор өз кандидатураларын қайта ұсынды.

Сенат депутаттығына канди­дат­тарды тіркеу процесі әлі жүріп жатыр, ол 2020 жылдың 23 шілдесіне дейін жалғаспақ. Би­ылғы 13 шілдедегі жағдай бойынша облыстық, республикалық ма­ңызы бар қалалар мен астананың сай­лау комиссиялары Сенат депу­таттығына 62 кандидатты тіркеді.

Отырыста сайлау науқаны сай­лау заңнамасына сәйкес өтіп жатқаны және Орталық сайлау комиссиясының тұрақты бақы­лауында екені ескертілді.

Бөлісу:
Науқанда әйелдердің белсенділігі жоғары · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар