Кино
2 мин оқу 372

«Граната» – қылмыс пен жаза туралы киноповесть

<p style="text-align: justify;">Қастандық жасаған адам жазаланбай қалғанын біле тұра әрі қарай жайбарақат өмір сүру мүмкін бе? Өз өліміңе дайындалып, сот залында гранатаның сақинасын жұлып алуға бола ма? &laquo;Қазақфильм&raquo; киностудиясы түсірген шытырман оқиғаға толы &laquo;Граната&raquo; қысқаметрлі фильмінің сюжеті шынайылығы&shy;мен ерекше.</p>

Бір өкініштісі, парақорлық, қылмысты жасырып, жауыр­ды жаба тоқу, танымастай өзгер­ген адами болмыс, ұрда-жық мі­нез-құлық қалыпты саналатын бү­гінгі өмірімізде  дәл осындай трагедиялар мен драмалар аз емес. Көп көкейіне ой са­лар­лық туындының экранға шы­ға­ры­луын Ұлттық киноны қол­дау мемлекеттік ор­талығы мақұл­дады.

Фильмнің негізгі оқиғасы сот­та өтеді. Бас кейіпкері 60 жаста­ғы Айғали атты азамат. Оның әйелі мен баласын сол қайғылы күні көлігіне мас күйінде мінген 25 жастағы Думан атты жігіт қа­ғып өлтірген. Думанның ата-анасы – ауқатты және бай адамдар бол­ғандықтан, сотқа пара бе­ріп, баласын жазалаудан аман алып қалу оларға сөз емес. Кісі өлтірген адамды ақтап шыққан үкіммен келіспеген Айғали сот залында қалтасына тығып әкел­ген гранатаны шығарып, оның cақинасын шешіп, залда отыр­ған­дардың бәрін кепілге алады да, сатқын сот пен прокурорға және қылмыскерге қатысты әділ үкім шығаруды талап етеді. Ашу-ыза кернеген Айғали Ду­ман­ды иен далаға апарып, өлтіруге бел буады. Әйтсе де бір тылсым күш олар­дың ендігі ше­шіміне қарсы тұрады...

«Бұл фильмде біз қандай да бір сұрақтарға жауап бере ала­мыз деп ойламаймын. Ке­рісінше, біз  мұнда көп сұрақ қоямыз. Осын­дай жағдайға тап болған адам не іс­теуі керек? Өз бетімен жазалау әділ­дікке жата ма? Қоғам адамды түсінуі үшін, адамның өзі қандай болуы тиіс? Қайталап айтайын, бұл жобаның сценарисі әрі ре­жис­сері ретінде мен сұрақ­тар­ға жауап бермеймін, мен бұл филь­міммен сұрақ қоямын», дей­­ді фильм режиссері Дәлер Мұрзағалиев.

Қазіргі уақытта фильм ав­торлары кастинг өткізу жұмыс­та­рын пысықтап жатыр. Екін­ші рөл­дерге актерлер іздейді, оған дебю­танттарды да қабыл­дауы мүм­кін. Басты рөлді актер Ер­жан Жарылқасынов сом­дайды. Авторлар бас кейіп­кердің қай­ғы-қасіретін, күйі­гін осы актер жақсы жет­кізе алатынына сенімді. Ұйым­дастырушылардың айтуынша, сценарий қазақ тіліне аударылып жатыр. Алдағы уақытта фильмінің түпнұсқасы қазақ тілінде шығады. Бірақ бейнелі сөз өрнектерінің тұтастығы, мәнерлігі кейінгі фильмдерде сақтала бермейтіндігін, шала­ғай сөз тіркестерінің өріп жүреті­нін ескерсек, аударма жұмысы­ның жауапкершілігі өте маңызды болмақ.

«Бұл қысқаметрлі фильм бол­ғандықтан, біз үлкен про­катқа шығаратынымызға кү­мән­дімін. Негізгі жоспарымыз ретінде бі­рінші жылы –  фес­ти­вальдер­ге, екінші жылы – арнайы көрсе­тілімдерге қатысуды ойлап отыр­мыз. Ал фильмнің соңғы көр­се­тілім орны YouTube ар­насы болады. Осы жоспар бойынша жүрсек, тамаша болар еді», деп атап өтті Дәлер Мұрзағалиев. 

Бөлісу:
«Граната» – қылмыс пен жаза туралы киноповесть · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар