Қоғам
3 мин оқу 416

Ауылға байланыс пен интернет жетті

<p style="text-align: justify;">Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қарағанды облысында жұмыс сапары аясында Осакаров ауданының Пионерское елді мекенінде іске қосылған 4G стандартына сәйкес базалық стансаның жұмысымен танысты.</p>

Ауылға байланыс пен интернет жетті

Айта кетейік, аталған база­лық станса тек осы елді мекен­ді ғана емес, сонымен бірге жа­қын маңда орналасқан Цен­траль­ное ауылын да жоғары жыл­дам­дықтағы интернет байланы­сымен қамтуға мүмкіндік бере­ді. Мемлекет-жекеменшік әріп­тестігі негізінде еліміздің ірі бай­­­ланыс операторлары іске асы­­рып жатқан «оптоталшық» құ­ры­лысының нәтижесінде өңірге 876 шақырымдық тал­шық­ты-оптикалық байланыс желі­лері (ТОБЖ) төселіп, 36 ауыл кең­жолақты интернетпен қам­тылды.

Негізінде, ауылдық жерлерді ТОБЖ технологиясы бойынша жылдамдығы жоғары интернет­пен қамтамасыз ету жобасы осыдан екі жыл бұрын басталып, бұл жұмыстар еліміздің Батыс Қа­зақстан, Атырау және Павлодар облыстарында толығымен аяқтал­ған болатын. Енді бұл өңірлердің қатарына Қарағанды облысы да қосылды.

Ведомство басшысы еліміз­дегі ірі өнеркәсіп ошақ­тары көп шо­ғырланған облыста «опто­тал­шық» төсеу жұмыстарын аяқ­таудың өңірлер арасындағы цифрлық теңсіздікті жоюға ықпал ететінін атап өтті.

– Халықтың өмір сүру сапа­сын жақсартудағы міндетті шарт­тардың бірі – жоғары жылдам­дықты интернетпен қамту. Ауыл жастарының еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуы үшін ин­тернетсіз сапалы білім алу мүмкін емес. «Оптоталшықты» байланыс желісін салу жобасы елімізге адами капитал әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Сон­дай-ақ ауыл тұрғындары мем­лекеттік қызметтерді электронды форматта алатын болса, ауылдық ауруханалар телемедицина элементтерін пайдалана алады. Ал ТОБЖ-ға қосу арқылы ұялы байланыс операторлары өз желілерін кеңейтіп, ел халқының 99%-дан астамын кеңжолақты интернетпен қамту мүмкіндігіне ие болмақ. Мұны елдегі цифрлық теңсіздікті жоюдағы серпіліс деп атай аламыз, – деді Бағдат Мусин.

Сапар барысында «Қазақтеле­ком» АҚ басқарма төрағасы Қуа­ныш­бек Есекеев ТОБЖ жобасын одан әрі іске асыру нәтижелерімен және алдағы жоспарларымен бөлісті.

– Жоба 2,5 мыңға жуық мемле­кеттік мекеме жұмыс істеп жатқан 828 ауылға деректерді берудің барлық технологияларының арасында сапасы ең жоғары және үздік­сіз байланысты қамтамасыз ететін «оптоталшықты» жеткізуді көздейді. Бұл үшін біз еліміз бойынша 14,5 мың шақырым байланыс желісін төсеуді жос­парлап отырмыз. Бүгінде 12 мың шақы­рымнан астам желі төселіп, 632 ауылдық елді мекенде ТОБЖ-ға 1900-ден астам мектеп, аурухана, әкімдік, полиция бө­лім­шелері және басқа да мем­лекеттік мекемелер қосылды, – деді ол.

Бұл жоба қазақстандық ауыл­дарды ұялы байланыспен және мо­бильді интернетпен қамтама­сыз етуге бағытталған тағы бір ауқым­ды «250+» жобасын іске асыруға ықпалын тигізеді.

Ал «Кселл» АҚ бас техникалық директоры Асқар Есеркегенов оп­тиканың өңірлерге жеткізілуі ұялы байланыс операторларына бірқатар мүмкіндік беретінін айтты.

– Енді олар өздерінің база­лық стансаларын дайын инфра­құрылымға орната алады. Халқы­ның саны 250 адамнан асатын ауылдық елді мекендерді кең­жолақты мобильді интернетпен қамтамасыз ету жобасы аясында «Кселл» акционерлік қоғамы 307 ауылды интернетке қосады. 800 МГц диапазоны 4-5 шақырым радиустағы аумақты интернет байланысымен қамтуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті ол.

 Жұмыс сапары аясында Пио­нерское ауылындағы балалар үйіндегі компьютерлік сыныппен, Осакаров ауданының қоғамдық қабылдау бөлмесінің қызметімен танысқан Бағдат Мусин елі­міз­дегі үздік әзірлеушілер мен IT-са­ласының мамандарын бірік­тірген бірегей жоба – «Террикон алқабы» IT-hub жобасын әзірлеушілермен де кездесті. Министрдің міндетін атқарушы осы жоба аясында айналысып жатқан жұмыстардың барлығының қазіргі уақытта өте өзекті екенін еске салды.

– Мен өз әріптестерімді, цифр­ландырушылар мен жаңашыл­дарды көріп тұрмын. Біздің жас­тар өте креативті және олардың келешегінен зор үміт күтеміз. Дегенмен олардың жобаларын жүзеге асыруына, өзін-өзі дамытуына жағдай жасау керек. Міне, осындай жобалар оларға кө­мектеседі. Бүгінде елімізде Astana hub IT-стартаптарының ірі тех­нопаркі жұмыс істейді. Қазір ол 100%-ға толық. Олар­дың стартап бастамаларын халық­аралық сарапшылар да баға­лап үлгерді. Қазір біз осындай дұ­рыс бағыттағы бастамалардың қажет­тілігін көріп отырмыз, – деп атап өтті ол.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин аталған жоба жұ­мысына жоғары баға беріп, бұл бастамалардың «цифр­лық» идеяларды дамытуға соны серпін беретініне сенім білдірді.

Қарағанды облысы

Бөлісу:
Ауылға байланыс пен интернет жетті · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар