Президент
2 мин оқу 210

Президент Арыс қаласындағы әскери полигонға барды

<p style="text-align: justify;">Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр жарылыс болған Арыс қаласындағы №44859 әскери бөліміне барып, оның бүгінгі жағдайымен танысты. Бұл туралы&nbsp;<a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a> Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.</p>

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев өткен жылғы жарылыстан кейін қоймадағы оқ-дәрілерді кәдеге жарату және оларды тасымалдау жұмыстары жайында баяндады. Сонымен қатар әскери бөлімнің техникалық аймағындағы оқ-дәрілердің қалдығын тазалау, жарылғыш заттарды залалсыздандыру, бұзылған ғимараттарды қайта қалпына келтіру туралы айтты. Бұдан бөлек Қазақстан Президентіне әскери құрал-жабдықтар мен арнайы техникалар таныстырылды.

Мемлекет басшысы бұл полигонның, аталған әскери бөлімнің ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

"Қорғаныс министрі жаңа маған оқ-дәрілердің қауіпсіз қоймаларда сақталып жатқанын және адамдарға қауіп тудырмайтынын баяндады. Дегенмен біз ендігі жерде мұндай жарылыстың болуына ешқашан жол бермеуіміз керек. Бұл мәселе өте маңызды және менің тікелей бақылауымда болады", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев оқ-дәрілердің қауіпсіз сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Үкіметке қазіргі заманға сай қоймалар салу үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырды. Олардың елді мекендерден алыс жерлерде салынуын, жарамсыз оқ-дәрілерді уақтылы жою қажеттігін де ескертті.

"Әскери-көлік авиациясын, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс күштері мен құралдарын, инженерлік әскерлерді, әскери медицинаны дамыту Қорғаныс министрлігі жұмысының басым бағыттарының бірі болуға тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Былтырғы жарылыстан кейін Арыс қаласы толықтай қайта жаңарды. Әскери қызметшілер 450 мыңнан астам оқ-дәрі мен жарылғыш зат залалсыздандырды. Қоймадағы оқ-дәрілерді көшіруге дайындықтың негізгі жұмыстары аяқталды.

Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.


Бөлісу:
Президент Арыс қаласындағы әскери полигонға барды · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар