Атырауда жолаушыны балағаттаған таксист 12 күнге қамалды
<p style="text-align: justify;">Танымайтын адамды дөрекі сөзбен балағаттаған жүргізуші 12 тәулікке қамауға алынды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>

«ВАЗ» көлігінің жүргізушісі қала тұрғынын Балықшы кентінен Алғабас ауылына апару үшін такси қызметін ұсынған. Бірақ діттеген жерге жеткенше, жолаушының ар-намысына тиіп, тіпті балағаттап жіберген. Көлік жүргізушісінен мұндай теріс қылықты күтпеген азаматша №1 Атырау қалалық полиция бөліміне шағымдан түсіріпті.
«Аталған шағымға сәйкес полиция аға лейтенанты Ришат Жамелов такси жүргізушісін жедел анықтап, тексеру жүргізді. Көлік жүргізушісі – 46-жастағы азаматқа қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 434-бабы (Ұсақ бұзақылық), 571-бабы (Заңсыз кісі тасымалдау) және 612-бабымен (Жүргізуші куәлігі жоқ) хаттамалар рәсімделді. Сот шешімімен такси жүргізушісі 12 тәулікке әкімшілік қамауға алынды» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.