Үкімет
2 мин оқу 240

Кәсіпкерлерді қорғауға көңіл бөлінуде

<p style="text-align: justify;">Орталық коммуникациялар қызметінде Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Жиында шағын және орта бизнесті, жалпы экономиканы қолдау бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы айтылды.</p>

Кәсіпкерлерді қорғауға көңіл бөлінуде

Министрдің айтуынша, кәсіп­кер­лікті қолдау және дамыту үшін биз­нес-климатты жақсартатын бірқа­тар шаралар қабылданды. Бұл салық­тық ынталандыру, тексерулерді қыс­қарту және несиелеуді кеңейту және басқалары.

– Экономикалық өсімді қалпына келтіру үшін жыл соңына дейін ке­шенді жоспар мен бизнесті қолдауға ба­ғытталған қосымша шаралар қабыл­данды. Арнайы мемлекеттік комиссия жұмыс істеуде. Биыл Парламент бизнес-климатты жақсарту жөніндегі заңнамалық реформалардың 8 пакетін қабылдады. Орта мерзімді перспективада кәсіпкерлік қызметті дамытуда «жаңа күн тәртібі» әзірленетін болады. Шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту бағыты Қазақстанның 2025 жылға дейінгі жаңа стратегиялық жос­парында көзделеді, – деді Р.Дәленов.

Оның айтуынша, құрылыс саласында «5-10-20» қанатқақты жеңіл­­де­­тілген кредит беру жобасын іске қосу жоспарлануда. Сондай-ақ эко­­но­­миканың әртүрлі салаларында 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қо­­ры­на салынатын салықтар, әлеу­меттік төлемдер және мүлік салығы бойынша нөлдік мөлшерлеме белгіленді.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қор­ғау үшін кәсіпкерлердің «адалдық» презумпциясы қолданысқа енді. Бұл заңнамадағы әртүрлі түсініктерді адал кәсіпкерлердің пайдасына қолдануға мүмкіндік береді. «Бизнестің жол картасы-2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары бойынша кәсіпкерлер үшін қарыз қаражатының соңғы құны қазір 6%-ды құрайды. Сонымен қатар Ұлттық банк шағын және орта бизнеске, оның ішінде жеке кәсіпкерлерге салалық шектеусіз жеңілдетілген несие беру бағдарламасын іске қосты. Кредиттер айналым қаражатты толықтыруға 1 жылға 8%-бен беріледі. Бұл бағ­дар­ламаға 600 млрд теңге бөлінеді.

– Кепілдік беру құралы жақ­сар­тылды. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша кепілдіктер қарыз сомасының 85%-ын құрауы мүмкін. «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша кепілдік несие сомасының 50%-ына тең. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер­лерге жыл соңына дейін жер салы­ғының мөлшерлемесі нөлге түсті. Сондай-ақ асыл тұқымды мал шаруа­шылығы саласында импорттау кезінде қосылған құн салығын есепке алу әдісімен төлеу мүмкіндігі берілді. Қазанға дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары үшін қосымша құн салығының мөлшерлемесі 12%-дан 8%-ға дейін төмендетілді. Еліміз­дің барлық өңірлеріндегі бизнес өкіл­дерінен өзекті мәселелер бойынша келіп түскен ұсыныстар жүйеленуде, – деді спикер.

Баспасөз мәслихаты барысында жыл соңына дейін бизнестің барлық санаттағы субъектілері үшін жаңа жос­парлы салықтық тексерулер жүр­гізілмейтіні айтылды. Барлық шаралар бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдар анықталып, тиісті жұмыстар атқарылуда.

Бөлісу:
Кәсіпкерлерді қорғауға көңіл бөлінуде · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар