Қоғам
4 мин оқу 190

Халық жемқорлықпен күреске үлес қосуға дайын

<p style="text-align: justify;">Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі мақсаты &ndash; парасаттылық идеологиясын ілгерілете отырып, жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру. Өткен жылдың соңында қабылданған заңнамалық түзетулерге сәйкес, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі білім беру, ақпараттық және ұйымдастырушылық сипаттағы шаралар кешенін қабылдау арқылы парасаттылық қағидаттарын енгізу мәселелерінде үйлестіру функциясын белсенді іске асыруда.</p>

Халық жемқорлықпен күреске үлес қосуға дайын

Агенттіктің жаңа құрылымын қалыптастыру кезінде мемлекеттік аппараттың жариялылығын, қолжетімділігін, ашықтығы мен айқындылығын және адалдық пен пара алмаушылық идео­ло­гия­сын тұрғындар арасын­да кең көлемде насихаттау мақса­тында Парасаттылық депар­таментін құру туралы шешім қа­­былданды. Сондай-ақ «Адал­дық алаңы» – «сыбайлас жемқор­лықтан азат өңірлер» жобасы бү­гінде тұрмыстық сыбайлас жем­қорлықты жоюдың бірегей жобасына айналды. Тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою, мем­лекеттік органдардың ашық­­­тығын қамтамасыз ету, мем­­лекеттік қызметтерді алу кезінде қолайлы жағдайлар жасау және қоғамдық бақылау құралдарының пәрменді іске асырылуын қамтамасыз ету – аталған жобаның алдына қойған нақты міндеттері болса, жобаның мызғымас бөлігі – ел азаматтары мен қоғам өкілдерінің азаматтық белсенділік таныта отырып, қоғамдық бақылауды күшейтуге және адалдық идеологиясын ілгерілетуге жұмыла ат­салысуы болып отыр. Ел игілігі жолында осы бір ортақ мақсатты жүзеге асыру мақсатында орта­лық мемлекеттік органдар мен  өңірлер арасында жоба жетек­шілері тағайындалып, қазіргі таңда қоғамдық кеселдің алдын алу жолында және оның жолын кесуде қарқынды жұмыс жүр­гізуде.

Бүгінде ауылдық деңгейге дейінгі 200-ге жуық әкімдік аза­маттарға қызмет көрсетудің сер­вистік моделіне көшсе, жергілікті тұр­ғындардың талап-тілегіне құлақ түру үшін ел бойынша 1000-нан астам оpen space үлгісін­дегі кеңсе мен 750-ден ас­там фронт-офис ашылды. Нә­­ти­жесінде, қоғам өмі­рінде ашық­тықты қамтамасыз ету ар­қылы сыбайлас жемқорлық де­ректері туындайтын себептер мен жағдайлардың деңгейі төмен­деуде. Еліміздің 16 өңірінде ашылған Antikor-сервистік орта­лықтарында әрбір азаматтың са­палы құқықтық көмек пен ке­ңес алуына толық мүмкіндік қа­растырылған.

Ел аумағында ашықтық пен айқындылықпен қатар, азаматтар үшін мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты ұсынылатын ақпараттардың барынша қолже­тімділігіне агенттік тарапынан баса назар аударылуда. Мәсе­лен, жалпыға қолжетімді сервис – «Ашық бюджеттердің ин­терактивті картасы» мемлекет тарапынан бөлінетін бюджет қаражатын әр азаматтың көріп, бақылауына және тиімді иге­рілуі бойынша пікірлер мен шағымдар қалдыруларына толық мүмкіндік беретіндігімен ерекше. Бүгінде картада 7,2 трлн теңгеден астам бюджет қаражаты ашық түрде жарияланған. Сондай-ақ парасаттылық мәдениетін қа­лыптастыруда бүгінгі эпидемиялық жағдайға байланысты мемлекеттік органдар мен қызметшілердің халық алдында есеп беруі мен ашықтықты қам­­тамасыз етуінде жаңа инте­рактивті онлайн-жобалар қол­данылуда.

Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл жөніндегі қыз­мет туралы халықты үздіксіз ақпа­рат­тандыруды қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қарқынды күрестегі жа­ңа­шылдықтарды түсіндіру үшін «Antikor.LIVE» жобасы іске қо­сылып, осы күнге дейін әлеу­меттік желілер арқылы тұр­ғын­­дарды толғантқан түрлі та­қы­рыптар бойын­ша 1 800-ден астам «тікелей эфир» өткізілді. «Antikor.LIVE» жобасы әр күн сайын тұрақты негізде тікелей эфирге жол тарту арқылы қысқа мерзім ішінде өзек­ті мәселелер бойынша ақпарат тара­тудың ең тиімді тетігіне айналды.

Бүгінгі күні парасаттылыққа негізделген қоғамды құруда сы­байлас жемқорлыққа қар­сы білім алуды мектеп қа­быр­ғасынан бастауға баса назар аударылып келеді. 2019 жыл­­дан бастап еліміздің жоға­ры сынып оқушылары мен сту­дент­тері арасында парасат­ты­лық идеологиясының ауқы­мын кеңейтуге және терең білім­нің маңыздылығын түсін­ді­руге ба­ғытталған жалпырес­пуб­ликалық «Адалдық саға­ты» акциясы бас­тау алған. Коронавирустық ин­фекцияның таралуына қа­ра­мастан, білім алушыларды адалдық пен әділдік сынды қасиеттерге үндейтін дә­рістер өз маңыздылығын жо­ғалт­пай, тікелей кездесулер он­лайн-дәрістерге көшу арқылы өз жалғасын табуда. Бұдан бөлек, агенттік ұлы ойшылдардың ең­бектерін кеңінен насихаттау – саналы қоғамды тәрбиелеудің тиімді тетігі екендігін назарға ала отырып, 2020 жылдың мамыр және шілде айларында әділдікті арқау еткен «Адалдық сағаты» – «Адалдықты мұра еткен ұлы Абай» және «Әл-Фараби және қайырымды қоғам» тақырыптары бойынша жалпыреспубликалық деңгейде ұйымдастырылып, бейне-дәрістер республикалық және өңірлік телеарналарда көрсетілді. Сондай-ақ оларды әлеуметтік желілерде орналас­тыру мектеп оқушылары және студенттермен тиімді кері байланыс орнатуға және олардың қоғам өмірінде жиі кездесетін әлеуметтік індетке қарсы тұруда белсенділік танытуларына айрықша серпін беруде.

Бүгінде сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы жоғары стандарт­тарға ие қазақстандық 11 жоғары оқу орны академиялық адалдық лигасына бірігіп, одан бөлек жал­пы білім беретін және орта-ар­найы мекемелер үшін пара­сат­­тылық мектептері лигасын құ­руға бастама жасалуда. Адал­дық, парасаттылық, сенім құнды­лықтарын кең көлемде дәріптеу мақсатында агенттіктің сенімді серіктестері ретінде бүгінде жалпы саны 8 мыңға жеткен мектеп оқушылары мен студенттер Adal Urpaq ерікті мектеп клубтары мен Sanaly Urpaq жобаларына біріктірілген. Сыбайлас жемқорлықтың отбасыға тигі­зер салдарын, мемлекетке тигі­зер зардабы мен залалын әлеу­меттік тұрғыдан көрсете отырып түсірілген бейнематериалдар оң мінез-құлық үлгілерін қалып­тастыруға, қатып қалған көз­қа­растарды өзгертуге және заң ая­сында іс-әрекеттер жасауға дә­ріптейді.

Қорыта келгенде, іске асырылып жатқан шаралардың тиімділігін әлеуметтік зерттеу­лердің нәтижелері арқылы бай­қауға болады. Бүгінде TALAP қолданбалы зерттеулер орта­лығының бағалауы бойынша қазақстандықтардың шамамен 70%-ы сыбайлас жемқорлық дең­гейін төмендетуге өз үлес­терін қосуға дайын екендігі бел­гілі болып отыр.

Ғанижан АСАНҰЛЫ,

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Парасаттылық департаментінің директоры

Бөлісу:
Халық жемқорлықпен күреске үлес қосуға дайын · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар