Қоғам
3 мин оқу 240

Учаскелік инспекторға қолдау керек

<p style="text-align: justify;">Сенат депутаттары Үкімет пен Ішкі істер министрлігіне учаскелік инспекторлардың еңбек жағдайларын қайта қарауды, штат кестесін ұлғайтуды, еңбекақысын көтеруді және өзіне тән емес міндеттерден босатуды ұсынып отыр. Сенаторлар Андрей Лу&shy;кин, Нұрлан Бекназаров және Сұлтанбек Мәкежанов инс&shy;пекторлардың қандай жағдайда қызмет атқаратынын көру және бар мәселелерді талқылау үшін Нұр-Сұлтан қаласындағы №14 және №22 учаскелік полиция пункттерінде болды.</p>

Қолданыстағы нормативтер бойынша бір учаскелік инспекторға қалада – 2300, ауылдық жерлерде 1800 адамнан келуі тиіс. Ал іс жүзінде бүгінде орташа есеппен бір учаскелік инспекторға қалада 4000-ға дейін адам келеді, ауылдық жерлерде 5000-ға дейін жетеді.

«Соңғы кезде елімізде от­басылық-тұрмыстық жанжалдар саны екі есеге жуық өсіп отыр. Бұл техникалық жә­не материалдық базасы нашар, еңбекақысы төмен учас­келік инспекторларға едәуір ауыртпалық және соның сал­дарынан кадрлар көп тұ­рақ­тамайды. Статистика бойынша, учаскелік полиция қыз­меткерлерінің жартысынан азы үш жылдан көбірек уақыт қызмет етеді», – деді сенатор Андрей Лукин.

Сенат депутаттарының ақ­параты бойынша учаскелік инс­пекторлар күн сайын се­лекторлық кеңестерге қатыса­ды. Кейіннен нұсқаулық өт­кізіледі, ол көбінесе күндізгі 11-ге дейін жалғасады. Жал­пы, учаскелік инспекторлар­ды спорттық, мәдени іс-ша­ра­лар, жоғары лауазымды ше­неу­нік­тердің сапарлары кезінде қоғамдық тәртіпті сақ­тау үшін негізгі жұ­мыстан ал­шақтату барлық өңір­лерде қа­лыпты жағдайға ай­налған.

Осылайша, бүгінде учас­келік инспектор өзіне тән емес функцияларды орындауға орта есеппен 14-тен 16 сағатқа дейін уақыт жұмсайды. Бұл оның қажет кезде учаске­де болмауына және алдын алу жұмыстарының жеткілік­сіздігіне әкеледі. Бір учаскелік инспектор бір-бірі­нен едәуір қашықтықта (кейде 70 ша­қырымға дейін), сондай-ақ аудан орталығынан (кейде 400-500 шақырымға дейін) ор­наласқан 3-5 елді мекенге қыз­мет көрсетеді.

Бұл жүктелген міндеттерді сапалы орындауға мүмкіндік бермейді, сондай-ақ  халықтың полицияға деген сеніміне селкеу түсіреді. Соның салдары­нан учаскелік инспекторлар тікелей міндеттерімен тәулігіне 2-3 сағат қана айналысады.

«Учаскелік инспекторлар өте қолайсыз жағдайда, жартылай қираған ғимараттарда, жылу, жарық, табиғи жарық, санитарлық тораптар, қажетті ұйымдастыру техникасы жоқ жерлерде жұмыс істеуге мәж­бүр. Елордадағы жағдай да осындай», – деді Андрей Лукин.

Үш мыңға жуық учаскелік полиция пунктінің 40 пайызында телефон байланысы жоқ, 1700-ден астамы әкімдіктер мен өзге де ұйымдардың ғи­мараттарында орналасқан. Онда күнделікті жұмысты жү­зеге асыру, жеткізілген адам­­дар­ды ұстау үшін қажетті жағ­дайлар жасалмаған. Олар әкімдіктер мен басқа да ұйым­дардың ма­мандарымен бір кабинетте отыруға мәжбүр. Одан бөлек, 1750-ге жуық учаскелік пункт ІІМ мен Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің ақпа­раттық жүйелеріне қосыл­маған, жартысынан көбі жөн­деуді қажет етеді.

Сенат депутаттары учас­келік инспекторларды тұр­ғын үймен қамтамасыз ету мәсе­лесіне де назар аударып, жер­гі­лікті атқарушы органдар мен салалық мекемеден оны оң шешуді сұрайды. Шал­ғай ауылдық аудандардағы инс­­пекторлардың жартысы қызмет орны бойынша тұрғын үймен қамтамасыз етілмеген, бұл жедел әрекет ету үшін ай­тар­лықтай қиындықтар ту­ғызады. Республикалық қам­тамасыз етудегі ІІО басқа қыз­меттерімен салыстырғанда учаскелік инспекторлар мен олардың көмекшілеріне тұрғын үйді жалға алғаны үшін ақы төленбейтінін де атап өткен жөн.

Қызметтік автокөліктің, радиостансалардың, кеңсе тех­никасының жағдайы жақ­сы емес. Ұйымдастыруға қа­тысты көп проблеманың бо­луы учаскелік полиция инс­пек­торларының өз мін­деттерін сапалы орындауына мүмкіндік бермейді. Ал полицияның келбеті мен ха­лықтың оған деген сенімін арт­тыру көбінесе учаскелік инс­пекторларға байланысты.

Бөлісу:
Учаскелік инспекторға қолдау керек · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар