Жаңалықтар
4 мин оқу 603

Әріптестермен тәжірибе алмасу пайдалы

Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Өңірлік хаб бастамасы шеңберінде хабқа қатысушы елдердің мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдары мен білім беру мекемелерінің басқарушы буыны үшін «Мемлекеттік қызметті жаңғыртудың өзекті мәселелері» тақырыбында семинар-тренинг өтті.

Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Өңірлік хаб бастамасы шеңберінде хабқа қатысушы елдердің мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдары мен білім беру мекемелерінің басқарушы буыны үшін «Мемлекеттік қызметті жаңғыртудың өзекті мәселелері» тақырыбында семинар-тренинг өтті.

Үш күнге созылған семинар-тренинг 3 сессияға бөлінген. Олар­дың біріншісі – «Мемлекеттік қызметтің адам ресурстарын бас­қарудағы инновациялар» та­қырыбында өтсе, екіншісі – «Қоғамдық есептілік және мем­лекеттік қызмет жүйесіндегі сы­байлас жемқорлыққа қар­сы саясат», үшіншісі – «Мем­ле­кеттік қызмет тиімділігі мен мемлекеттік қызметшілер қыз­ме­тін бағалау» тақырыптары аясында ұйымдастырылды.

Кеше семинар-тренингке қатысушылар соңғы секция тақырыбы төңірегінде ой-пікір алмасты. Онда Канаданың Онтарио Үкіметінің Министрлер кабинеті Тиімділік және инновациялар жөніндегі вице-министрінің экс-көмекшісі Арт Дэниэлс, Нидерланды Орталық Үкіметінің Жоғары мемлекеттік қызмет жөніндегі офисінің экс-бас директоры Ян Уилем Век, Нидерландының Орталық Үкіметінің Жоғары мемлекеттік қызмет кеңесінің (ABD) бұрынғы бас директоры Панос Ливеракос, Ирландия Мемлекеттік қызметінің атқарушы билігінің экс-басшысы, BA& Associates консалтинг компаниясының басқарушы директоры Брайан Эндрюс сынды хабтың 12 қатысушы елінің мемлекеттік қызметкерлері мен білім беру мекемелерінің мамандары сөз сөйледі.

Канададан келген бұрынғы мемлекеттік қызметкер, Онтарио Үкіметінің Министрлер ка­бинеті Тиімділік және инно­вациялар жөніндегі вице-министрінің экс-көмекшісі Арт Дэниэлс мемлекеттік қызметке қатысты өз тәжірибесімен бөлісті. «Онтарияның жергілікті тұрғындарының саны Канаданың жалпы халқының шамамен 40 пайызын құрайды. Ол жердегі мемлекеттік қызмет саласында 65 мыңға тарта азамат жұмыс істейді. Мен бұл салада 40 жылға жуық қызмет еттім. Ал соңғы 7 жыл бойы мемлекеттік қызметтің реформалары бағытында жұмыс атқарып келемін. Бүгінгі күнге дейін маған әлемнің 65 елінде дәріс оқып, кеңес берудің сәті түсіпті. Қазақстанға алғаш рет табан тіреп отырмын. Алған әсерім айрықша. Ал Өңірлік хаб шеңберінде өтіп жатқан семинар-тренингке келер болсам, мұндай отырыс­тар аясында ТМД елдерінің, хабқа қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік қызмет саласы бойынша маманданған азаматтарының ең озық тәжірибелері ортаға салынады. Мәселен, бұл семинар-тренингке Нидерланды, Ирландия секілді елдерден әріптестерім келді. Олардан үйренетін үрдістер өте көп. Себебі, дәл осы елдерде мемлекеттік қызметтің тарихы өз тамырын тереңнен алады. Сондықтан, біз өзіміздің көрген, білгенімізбен, өмірден түйгенімізбен, тәжірибемізбен бөліскіміз келеді. Яғни, Қа­зақ­стандағы мемлекеттік қыз­меткерлермен ой-пікір алмаса отырып, мемлекеттік қызмет саласын реформалау, тиімді бас­қару, тиімді басқаруды бағалау та­қырыптарын әңгіме өзегіне айнал­дыратын боламыз», деді Арт Дэниэлс.

Семинар аясында сөйлеген Нидерланды Орталық Үкіметінің Жоғары мемлекеттік қызмет жөніндегі офисінің экс-бас директоры Ян Уилем Вектің пікірі де көкейге қонымды шықты. Ол 40 жылға тарта уақыт мемлекеттік қызмет саласында қызмет атқарыпты. Әртүрлі мемлекеттік министрліктерді басқарудағы тәжірибесі де көп екен. Соңғы уақытта Нидерландыдағы Мемлекеттік «А» корпусында еңбек етіп жүрген Ян Уилем Век Өңірлік хаб шеңберінде ұйымдастырылған мұндай отырыстар даму деңгейі әртүрлі мемлекеттер өкілдерінің өз тәжірибелерімен бөлісуіне мүмкіндік беретінін алға тартты. Бұл орайда ол: «Мұндай семинарлар өте қажет. Себебі, сен өз еліңнің мемлекеттік қызмет саласының бағытын бағамдауға мүмкіндік аласың», – деді. Ян Уилем Век Қазақстанда мемлекеттік қызмет саласында жүзеге асырылып жатқан жаңа реформалар, оның ішінде «А» корпусы мен оған іріктеу кезеңдері турасындағы ойын былайша жеткізді: «Бұл бастама өте дұрыс бастама болды деп есептеймін. Себебі, «А» корпусы мемлекеттік саладағы кәсібилікті көрсетеді. «А» корпусына іріктелген кезде кәсібилікпен қоса, азаматтардың білім деңгейі, қадір-қасиеті бірінші кезекте назарға алынуы тиіс».

Қазақстан Президенті жа­нындағы Мемлекеттік басқару академиясы Ғылыми-зерттеу институтының директоры Ерлан Жаркешов те академияда Өңірлік хаб шеңберінде үлкен зерттеу жұмыстары жүргізілгенін атап өтті. «Сондықтан, бүгінгі таңда Өңірлік хабтың, оның аясында өтіп жатқан мұндай семинардың өзектілігі зор. Біз Өңірлік хаб шеңберінде электронды журнал шығарып жатырмыз. Бұл журнал мемлекеттік қызмет саласындағы сарапшыларға, ғалымдарға, тәжірибе алушы азаматтарға қажет дүние болады деп ойлаймыз», деді ол.

Өңірлік хаб – ТМД елдері, Грузия және Ауғанстан үшін мемлекеттік қызмет саласында білім мен тәжірибе алмасу бо­йынша Қазақстанның Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен БҰҰ Даму бағдарламасының бірлескен ауқымды жобасы. Сондықтан, бұл күнгі семинар аясында Канада, Нидерланды, Ирландия және Грекияның мемлекеттік қызмет жүйесін реформалауға қатысқан басқа да халықаралық сарапшылар мемлекеттік қызметті жаңғырту, бірлескен жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыру, өңірдің сараптамалық қоғамдастығын ұйымдастыру сынды мәселелерді талқылады.

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Бөлісу:
Әріптестермен тәжірибе алмасу пайдалы · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар