«Сарыкемер салған әнім»
Сарыкемер – Байзақ ауданының орталығы. Кеңес өкіметінің тұсында ол «Михайловка» деп аталатын. Бірақ атауын атаса да, оның қай Миша екенін ешкім тап басып айта алмайтын. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін Талас өзенінің жағасын жайлаған ауылдың ата-бабалар қойған аты Сарыкемер екені белгілі болды. Сарыкемер туралы сағынышқа толы ғажап ән де осы тұста дүниеге келген...
Әр істің бастауы мен бастамашысы болады. Сарыкемер туралы әсем әннің өмірге келуіне де бір қолдаушы табылды. Ол аудан әкімінің орынбасары қызметіне келген Әзімхан Қилыбаев деген азамат еді. Бір көрген жанға ел мен жерге деген сезімін лап-лап еткізіп жайып сала бермейтін біртоға жігіт ағасы бір күні ауданға белгілі азамат, өңірге танымал ақын Қасқырбай Нарбатыровты шақырды.
Сарыкемер – Байзақ ауданының орталығы. Кеңес өкіметінің тұсында ол «Михайловка» деп аталатын. Бірақ атауын атаса да, оның қай Миша екенін ешкім тап басып айта алмайтын. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін Талас өзенінің жағасын жайлаған ауылдың ата-бабалар қойған аты Сарыкемер екені белгілі болды. Сарыкемер туралы сағынышқа толы ғажап ән де осы тұста дүниеге келген...
Әр істің бастауы мен бастамашысы болады. Сарыкемер туралы әсем әннің өмірге келуіне де бір қолдаушы табылды. Ол аудан әкімінің орынбасары қызметіне келген Әзімхан Қилыбаев деген азамат еді. Бір көрген жанға ел мен жерге деген сезімін лап-лап еткізіп жайып сала бермейтін біртоға жігіт ағасы бір күні ауданға белгілі азамат, өңірге танымал ақын Қасқырбай Нарбатыровты шақырды.
– Інім, ауданымыздың Свердлов деген аты Байзақ датқаның, ал оның «Михайловка» деген орталығы өзінің төл атауы Сарыкемер болып өзгергелі біраз жыл өтті. Ендеше, осы тарихи тағылымды, табиғаты тамаша, диқан халқы тынымсыз тер төккен өңір жайлы жүрек қылын шертетін бір тамаша ән шығарсаң қайтеді? Ақындығыңмен бірге, ән шығаратын да өнерің бар екенін естіп жатырмын. Сәтті шықса, ол ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, ұмытылмастай өнеге болып қалар еді?!.
Қасқырбай ақынның әр сөзін сағыздай созып, онысын көмейінен он ойланып, жүз толғанып асықпай шығаратын өзіне ғана жарасатын маңғаздау мәнері бар еді:
– Аға, мен өзімді керемет ақын, құдіретті композитор дей алмаспын, бірақ туған жер деп айтқан тілегіңіз үшін барымды салып көрейін, – деді. Деді де, Қасекең бір-екі ай шабыт шақырды. Таласты жағалап, ауданды аралап жүріп мынадай жыр жолдары дүниеге келді.
Өзіңсің сүйенерім, мәртебелім,
Сен неткен ақжүрексің дарқан елім.
Таластың жағасында бір ауыл бар,
Ол менің атақоныс Сарыкемерім.
Қайырмасы:
Жайнаған Сарыкемерім,
Өзіңде бар керегім.
Алыстан шақырады,
Көк-жасыл тал-терегің.
Өмірдің қызығы,
Жастықтың қызуы,
Сенде деп айтар едім,
Сарыкемерім!
Әнді ұйып тыңдап, сөзін әп-сәтте жаттап алған Әзімханның көзінің қиығына қуаныш күлкісі үйірілді. Ашаңдау жүзіне ару Таластың жағасындағы жауқазындай болып қызыл алау қан жүгірді. Орнынан тұрып келіп, ақын Қасқырбайдың қолын алды. Ағалық сезіммен арқасынан қақты. Ол кезде аудан әкімі бүгінде Парламент Мәжілісінің депутаты Қожахан Жабағиев болатын. Өзі басқарған аудан туралы тамаша ән дүниеге келгенін естіп, ол да балаша қуанып, ақынға ат мінгізіп, иығына шапан жапты.
Сарыкемер туралы сол ән бүгінде Байзақ ауданы тұрғындарының мақтанышын паш ететін әсем сазға айналған. Мысалы, жамбылдықтар «Жамбылдық жастар вальсін», мойынқұмдықтар «Мойынқұмда ауылым» әнін асқақтата шырқап жатса, Байзақ ауданының тумалары салған жерден «Сарыкемерім салған әнімге» басады. Аудан әншілері Өнер Нұрбаев пен Алмахан Исабековтің орындауында ол, тіпті, құлпырып кетеді. Мерекелік мәдени іс-шараларда мектеп оқушылары да орындап жүр.
Мұны не үшін айтып отырмыз? Туған жеріне әркім хал-қадерінше қызмет етеді. Біреу мектеп, енді біреу жол салдырады, тағы біреу «жетектеп» ауызсу, газ әкелер. Ал мәдениет, руханият саласындағылар ше? Олардың үлесі де, мына ән жолдарына қарап отырсақ, ешкімнің еңбегінен кем емес екен. «Экономика мен мәдениет құстың қос қанаты сияқты» деген сөздің мәңгі өлмейтін мысалы да осы-ау. Екеуі қосылып, қатар қанат қақса, аудан тұрғай облысты да ұшпаққа шығарады екен.
Сарыкемер ауылының орталығындағы үлкен көшенің басында Мәдениет үйі тұр. Зер салып қарасаңыз, сол өнер ордасының іргесінде «Батырлар аллеясы» бар. Осы аллеяның өмірге келуіне де Әзекең ықпал еткен. Ықпал етпеске де болмайтындай еді, өйткені, бір өзінен 27 Еңбек Ері, 1 Кеңес Одағының Батыры және 1 Халық Қаһарманы шыққан ауданға мұндай аллея әбден керек емес пе?!. Ә, дегенде ойда туған дүниенің содан соң нобайы жасалып, ол батырлар суреттерімен көмкерілді. Ал бүгінде мәрмәр таспен әрленіп, кәусар сумен нәрленіп, гүл-бәйшешектер жайқалып, тал-дарақтар шайқалып, тіпті, құлпырып кетті. «Авторы», әрине, бір көрген жанға ел мен жерге деген сезімін лап-лап еткізіп жайып сала бермейтін сол баяғы біртоға жігіт ағасы Әзімхан.
«Байзақ жұлдыздары» деген конкурстың да тарихы бар. Байқап, байыптап қарап отырсақ, ол да Әзекеңнің руханият саласын басқарып жүрген кездегі бастамасының бірі екен. Аталған конкурс өмірге келгелі 16 мен 30 жас аралығындағы қаншама өнерпаз үлкен сахнаға жолдама алды. Әлі күнге дейін жалғасып келе жатқан бұл конкурс туралы мәдениет саласы қызметкерлері сүйсіне әңгімелейді. Айта берсе, Әзекеңнің Байзақ ауданынан алғаны да, бергені де көп. «Алғаны» дегенде, әрине, халықтың ықыласы мен рахметі, ал «бергені» дегенде ел аузында жүрген игілікті істері еске түседі.
Елін қастерлеп, халқын құрмет тұтатын азамат Әзімхан Қилыбайұлы Талас ауданының Ойық деген кеңшарында дүниеге келген. Ол осындағы орта мектепте оқып жүрген кезінде-ақ өнерге деген құштарлығымен, білімге деген іңкәрлігімен дараланған. Соның нәтижесінде Жамбыл педагогикалық институтының физика-математика факультетіне түсіп, оны 1973 жылы бітіріп шықты. «Алтын кездік қап түбінде жатпайды» дегендей, көрген тәрбиесі мен алған білім-білігінің арқасында көзге түскен жас жігіт туған ауылында математика пәнінің мұғалімі, кейіннен директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, 1977-1982 жылдары ауылдық комсомол комитетінің хатшысы, одан соң Ақкөл ауданында кәсіподақ комитетінің төрағасы, 1985-1988 жылдары Қаратау қаласындағы «Қаратау-Фосфорқұрылыс» тресінде қызметін атқара жүріп, өз мүддесінен ел мүддесін биік қойып, артында өнегелі із қалдыруға айрықша ден қойды. Тың істердің көш басында жүрді. 1988 жылы «Қаратау-Фосфорқұрылыс» трест кешенінің тұрғын үй-коммуналдық кеңсесінің бастығы, 1992-1994 жылдарға дейін трест басқарушысының орынбасары, 1994-1998 жылдары Қаратау қаласындағы көпсалалы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы өндірістік бірлестігінің бас инженері және 1998-1999 жылдары Талас ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет етті.
Байзақ ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалғаннан кейінгі еңбегі де ел назарында. Ырыс дарып, бақ қонған Байзақ ауданының бір перзенті болып кеткен жайы бар. Сарыкемердің суы мен нуын ыстық санайтын ол осы өңірдің шығармашылықпен айналысатын азаматтарының басын біріктіріп, жыр кешін, жекелеген ақындар мен сазгерлердің шығармашылық кештерін ұйымдастырып, олардың ел-жұртқа танылуына үлкен еңбек сіңірді. Байзақ датқаның мерейтойын өткізуде де сол кездегі аудан әкімінің ұсынысын қолдап, білек сыбана кіріскен.
– Байлығым – ұл-қыздарым, ақылшым – кітапханам, сырласым – қоңыр домбыра, – дейді Ә.Қилыбаев. Халқымыздың тарихымен, мәдениетімен мақтанатын Әзекең өзінің іскерлігін жұрт игілігіне жаратудан аянбай, бар қажыр-қайратын жұмсаған, ысылған ұйымдастырушы екенін әлі де танытып жүр. Билік баспалдағын мансап үшін емес, ел игілігіне қызмет ету, халықпен етене жақындасу үшін пайдаланды. Зайыбы Сенімкүл ел-жұртқа ибалы келін, бала мен немереге сүйікті апа атанып, береке-бірліктің ұйытқысы болып отыр. Мемлекетіміздің «Ерен еңбегі үшін» және басқа да мерекелік медальдарымен марапатталған Әзекеңнің туған өлкесінің өркенді істеріне қосар үлесі әлі де мол.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы,
Байзақ ауданы.
Суретте: Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Әзімхан ҚИЛЫБАЕВ.