Қаржы
2 мин оқу 490

«Пирамидаға» алдану – соқыр сенімнің нәтижесі

<p style="text-align: justify;">Жыл басынан бері Ішкі істер органдары қаржы пирамидаларын ұйымдастыру мен құру бойынша 217 қылмыстық істі тергеп, 116 істі сотқа жолдады. Бұл туралы министрліктің Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов хабарлады.</p>

«Пирамидаға» алдану – соқыр сенімнің нәтижесі

Онлайн брифингте ай­тыл­ғандай, қазіргі таңда жалпы са­ны 79 күдікті жауапқа тартылуда. Тергеу департаменті түрлі қар­жы пирамидаларына қатысты 13 қылмыстық істі тергеп жатыр.

– Мәселен, «Гарант 24 Лом­бард», «ЕЅТАТЕ Ломбард» жә­не «Тиімді қа­рыз» компания­ларына қатысты жәбір­ле­ну­ші­лерден 17 мыңнан астам шағым түсті. Олар 22 млрд тең­геден астам мате­риалдық залал шеккені анық­талды. Осы ұйым­дардың басшыларына қатысты 32 қылмыстық іс тіркелді, 51 күдікті қыл­мыстық жауапқа тартылуда, 7 күдіктіге іздеу салынды, – деді С.Әділов.

Қаржы пирамидалары туралы қыл­мыс­тық істерді тергеу аясында Қазақ­станнан тыс жерлерде де күдіктілерді ұстау шаралары жүргізілуде. Жақында Ұлт­тық гвардияның арнайы борты Мол­довадан, Ресейден және Қырғызстаннан үш күдіктіні елге алып келді. Қа­зір олар тергеліп жатыр. Бұл үш кү­діктіден құқық қорғаушылар 70 млн теңгеден астам ақша тәркілеген.

Сондай-ақ Qnet компа­ния­сының өкіл­деріне қатысты «Қаржылық (инвес­тициялық) пирамида құру және оны бас­қару» бабы бойынша 20 қыл­мыстық іс тергеліп жатқаны айтылды. Аталған компанияның бас кеңсесі Малайзияда орна­лас­қан. Адамдарды түрлі зергерлік бұйымдар сату арқылы желілік маркетингке тартады. Бастапқы жарнасы 30 доллардан басталады. Қазіргі таңда Qnet алдап соққан азаматтардан 211 арыз-шағым түсті. Материалдық шы­ғын мөлшері 160 млн теңгені құрады. Рес­пуб­лика бойынша 29 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Қазір жедел тергеу шаралары жүргізілуде. Малайзияға халықаралық тергеу тапсырмасы жолданған.

С.Әділов тұрғын үй құры­лы­сын кооператив құру арқы­лы жүргізген кейбір компа­­ниялардың үстінен де қылмы­стық іс қозғалып жатқанын айтты. Мәселен, елордадағы Expo New Life тұрғын үй кешені үлес­керлерінің өтінішімен «Шанг Хи Груп» ЖШС-ның басшылары тергеліп жатыр. Бұл қылмыстық іс бойынша Тергеу департаменті екі эпизод тіркеген, салымшылар шеккен залал көлемі 2 млрд теңгеден асады.

Сол сияқты Маңғыстау облысында «Махаббат» тұрғын үй кешенін салуға байланысты да қылмыстық іс қозғалды. Мұнда 21 үлескер жәбірленуші бар, залал 252 млн теңгеден асады.

– Тергеу тәжірибесі көр­сет­кендей, қаржы пирамидалары – тез байып кеткісі келетін, мол табыс табуға уәде беретін аг­рессивті жарнамаға қарсы тұра алмайтын азаматтарымыздың соқыр сенімінің нәтижесі. Біз тұ­­рақты түрде БАҚ арқылы ха­лық­қа қаржы пирамидалары­на қа­тысты қылмыстық істер тура­лы түсіндіру жұ­мыс­тарын жүр­гіземіз, бірақ бұл – жет­кі­ліксіз. Мұндай ауқымды жұ­мысты мүд­делі мемлекеттік ор­ган­­дар – Ұлттық банк, Қар­жы министрлігі, Ақпарат және қо­ғам­дық даму министрлігі де жүргізіп жа­тыр, – деді тиісті департамент басшысы.

Бөлісу:
«Пирамидаға» алдану – соқыр сенімнің нәтижесі · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар