Технология
2 мин оқу 190

Баспана сатуға да электронды жүйе келді

<p style="text-align: justify;">Елімізде жаңа технологияларды енгізу процесі адам қызметінің барлық салаларын қамтиды десек болады. Айту керек, бұл процесс тұрғын үйді сатып алуға да әсер етті.</p>

Баспана сатуға да электронды жүйе келді

Жаңадан пәтер немесе үй ал­ғыңыз келсе, көптеген фак­торға дайын болуыңыз керек. Себебі бұл шаруа әсте жеңіл болмайды. Мысалы, үйді са­тып алуға қажетті сомадан немесе ипотека бойынша алғаш­қы жарна төлеуден  басқа, сізге келісімшартты реттеу мен қа­жетті құжаттарды жинау керек. Ал бұл жерде алдану, қажетті қағаздарды уақытында жинап үлгермеу, ипотекаға беруден бас тарту сынды қауіптер кездеседі.

Қаржылық реттеушінің ха­­бар­лауынша, 27 тамызда Қа­зақ­станда жаңа форматта тұр­­ғын үйді сатып алу, сату бо­йын­ша алғашқы мәміле жасал­ды. Яғни ендігі кезекте бұл мәселеде жаңа үрдіс пайда болып, мәміле жасаудың жаңа жүйесі мен бүкіл процесі элек­трондық жүйеге көшпек. Мәмі­леге қатысушылардың барлы­ғының өзара іс-әрекеті бірыңғай жүйемен жүзеге асатын болады.

Басты идея – тұрғын үй сатып алу сияқты ірі ақша операцияларын жасау кезінде қауіпсіздік пен қолайлылықты қамтамасыз ету. Яғни қолма-қол ақшасыз төлемге көшу іс­ке асу­да. Банкті, но­тариусты жә­не халыққа қыз­мет көрсету орта­лығын бірік­тіре­тін бірыңғай цифрлық қыз­мет құрылды.

Бұл өз кезегінде мәміле жа­сау­дың уақытын қысқартады. Сондай-ақ сатып алушы мен сату­шы алаяқтық әрекеттерден және қолма-қол ақшаны тонау қаупінен сақталатын болады.

Мәміле қалай жасалады? Қолма-қол ақшасыз төлем үшін сатып алушы банкте эскроу-шот ашады немесе нотариустың депозитін пайдаланады. Эс­кроу шотына салынған ақша бұғат­талады және белгілі бір шарттар орындалғанға дейін қолжетімсіз болады. Бұл жағдай үй сатып алу туралы мәміле жа­салғанға дейін күшінде болып, содан кейін сатушыға аударылады). Нотариус немесе банк бұл жағдайда төлемнің гаранты (кепілгері) ретінде әрекет етеді. Үйді сатушы операцияны аяқ­тағаннан кейін және тиісті органмен расталғаннан кейін ақшаға қол жеткізе алады. Бұл жүйеге ерікті түрде қатысуға бо­лады. Дегенмен, сатып алушы мен сатушы мәмілелерді бұрын­ғысыша әлі де жасай алады.

Ұлттық банктің пікірінше, мұн­дай жаңа әдіс процесті ай­тар­лықтай жеңілдетіп, оған қа­ты­сушылардың қауіпсіздігін жақ­сартатын болады.

 

Думан АРҒЫНГЕЛДІ,

журналист

Бөлісу:
Баспана сатуға да электронды жүйе келді · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар