Ғылым жолындағы ғұмыр
Баяғыда, баяғыда болғанда өткен ғасырдың жетпісінші жылдары орта мектептегі оқытушыларымыз Алматыда тұратын, Алматыда еңбек ететін жерлестеріміз туралы көп айтатын. Мәселен, ақиық ақын Төлеген Айбергенов, белгілі жазушылар Жұмабай Тәшенов, Смағұл Елубаев, баспагер журналист Нәби Бөлекешов, атақты актер Жұмабай Медетбаев, белгілі журналист Есенқұл Сапуанов сияқты танымал тұлғалардың қатарында жас ғалым Кеңесбай Қайруллаевтың да есімі аталушы еді. Сол кездегі мектеп оқушыларының көбі осы ағалары сияқты Қазақстанға, оның астанасы Алматыға оқуға баруға ынтық болатын. Қарақалпақстанда туып, Алматыда тұратын аз ғана шоғырдың ішінде аты аталатын Кеңесбай ағамыз бүгінде биология ғылымдарының докторы, Қазақ ұлттық аграрлық университетінде ұстаздық етіп келеді.
Баяғыда, баяғыда болғанда өткен ғасырдың жетпісінші жылдары орта мектептегі оқытушыларымыз Алматыда тұратын, Алматыда еңбек ететін жерлестеріміз туралы көп айтатын. Мәселен, ақиық ақын Төлеген Айбергенов, белгілі жазушылар Жұмабай Тәшенов, Смағұл Елубаев, баспагер журналист Нәби Бөлекешов, атақты актер Жұмабай Медетбаев, белгілі журналист Есенқұл Сапуанов сияқты танымал тұлғалардың қатарында жас ғалым Кеңесбай Қайруллаевтың да есімі аталушы еді. Сол кездегі мектеп оқушыларының көбі осы ағалары сияқты Қазақстанға, оның астанасы Алматыға оқуға баруға ынтық болатын. Қарақалпақстанда туып, Алматыда тұратын аз ғана шоғырдың ішінде аты аталатын Кеңесбай ағамыз бүгінде биология ғылымдарының докторы, Қазақ ұлттық аграрлық университетінде ұстаздық етіп келеді.
Ол 1969 жылы жаз айында әсем қала Алматыға арман қуып, білім іздеп келген болатын. Бұл оның, әлі он алтыға да тола қоймаған бозбаланың атажұртқа – Қазақстанға деген ерекше ықылас пен сағынышқа толы кезі еді. Көрші республикада аралас мектептің қазақ сыныбын бітіре салысымен, алып-ұшып Алматыға жеткенше асықты. Қазақтың біртуар, аса талантты ақыны Төлеген Айбергенов сияқты, Әмудария бойынан Қазақстан жеріне аңсап жетті. Оның мектепте, институттың алғашқы курстарында оқып жүрген кезінде өзінің қойын дәптеріне бір-екі шумақ өлеңдерін түртіп қоятын әдеті бар болатын. Содан болар, мектепте жүргенде ақын болсам деп армандайтын. Бірақ, өмірдің өз жолы оны Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына алып келді. Әлде оған өзі құрметтейтін ақын Қадыр аға Мырза Әлінің төмендегі өлең шумақтары әсер етті ме екен ?!
...Қарамай-ақ онысы, мұнысына,
Нық ұстап бақ түскенін уысыңа.
Қай жұмыста лайық азаматқа,
Өзі лайық бола алса жұмысына.
Мектепте жақсы оқыған ол, институтты да «үздік» дипломмен бітіріп шықты. Бес жылға созылатын, қызығы мен шыжығы мол студенттік күндер де зулап өте шықты. Есінде қалған көп сәттердің бірі, 3-курстың аяғында Қазақстан студенттері құрылыс отрядының құрамында Смоленск облысындағы Гагарин қаласында (бұрынғы Гжатск) болып, жер шарының алғашқы ғарышкері Ю.А.Гагариннің ата-анасымен және ғарышкерлермен суретке түсіп, Мәскеу қаласын аралағаны да жастық шақтың қайталанбас шақтары екен-ау!
Институтты тәмамдаған соң жолдамамен Алматы облысының «Бозой» кеңшарында мамандығы бойынша қызмет атқарды. Бірақ, ғылымға деген құштарлық оны қайтадан Алматыға алып келді. Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Зоология институтына қызметке орналасып, ғылыми зерттеулерін жүргізді. Нәтижесінде диссертациясын қорғап, 1984 жылы биология ғылымдарының кандидаты дәрежесін алды. 1985 жылдан бері қарай ҚР ҰҒА-ның Зоология институтында аға, одан соң жетекші ғылыми қызметкер болып істеді. 1991 жылы Жоғары аттестациялық комиссияның бекітуімен аға ғылыми қызметкер (доцент) ғылыми атағына ие болды. Зоология институтында жұмыс істеп жүрген кезеңде ол қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. 1987-1989 жылдары Зоология институтының кәсіподақ комитетінің төрағасы, 1990-1992 жылдары Орта Азия және Қазақстан зоология қоғамы паразитология бөлімінің төрағасы болды. Сол жылдары, Арал теңізін қорғау бойынша жүргізілген ғылыми жобаларды орындауға белсене қатысты. Республикалық баспасөз бетінде, 1991 жылы қазақ және орыс тілдерінде «Құссыз теңіз – теңіз бе?», «Море без птиц – не море» атты мақалалары жарық көрді. Москва, Ленинград, Вильнюс, Львов, Новосибирск қалаларында өткен Бүкілодақтық ғылыми конференциялар, симпозиумдар мен съездерге қатысып, ғылыми баяндамалар жасады. Алыс және жақын шетелдерде ғылыми мақалалары жарияланды. Сөйтіп, ғылыми еңбектері дүниежүзі ғалымдарына кеңінен танымал болды. 1993 жылы әріптесі, литвалық профессор Г.А.Валькюнас қазақ ғалымы К.Қайроллаевтың құрметіне арнап, Ленинградта шығатын ғылыми журналда ғылымда өзі ашқан гемоспоридияның жаңа түріне Кеңесбай ағаның есімін берді. Сондай-ақ, оның ғылыми монографиясына Лондонда (Англия) шығатын «Zoological record» журналы редакциясынан келіп түскен сұранысты (2008 ж.) немесе ол кісінің жазған мақаласына АҚШ-та шығатын «Parasitology research» журналында (2009 ж.) сілтеме жасалынғаны сияқты деректерді айта кетуге болады. 1997 жылы Ресей Ғылым академиясының Зоология институтында (Санкт-Петербург) профессор М.В.Крыловтың ғылыми тағылымдамасынан өтті. 2010 жылы Зоология институтының арнайы диссертациялық ғылыми кеңесінде докторлық диссертация қорғап, биология ғылымдарының докторы дәрежесін алды. Орталық Азия республикалары (Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан) және Қазақстан бойынша зерттеулер жинақталып, бір ізге түсірілді. Гемоспоридиялардың эволюциясы, филогениясы мен биоценологиясы бойынша да тың деректер алынды. 2000-2002 жылдары Қазақ қыздар педагогикалық институтында доцент қызметін қоса атқара жүріп адам және биосфера, омыртқасыздар және омыртқалылар зоологиясы, зоогеография, жануарлар экологиясы, қала және ауыл экологиясы, паразитология сияқты пәндерден студенттерге дәріс оқыды. 2002 жылы өзінің ұшқан ұясы Қазақ ұлттық аграрлық университетіне ауысты. Міне, содан бері қарай осы ұлттық университеттің биология бағытындағы мамандықтарының студенттеріне зоология, өсімдіктердің, жануарлардың және микроорганизмдердің биологиялық әралуандылығы пәндерінен дәріс оқуын жалғастыруда. 2002-2008 жылдары Қазақ ұлттық аграрлық университетінде жануарлар физиологиясы және морфологиясы кафедрасының доценті, кафедра меңгерушісінің орынбасары болды. 2009-2010 жылдары аңшылықтану және балық шаруашылығы кафедрасының, ал 2011 жылдан бері қарай мал шаруашылығы және балық өнімдерін өндіру технологиясы кафедрасының доценті, профессоры міндетін атқарушы қызметін осы күнге дейін абыройлы атқарып келеді. Ол студент-жастар мен магистранттар арасында беделді де білімді ұстаз деңгейіне дейін көтерілді. Оның қатысуымен жасалған ғылыми жоба, ҚР БҒМ-нің 2013-2015 жылдарға арналған ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру бойынша жарияланған конкурсқа қатысып, жеңімпаз атанды. К.Қайроллаев 105-тен аса ғылыми, ғылыми-әдістемелік және ғылыми-көпшілік еңбектердің авторы. Оның ішінде 2 ғылыми монография, 2 оқу құралы, типтік оқу бағдарламалары, ұсыныстар мен әдістемелік нұсқаулар бар. Ол магистранттарға арналған «Гидробионттарды жерсіндірудің теориясы мен практикасы», «Популяциялар туралы ілім» және «Қазақстанның ихтиопаразитофаунасы» атты үш жаңа оқу бағдарламаларын (пән) дайындап, оқу үдерісіне енгізді. 2012 жылы магистранттарға арнап жазылған «Гидробионттарды жерсіндірудің теориясы мен практикасы» атты оқу құралы жарық көрді. Оның жетекшілігімен 5 магистрант «Балық шаруашылығы және өнеркәсіптік балық аулау» мамандығы бойынша өз ғылыми жұмыстарын жүргізуде. Ол Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Алғыс хатымен» (2006 ж.) және ҚР БҒМ Зоология институтының Құрмет грамотасымен (2007 ж.) марапатталған. Оның есімі «Қазақ ғылымы» және «Қазақстан ғалымдары» атты энциклопедиялық жинақтарға енгізілген.
Кеңес Қайроллаұлы ата-бабаларымыздың салт-дәстүрін құрметтеуге де аса үлкен мән береді. Ол 2008-2010 жылдары Қазақстанның батыс өңіріндегі Сам құмы мен Үстіртте жатқан батыр бабалары Барақ, Асау, Дәуіт аталарының зираттарына арнайы барып, құран бағыштап, осы Барақ және Асау батыр бабалар туралы еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстанда» «Жаужүрек» атты көлемді мақаласын жариялады.
Шарафаддин ӘМІРОВ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.