Жаңалықтар
7 мин оқу 664

Қазақ боксының қанаты қатайған шақ

Бокс Қазақстан үшін ежелден бөтен болған емес. Ол өткен ғасырдың 50-ші жылдарының соңында Одақ біріншілігінде алғашқы чемпионын шығарған шақтан бері ұдайы ілгері дамумен келді. Дегенмен, оның барынша кемелдене түсуі еліміз егемендікке қол жеткізген кезбен тұспа-тұс келеді. Міне, осы жылдарда Қазақстан құрамасы сапынан 6 Олимпия ойындарының, 10 әлем біріншілігінің чемпиондары шықты. Осыдан екі ай бұрын 7 бірдей саңлағымыз Азия чемпионатынан алдарына жан салмай қайтты. Мұның соңы кеше ғана Алматыда мәреге жеткен жаһандық жарыста Қазақстан құрамасының тарихта тұңғыш рет командалық бірінші орынды жеңіп алуымен аяқталды.

Сол күні қазақ боксының аты мен атағын күллі әлемге жаңа қырынан паш еткен осы чемпионаттың ақтық айқасын көруге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы барды.

Бокс Қазақстан үшін ежелден бөтен болған емес. Ол өткен ғасырдың 50-ші жылдарының соңында Одақ біріншілігінде алғашқы чемпионын шығарған шақтан бері ұдайы ілгері дамумен келді. Дегенмен, оның барынша кемелдене түсуі еліміз егемендікке қол жеткізген кезбен тұспа-тұс келеді. Міне, осы жылдарда Қазақстан құрамасы сапынан 6 Олимпия ойындарының, 10 әлем біріншілігінің чемпиондары шықты. Осыдан екі ай бұрын 7 бірдей саңлағымыз Азия чемпионатынан алдарына жан салмай қайтты. Мұның соңы кеше ғана Алматыда мәреге жеткен жаһандық жарыста Қазақстан құрамасының тарихта тұңғыш рет командалық бірінші орынды жеңіп алуымен аяқталды.

Сол күні қазақ боксының аты мен атағын күллі әлемге жаңа қырынан паш еткен осы чемпионаттың ақтық айқасын көруге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы барды. Мемлекет басшысының Балуан Шолақ атындағы спорт кешеніне атбасын бұруы біздің боксшыларымыздың жігеріне – жігер, қайратына қайрат қосты. Мұны жақсы пайымдаған Президент финалдық жекпе-жектер аяқталған бойда чемпионатты 4 алтын, 2 күміс және 2 қола медальмен тиянақтауға қол жеткізген еліміз боксшыларымен кездесіп, тарихымызда бұрын-соңды болмаған осынау орасан зор табыстарымен шын жүректен құттықтады.

«Мен Алматыға елімізде алғаш рет ұйымдастырылған бокстан әлем чемпионатына қатысу үшін келдім. Осы сәтті пайдалана отырып, біздің боксшыларымызды тамаша жетістігімен құттықтаймын, олар елімізде бұрын-соңды болмаған жетістікке қол жеткізді. Қазақстан боксында мұндай жеңістер болмаған. Маған бұған дейін бас-аяғы алты алтын алғанымызды айтты, ал бір ғана жарыс­та төрт алтын иеленіп, жалпы командалық есепте бірінші орын алған кезіміз болған емес. Мен чемпиондарды шын жүректен құттықтаймын және олардың жетістіктері үшін қуаныштымын. Бұл да Қазақстанды насихаттаудың бір түрі, біздің дамуымыздың айқын айғағы», – деді Мемлекет басшысы.

Ал чемпионатты қорытындылаған АИБА президенті Чинг-Куо Ву Алматыда әлем біріншілігінің ұйымдастырылу деңгейіне өте жоғары баға берді. Ол өз сөзінде, сондай-ақ, Қазақстанның жаһандық боксты дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті. Алатау баурайындағы әсем қалада чемпио­­нат өтіп жатқан күндердің бірін­де, демалыс жарияланған 24 қазан күні жаһан­да бірінші болып Бүкіләлемдік бокс академиясының ашылу салтанаты болып өтті. Дүние жүзі бокс федерациясының басшысы оның әлемде теңдесі жоқ оқу-спорт кешені екеніне тоқталды. Ал біз Іле Алатауының ең бір көрікті жерлерінің біріне қоныс тепкен мекен Қазақстанның болашақтағы бокс жұлдыздарын шығаруға үздіксіз үлес қосатынына риясыз сенгіміз келеді.

Осы екі аралықта шаршы алаңды шайқал­тып, жанкүйерлерін шадыман шаттыққа бөлеген жампоз жігіттеріміз өздерінің тұр­ғылықты мекендеріне оралып жатты. Бұрнағы күні бірі – «АИБА-ның 2013 жылғы үздік жаттықтырушысы», бірі – биылғы әлем чемпионы және қола жүлдегері болып туған топырақтарына оралған нағыз қаһармандар – Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжановты, боксшылар Біржан Жақыпов пен Қайрат Ерәлиевті Шымкент жұртшылығы әуежайда тайлы-таяғы қалмай күтіп алды. Мұндай құрмет Астанаға алқынып жеткен екі бірдей чемпион – Мерей Ақшалов пен Данияр Елеусіновке де көрсетілді. Бұлардың соңғысы «АИБА-ның 2013 жылғы ең үздік боксшысы» атағын да алып қайтты. Алматы өңірінде әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының бөленіп жатқан ықыласы бір бөлек. Сол сияқты, Маңғыстау халқы бірі – күміс, бірі қола медаль алып келген Әділбек Ниязымбетов пен Берік Әбдірахмановқа чемпиондардан бір де кем қараған жоқ. Айналып келгенде, мұның бәрі бір сәтте айды аспаннан бір-ақ шығарғандай зор табысқа жеткен Қазақстан құрамасына көрсетілген қошеметтің ұшқындап түскен бір парасы еді.

Қазақ боксшыларының осынау ғаламат жетістігіне қуанып жатқан жұртшылықта қазір есеп жоқ. Бұл туралы есін білген баладан абыз жасына жеткен ақсақалға дейін талмай айтып жатыр. Олардың бірқатары осы күндерде бізге телефон арқылы хабарласып, қуаныштан асып-тасқан көңілдерін білдіріп жатса, тағы бір оқырмандарымыз газетіміздің сайты желісі негізінде пікірлерін төгіп тастады. Бұлардың барлығының ортақ мазмұны пайда болғанына жиырма жылдан жаңа асқан Қазақ мемлекетінің спорттағы даңқының жылдан жылға шарықтап көтеріліп бара жатқаны, оның осылай болуына Мемлекет басшысының өзінен бастап, барлық деңгейдегі әкімдер мен функционерлер спорттың жақсы дамуына қамқорлық жасап жүргені турасындағы әңгімелерге саяды.

Енді солардың бірқатарының ой толғам­дарына құлақ түріп көрейік. Айталық, бізге Қызылордадан хабарласқан Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университеттің ректоры, техника ғылымдарының докторы Қы­лыш­бай Бисенов қуаныштан асып-тасыған көңілін жасыра алмай, бірден аламан ойларын ақтарып салды. «Өткен жылы ғана спортшыларымыз Лондонның төрінде атой салып, өзінің тарихында тұңғыш рет 12-орынға табан тіреп, көктегі жұлдызды қолымызға қондырғандай болып еді, – деген еді ол. – Енді, міне, арада бір жылдан астам уақыт өткенде, боксшыларымыз шаршы топтың алдында шашасына шаң жұқтырмай, керменің сызығын бірінші болып қиып өтті. Осының бәрі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі бас болып, елімізде спортқа, соның ішінде боксқа ерекше қамқорлықтың жасалып жатқанының арқасында мүмкін болып отыр. Менің білуімше, бұған дейін дербес мемлекеттің өкілдері ретінде әлемнің 10 чемпионатына қатысқан боксшыларымыз 6 алтын медаль алған болса, осы жолы соның қатарын бірден 10-ға жеткізді. Бұл табыс елімізді бірден әлем біріншілігінің осы кезге дейінгі көрсеткіші бойынша 4-орынға шығарды. Мен мұны өте үлкен табыс деп білемін. Сол сияқты спорттың қазіргі жастар арасында керемет патриоттық сезімді оятатынын да осы күндері байқадық. Бір сөзбен айтқанда, бұл чемпионаттың бізге бергені көп».

Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында да спорттың нағыз жанашыры есепті бір азамат тұрады. Ол – осы ауданның әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков. Біріншілік басталған кездерде кезекті еңбек демалысын алған ол бірден Алматыға тартып кетіпті. Сонда жүріп, ем де алған, боксшыларымызға жанкүйерлік те жасаған. «Бала жасымыздан спорттың барлық түрін дерлік жақсы көріп өстік қой. Дегенмен, бокстың орны ерекше екен, – деді ол телефон тұтқасының арғы жағынан. – Мұны еліміз боксшыларының соңғы жылдары халықаралық ареналарда ұдайы топ жара бастауы анық байқатып берді. Жасыратыны жоқ, боксшыларымызға қарап мақтанатын болдық. Оның үстіне, қазір байқап отырсам, бұл олимпиялық спорт түрлері бойынша елімізде өтіп отырған бірінші әлем чемпионаты екен. Ендеше, онда қалай жан алып, жан бермеске! Соңғы күні бұл байрақты бәсекені Минск сапарынан шұғыл оралған Елбасының арнайы барып көруі жарыстың бәсін бұрынғыдан бетер көтеріп жіберді. Мұны атлеттеріміз де көрді. Көрді де, барларын салды. Осы күндері біз боксшыларымыздың барлығына да бірдей жанкүйерлік еттік. Бұл бүкіл Қазақстанды бір тудың, бір шаңырақтың, бір тілектің астына топтастырып, біріктірген күндер болды. Біздің ұйымшыл екенімізге осы күндері көзіміз жетті. Кеудемізді осы тұрғыдан да қуаныш тасқыны кернеді. Бұл чемпионатқа, онда жасындай жарқылдаған барша жігіттерімізге сол үшін де рахмет!».

Атырауда көптен бері облыстық соттың баспасөз хатшысы болып қызмет етіп келе жатқан әріптесіміз Боранбай Ғалиев те спорт десе ішкен асын жерге қоятын азаматтар сапынан екен. Төрт жігітіміз бірдей алтын алып, арқа-жарқа болып жатқан кеште ол да қоңырау шалып, қуанышты бірге бөлісті. «Қазақтың біртуар ақыны Төлеген Айбергенов айтқан ғой, «Жығылған балуанға да бәйге берем, адалдығы сезіліп тұрар болса», деп. Мен де дәл солай осы біріншілікке қатысқан 10 боксшымыздың барлығы да бәйгеге әбден лайықты деп есептеймін. Себебі, олардың барлығынан туған Отанына, өз істеріне, өз халқына деген адалдық анық сезіліп тұрды. Мен үшін солардың тіпті ертерек жарыс жолынан шығып қалғандарының өзі қарсыластарынан ұтылған жоқ. Тіпті жүлдесіз қалған екі жігітіміз – Антон мен Ілиястың өздері барынша мадаққа лайық. Қола жүлдемен қалып қойған Қайрат пен Берікті де мен бәсекелестерінен кем түсті деп айта алмас едім. Ендеше, тап осы чемпионатта 9 бірдей саңлағымыз чемпион атанып жатқанда да таңғалуға болмайтын еді. Міне, команданы осындай дәрежеге жеткізген оның бас ұстазы Мырзағали Айтжановқа осы жерде күллі қазақ алғысын айтуы тиіс деп білемін. Мұның арғы жағында Қазақстан Бокс федерациясының тізгінін Тимур Құлыбаев қолға алғалы бері ондағы жағдайдың күрт жақсарғанын да естіп-біліп отырмыз. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына», деген осы. Ол қазақ боксының бағына жанған тұлға болып тұр. Мұның бәрі, түптеп келгенде, еліміздің боксын бір биіктің белесіне көтеріп тастады. Енді сол асқан асудан төмендемеу ғана керек».

Осы күндері бізге бұл кісілерден де басқа хабарласқандар аз болған жоқ. Біз солардың ішінен спортқа тікелей қатыстары жоқ, республикамыздың үш қиырында тұратын үш тұлғаны ғана таңдап алып, толғам-тұжырымдарын көпшілік талқысына шығардық. Осында айтылған пікірлер мен түйіндер жалпы көпшіліктің ортақ ойларын береді ғой деп ойлаймыз.

Серік ПІРНАЗАР,

«Егемен Қазақстан».

Бөлісу:
Қазақ боксының қанаты қатайған шақ · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар