Жаңалықтар
2 мин оқу 820

ҚУАНЫШЫ ДА, ҚИЫНДЫҒЫ ДА ОРТАҚ ЕЛ

“Қырғыз” дегенде, ар жағында “ағайын” деген сөз еріксіз қосар­ланып тұрады. “Төсекте – басымыз, төскейде – малымыз қосылған” халық­пыз. Көңіл жақын болған соң, қуа­ныштың да, қиындықтың да ортақ болатыны белгілі. Кезінде қырғыз ағайындар тәуелсіздігін жариялады деп қуандық, осыдан бес жыл бұрын және күні кеше билік үшін күрестің салдарынан елде қантөгіс болғанда көңіліміз қабарған.

<!--more-->Ағайын елдегі оқиғаға байла­ныс­ты әртүрлі пікірлер айтылып жатыр. Әркімнің өз пікірі бар десек те, оны парасаттылықпен пайымдаған жөн болар. “Халықтың төзімі таусылды, өзі көтерілді” деп елде болған қан­төгісті, осы оқиға кезіндегі тонау­шы­лық, ұрлық-қарлық, бұзақылықтың барлығын халыққа жаба салу қиын, көтерілістің негізінде халықтың әлеу­меттік жағдайы жатты дегенмен, қан­төгіске апарып тіреген билікке таласушылардың мәмілеге келмеуі, ең алдымен арандатушылық әрекет­тері, халықтың қолымен от көсеуі екені даусыз.

Енді біреулер сыртқы факторды алға тосады. Тіпті Ресей ақпарат құ­рал­дары Қырғызстанның бұрынғы пре­зиденті Асқар Ақаевтың аузына: “Бұл халықтың Америкамен жақын­да­суға қарсылығы”, деген сөз салуы да саясат саудасының көрінісі. Оқи­ғаға көрінеу көзге теріс баға беру қи­ын­дықтан шығуға қырсығын тигізеді. Бір елді екіншісіне қарсы қою жақ­сылыққа апармайды. Қырғыз елі үшін дәл қазір әлемдік қоғамдас­тық­пен, барлық елдермен тіл табысу айрықша маңызды.

Ағайын елдегі жағдайға біздің әр­қай­сымыздың, еліміздің көзқарасы әр­түрлі болуы мүмкін. Бірақ осынау туысқан елге дәл қазір ең керегі – ағайындық ақ көңілмен қамқор қо­лымызды ұсыну. Бұрын да біздің бір-бірімізге үлкен дауымыз бола қойған жоқ. Шекарамыз қалыпты, барыс-келісіміз ашық болатын. Ағайынның қиындыққа кезіккен кезінде есіктің ашыла түскені артық емес.

Қырғыз Республикасы дербес мем­лекет, өз мәселесін өзі шешуі керек деген пікір де айтылып қалып жатыр. Ал сол елдің ішіндегі бір мә­се­ленің шешілуіне ағайынның ара­ла­суы қажет болса, одан іркіліп қалу­дың да жөні жоқ. Қайта араағай­ын­дыққа жүру парыз. Еліміз – ЕҚЫҰ-ның төрағасы, басқа да халықаралық ұйымдарда беделі бар. Соны пай­да­ланып та өтпелі кезеңде тұрған қыр­ғыз елінің халықаралық қауымдас­тық­тармен араласуына  жағдай жасап жатсақ, ол ағайынды көңіліміздің кө­рі­нісі болар еді. Ағайынның қиын­ды­ғы – ағайынға сын.

Мамадияр ЖАҚЫП.

Бөлісу: