Әдебиет
3 мин оқу 842

Көзден таса болса, көңілден ұмыт

<p style="text-align: justify;">Муракамидің &laquo;жазушының кітабы өзі өлгеннен соң 30 жылдан кейін қайта басылып шықса, әдебиет тарихында аты қалады&raquo; дейтін сөзі ылғи еске түседі. Ойланатын-ақ шаруа. Жүз жерден тума талант болмасақ, әлгіндей ескертудің үдесінен шығып көр. Оқығаннан он күн өтпей ұмытылып қала беретін шығармалар ығы-жығы. Қаптап жүрген қаламгерлердің арыда М.Әуезов, сәл бері Ә.Нұрпейісов, одан бері Т.Әбдіков және аздаған тағы тағыларымыз болмаса, қайсыбірінің қазығын қайда апарып қадайсың. Әбіш Кекілбаевтың самсаған сансыз саналы ойдан самғап шығатын &laquo;Шыңыраудай&raquo; өлмес өрен шығармасы енді қашан туады, қайдам. Бұл М.Мақатаев, Ж.Нәжімеденов, Т.Молдағалиев және идеалға тиесілі жаңағы сөз.</p>

Көзден таса болса, көңілден ұмыт

Жалпы, алайда деген ай­налаңда жүріп алатын әттең-айдың әңгімесі өз алдына. Мысалы, көзден таса болса, көңілден ұмыт. Бұл өзі ел-жұртты ерте елең еткізіп, етек-жеңін жиып үлгермей жатып, жанбай өшетіндерге байланысты жай. Танылып келе жатқанда тағдырының жазуы – талқаны таусылып қалады. Бара-бара есімдері естен шы­ғады. Сондай бір таланттың бірі – Жәлел Кеттебеков деген жазушы. Мәскеудің Горь­кий атындағы әдебиет инс­титутын бітіргенін, ауыл қа­за­ғы екенін білеміз. Қысқа ғұмыры ел арасында өтті. Бес-алты кітабы жарық көрді. Ешкімге ұқсамайтын соны жа­зуы­мен ерекшеленетін. «Қаш­қын» дейтін тамаша повесі болды. Сол қаламгер қазір ұмыт. Былтыр досы Мар­хабат Байғұт 75 жылды­ғын ұйымдастырыпты. Болған, біткені сол. Оқырман атын да, затын да білмейді, білсе, еміс. Тұтқабай Иманбеков атты жақсы жазушы да жал­пы ұмыт. Кезінде шығар­малары мақталып та жата­тын. Өлеңдеріне Ғабит Мү­сі­репов арнайы мақала жазғанда, түсінбей жазған дейтін, өткірдің жүзі Тоқаш Бердияровты, сыршыл ақын Меңдекеш Сатыбалдиевті айтып жүр­гендер ілуде біреу. Әулиеатада Асқар­жан Сәрсек атты тамаша балалар ақыны болды. Университетте бірге оқыдық. Кейінірек мен Таразға келгенде тағдыр тауқыметінен азып-тозып жүрген. Оны із­деп, тауып, қамқорлығыма ал­ғанмын. Бірақ кенеуі кеткен денсаулық ұзаққа апармады. Алдына қойған айқын мақсаттары бар еді. Бәріне үлгермеді. Мез­гілсіз үзіліп кетті. Соңы үнсіз қал­ды. «Өл­дің, Мамай, қор болдыңның ке­рі». Әу­лиеатада дәл қазір оған тең келер бір­де-бір балалар ақыны жоқ және ен­­­дігі жер­де бола қоюы да неғайбыл сияқты.

Бір кездері аты жап-жақсы шыққан Свет Оразаев деген ақынды былайғылар мүлде ұмытты. Осыдан 20 жыл бұ­рын екенін, әлде одан да арыда ма, бір күні пәтерге екі аза­мат келіп кірді. Еке­уін де көрмегенмін. Жөн сұрағанда бі­реуі Свет болып шықты. Бұрын еш кез­дес­пегенмін. Өлеңдерін оқығаным бар. Қордай ауданының Көкадыр деген ауылының малшы тұр­ғынының қолында соның қо­йын бағып жүр екен. Ақын­ның өңі жүдеу, киімі ескі-құсқы. Қолында қалың «общий тетрадь». «Жа­зып жүрген өлеңдерім», деді. Күт­пеген жағдайдан күйзеліп кетті. Құ­дай-ау, Қазақстанның бір қиырында туып-өскен ақын Қордайдағы біреудің қойын қалай бағып жүр?! Тағдырдың тәл­кегі ме, немене? Құдайдың ісі деп жатамыз. Бұған Жарату­шының қан­дай қатысы бар. Әркімнің не көрсе де, өзінен. Шерағамның бір айтқа­ны бар: «Әбдіжәміл Жұмабаев екеу­міз Мұқағалидың көңілін сұрауға ауру­ханаға іздеп бардық. Тау жақта екен. Сонда ақынның айтқан жалғыз ауыз сөзі: «Көк­­те Құдайға, жерде адамға қояр кінәм жоқ, өзіме-өзім жасадым» депті.

Реті келгенде еске ала кетсем де артық болмас. Ұмы­ты­лып кеткендер орыстарда да кездеседі. Иван Барь­ков деген орыс поэзиясына ан­тиэротикалық классиканы алып келген еді. Бар-жоғы 33 жыл жасаған кеңсе қызметкері. Оның поэзиясына Александр Пушкин сұмдық тәнті бол­ған. Университетте оқып жүр­ген досы, князь Вяземскийге жазған хатында: «Сіз Иван Барьковтың поэзия­сын оқы­ды­ңыз ба, егер оқымасаңыз, ештеңе оқы­мағансыз», деп жазған.

Кемеңгер Пушкин Барь­ковты орыс поэзиясының жа­­ңа тұрпаттағы реформаторы, адамдарды азғындаудан ескерткен ерекше талант деп таныған. Амал не, орыс­тар әсіре ұялшақ қалпында қала берді. Ал Барьков ұмы­тылды.

Еш нәрсесін, ешкімін ұмыт­­пайтын жалғыз халық – ев­рей. Осы ұзын саны 16 миллион ұлттың он алты энциклопедиясы бар деседі. Осы энциклопедияда әлемнің кез келген түкпірінде тұратын еврейдің мекен жайы, қызметі, мейлі ол тас қалаушы, автожүргізуші, қарауыл – бәрі-бәрінің есім­дері қатталған екен. Бұл өзі біз әлі күнге айқайлап ай­ту­ға қаймығатын ұлттық, ұлт­шылдық ұлы ұстанымдары. Өрелі өркениеттің әлемнен шық­қан күллі адамзатқа ор­тақ ке­меңгерлерді бы­лай қой­ғанда, бүгінгі заманның әлем­дік ақы­ны Бродскиі шығып отыр­ған жоқ па?!

Ұмытып кеткен немесе ұмы­­тылып бара жатқан та­­лант­ты ақын-жазушы­ла­рымыздың бірінің аяғы тас­тан тайды, бі­рін мақтау, бірін даттау құрт­ты. Өкінішті. Өкі­ніштісі, өз­дерін өздері өзекке тепті. Ал көзі тірілер оларды өзекке теп­­песе керек. Есімдерін еске сақтау да ендігінің бір шапа­ғаты. Ең­се­сін тіктеп, етегін жа­­уып келе жатқан елі­міздің рухани әлеміне селдетіп болмаса да, тамшылап таңбасын қалдырып кеткен ақын-жазу­шыларымызды есіміз­ден шы­ғарып алмау – бізге парыз.

Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ,

жазушы

Бөлісу:
Көзден таса болса, көңілден ұмыт · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар