Аймақтар
3 мин оқу 344

Шаһар мерекесіндегі шаттық

<p style="text-align: justify;">Қызылордада &laquo;Қала күні&raquo; мерекесі аталып өтіп, бой көтергеніне екі ғасырдан асқан тарихи шаһарда осы күні бірқатар нысан ел игілігіне берілді. Шежірелі шаһардағы шаралар шымылдығы &laquo;Денсаулық саябағында&raquo; ашылды. Жаңа нысанда облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова тұрғындарды мерекемен құттықтады.</p>

Шаһар мерекесіндегі шаттық

– Биыл іргесі қаланғанына 202 жыл толатын Қызылорда күннен- күнге көркейіп келеді. Жаңадан шағын аудандар бой көтеріп, Сырдария өзенінің сол жағалауы да қарқынды даму үстінде. Бүгінгі күнге орайластырылып ашылған «Денсаулық саябағы» облыс орта­лы­ғындағы тағы бір тамаша нысан болады деп сенеміз, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі қайта жаңғыр­тудан өткен «Сыр ана» алаңын да аралап көрді. Абаттандыру жұмыстарын «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС жүргізген алаң­да жаяу жүргіншілер жолы, спорт­тық ойын алаңы және 2 су бұрқақ орналастырылған.

Қала тойы аясындағы айшық­ты шаралардың бірі Жаппасбай батыр көшесі бойындағы №282 мектеп-лицейдің ашылуы болды. Осыдан екі жыл бұрын салына бастаған 200 орындық білім ошағының құрылысын «Ария-Жаңа Астана» ЖШС жүргізіпті. Жаңа мектепте оқушылар сани­тарлық нормаларды қатаң сақтай отырып, II тоқсаннан бастап оқитын болады.

Қос ғасыр жасаған қала мере­ке­сінде биылғы індетте талай жан­­ды ажалдан арашалап алып қал­ған мәртебелі мамандық ие­леріне арналған «Дәрігерлер аллея­сының» ашылу рәсімі өтті. «Жұ­мыс­пен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде Нұрсұлтан Назарбаев даңғылын абат­тандыру жобасы бойынша са­лынған нысанда қала әкі­мі Нұр­лыбек Нәлібаев облыс бас­шысына алдағы уақытта кәсіп­керлерді ұйымдастырып, ойын аттракциондарын орнатып, аллея­ны спорттық, патриоттық іс-шара­лар өткізетін орынға айналдыру бағы­тындағы жоспарларын жеткізді.         

Отыз бес гектар аумаққа ор­на­­ласқан аллеяда веложол, 6 спорт­тық ойын алаңы, аяқ су ка­налы, түнгі жарық шамдары орналасқан. Сонымен қатар 20 717 түп көшет, 61 мың гүл егіліп, 10 450 шаршы метр аумақ абаттандырылды.

Шарада аймақ басшысы Гүл­шара Әбдіқалықова көпбейінді облыстық аурухана­ның кардио­лог дәрігері Ғалымжан Қоразов пен осы мекеме­дегі реабилитация бөлім­ше­сінің меңгерушісі Ға­лия Әбеноваға пәтер кілтін табыстады.

Мерекеге орай ауылшаруа­шы­лық өнімдері жәрмеңкесі ұйымдастырылып, оны аралау барысында облыс әкіміне шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаев әлеуметтік маңызы бар өнімдердің тұрғындарға нарықтағыдан төмен бағамен сатылып жатқанын жеткі­зіп, жәрмеңке желтоқсан айына дейін әр сенбі сайын ұйымдас­тыры­латынын айтты.

Осы күні облыс орталығында мемлекет және қоғам қайраткері, соғыс және еңбек ардагері Ыды­рыс Қалиевтің бюсті ашылды.

Адал еңбегімен ел құрмет тұт­қан қайраткерге айналған азамат рухын ұлықтауға арналған шарада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшер­­баевтың құттықтау жеделхаты оқылып, облыс әкі­мі Гүлшара Әбдіқалықова ел ар­дақ­­тысы жайлы жылы лебізін жеткізді.

Талай қызметті абыроймен ең­серген қайраткер тұлғаның ең­бегі әр кезде лайықты баға­ланып, 2 мәрте Еңбек Қызыл Ту орденін иеленген, «Отан со­ғысы», «Құрмет белгісі», тәуел­сіз еліміздің «Құрмет» орден­де­рімен, бірнеше медальмен ма­рапатталған. Қызылорда облы­сы­ның, қаланың, Қазалы, Арал аудандарының құрметті азаматы атанды, Сыр өңірінің бата­гөйі, ақылман ақсақалы бол­­­­ды. Қала орталығындағы Жел­тоқсан мен А.Тоқмағамбетов көшелері қиы­лысына қойылған қола бюст авторы – Қазақстан Суретшілер одағы­ның мүшесі, мүсінші Аман­келді Кененбаев.

Мерекелік шаралар шеңбе­рінде Сырдария өзенінің сол жаға­лауынан «Нұрлы жер» бағдар­ламасы аясында бой көтерген не­сиелік үйлер пайдала­нуға беріл­ді. Облыс әкімі тұрғындарға пәтер кіл­тін табыстап, қоныс тойымен құт­тықтады. Осы аумақтағы үй­лер құрылысын «Бақ-Береке 2030», «Дәнекер», «Сапақ», және «Ас­тана Сервис ЛТД» компания­лары салған. Бес қабаттан тұратын 200 пәтерлік тұрғын үйдің жалпы ауда­ны 12 мың 619 шаршы метр.

Кейінгі жылдары Қызылорда қаласында 14 жаңа шағын аудан, 7 тұрғын үй кешені бой көтеріп, 10 мыңға жуық қызылордалық баспаналы болды.

Биыл жыл соңына дейін 680 пәтерлік арендалық 14 көпқабатты үй­дің құрылысын аяқтау көзделіп отыр. Жеке инвесторлар қаражаты есе­­бінен 86 пәтерлік 1 көпқабатты тұр­­ғ­ын үйдің құрылысы жүргізілу­де.

ҚЫЗЫЛОРДА

Бөлісу:
Шаһар мерекесіндегі шаттық · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар