Білім
2 мин оқу 263

Мұғалімге өтемақы беріле ме?

<p style="text-align: justify;">Қызметтегі коронавирус жұқтырған мұғалімге өтемақы төлене ме? Бұл сұраққа Білім және ғылым министрлігі Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен &laquo;Қашықтықтан оқытудың ағымдағы жағдайы&raquo; атты брифингте жауап берді.</p>

Мұғалімге өтемақы беріле ме?

Білім және ғылым вице-ми­нистрі Шолпан Таңатқызы:

«Елімізде ата-аналардың қа­лауы бойынша мектепте дәс­түрлі форматта оқып жатқан оқу­шылар бар. Сәйкесінше осындай оқушыларға білім беру үшін мұғалімдер мектепке қатынап, штаттық режімде жұмыс істеп жүр. Осы ретте министрлікке қызметін атқару кезінде коро­на­­вирус жұқтырып алған мұ­ға­лімдерге де дәрігерлерге төлен­геніндей өтемақы қарастыру ту­ралы өтініштер мен сұрақ­тар көптеп түсті. Бүгінде мұғалім­дермен бірдей басқа да қоғамдық қызмет өкілдері, кәсіпорын жұ­мысшылары, сатушылар, журналистер, кәсіпкерлер мен еріктілер жұмыс істеп жатыр. Сондықтан мұғалімдерді қазір қоғамда еңбек етіп жүрген басқа мамандық иеле­рінен бөліп қарауға болмайды», деді.

Аталған брифингте қашықтан оқытудың қазіргі жағдайында көп­балалы отбасындағы балалардың жайы да ескерілгені айтылды.

«Білім беру процесі синхрон­ды (тікелей эфирде, онлайн ре­жімде сабақ өту) және асинхрон­ды (үздіксіз байланыста бі­лім беру) оқыту форматында ұйым­дастырылуда. Соның ішінде асинхронды түрі көбірек қолданып отыр. Бұл дегеніміз – мұғалімнің оқушымен қашықтан тұрақты түрде үздіксіз байланыс орнатып, тақырыптық тапсырмалар беру, кері байланыс орнату ар­қылы білім беруі. Сондықтан от­ба­сындағы 3 оқушының бір уақытта компьютер пайдалануына қажеттілік тумайды. Кейбір тапсырмаларды телефонмен орын­дап, мұғаліміне жауабын жі­беруге болады. Бұл жерде бір үй­дегі балалардың сабақ оқуына жағ­дай жасауды ата-ана қолға алуы керек», деді Ш.Таңатқызы.

Соңғы кезде қашықтан оқы­туды ұйымдастыруға мемлекет­тен қаржы қарастырылғаны жө­нінде ақпараттар тарап кеткен еді. Баспасөз жиынында осы мәселеге қатысты да ресми жауап берілді.

Білім және ғылым минис­трі­нің қаржы саласына жауап­ты орынбасары Бибігүл Аман­гелдіқызы:

«Еліміздегі шағын жинақты мектептерден басқа оқу ошақ­тары қашықтан оқытуға көшкен көктемдегі 4 тоқсанда да, сон­дай-ақ қазір де жаңа форматты ұйымдастыруға мемлекеттен ешқандай қаржы бөлінген жоқ. Республикалық, жергілікті бюд­жеттен немесе қандай да бір үкіметтік ұйымның қара­жа­тынан қашықтан оқытуды ұйымдастыруға ақша қарасты­рыл­мады. Өткен тоқсанда да, жаңа оқу жылында да барлық жұ­мыстар тек мұғалімдер мен ата-аналардың еңбегімен іске асы­рылып келеді. Сонымен қа­тар 4 тоқсандағы және жаз ай­ла­рындағы әзірленген видео сабақ­тардың бәрі тегін түсірілді», деді.

Бөлісу:
Мұғалімге өтемақы беріле ме? · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар