Саясат
3 мин оқу 362

Қоғамдық кеңестер әлеуетін толық іске асыру керек

<p style="text-align: justify;">Қоғамдағы қордаланған мәселелерді көтеріп, реформаларға бастамашы болып, халықтың талап-тілектерін билікке жеткізіп, соған сай ұсыныстар әзірлеуді мақсат еткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі бүгінде бірқатар түйткілдің түйінін тарқатып, халықтың көкейінде жүрген сұрақтарды шешу жолында жұмыс істеп келеді.</p>

Қоғамдық кеңестер әлеуетін толық іске асыру керек

Кеңес мүшелері бірнеше жұмыс тобына бөлініп, әрқай­сысы өзі жауапты бағытта ұсыныстар дайындап, бірқатар реформаға сеп болды. 10 қаң­тарға белгіленген Парламент Мә­жілісі мен мәслихаттар сай­лауы да жаңа форматта өтпек. Бұл да Ұлттық сенім ке­ңесі шеңберінде қолға алын­ған бас­тамалар негізінде іске асып отыр. Осы орайда «Қазақ­стан Азаматтық альянсы» ЗТБ пре­зиденті Асылбек Қожах­метов сайлау форматын өзгерту бо­йын­ша өз  пікірін білдірді. 

Оның айтуынша, елдегі сая­си жүйені ескере келе, аралас сай­лау жүйесіне көшу керек.

«Өзім мүше болған Саяси мәселелер бойынша жұмыс тобының құрамында бір мәсе­ленің басы-қасында болдым. Яғни сайлауды толықтай про­порционалды жүйеде өткіз­бей, аралас жүйеге қайтып келуді ұсындым. Әріптестерім біздегі саяси жүйенің дамығанын ескере келе, мажоритарлық жүйенің жарамайтынын алға тартады. Меніңше, бұл дұрыс емес. Біздің Парламентте небәрі 3 пар­тия орын алған. Одан бөлек көрініп жүрген тағы 3 партия ғана бар. Бұл өте аз. Сондықтан пропорционалды жүйеге негіз беру дұрыс емес.

Партиялар саны аз болғаны­мен, азаматтық қоғам институттары көп. Ал пропорционалды сайлау жүйесіне азаматтық қоғам араласа алмайды. Оны ескерсек, шет қалатын институттар қаншама. Сондықтан Мәжіліс пен мәслихат сайлауы­на олардың да қатыса алуы­на жағдай жасау керек. Сол кезде ғана мемлекет пен халық ара­сында байланыс тереңдей түсе­ді. Ал азаматтық қоғам бұл ретте билік пен халықты байланыс­тырушы көпірге айналмақ.

Әу баста диалог алаңына айналуы мақсат етілген Ұлттық сенім кеңесі аясында азамат­тық қоғам мәселесін көтеріп жүрген Асылбек Қожахметов бұл ретте азаматтық қоғам партияларға қарағанда билікке ұмтылмайды деген ойды алға тартады.

«Азаматтық қоғам биліктің жұмысына бақылау жасай алатын болса, халықтың белсенділігі, өзін-өзі басқаруға деген ұмтылысы артар еді», деді ол. Оның айтуынша, Қоғамдық ке­ңестің жұмысындағы негіз­гі мәселелердің бірі – азамат­тық қоғамды дамытуға жәрдем­десу. Сонымен бірге қоғамдық кеңестер де азаматтық қоғам­ның айнымас бөлшегі екеніне тоқталып өтті.

«Шын мәнінде, азаматтық қоғам мен қоғамдық кеңестер бірін-бірі толықтырып тұруға негізделген құрылымдар. Сол уақытта қазақстандық қо­ғам әлдеқайда белсенді бола түседі. Мәселен, қазіргі уақытта ми­нистрліктер мен облыстық, аудан­дық әкімдіктер жанында 226 Қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Оның 75 пайы­зы азаматтық қоғам өкілдері. Өкі­ніш­тісі, министрліктер мен әкімдіктерде құрылған қоғам­дық кеңестер қызметінің маз­мұны оларға жүктелген мін­деттерге сай келе бермейді. Қоғам­дық кеңестер өз әлеуетін толыққанды жүзеге асыра алмай жатыр», деді ол.

Асылбек Қожахметов өз сөзінде Ұлттық кеңес қоғамдық кеңестерді шоғырландырушы әрі ынталандырушы құрылым болғандықтан, оның құры­лымын әлі де дамыта түсу керек деген пікір білдірді.

«Жергілікті және аймақтық Қоғамдық кеңестерден сол өңірдегі әлеуметтік хал-ахуалды біліп отыру үшін Ұлттық кеңес­ке қоғамдық сараптамалар керек. Осындай әрекеттер Қоғам­дық кеңес жұмысын жақ­сартудың бір жолы болар еді. Ай­мақтың және салалық Қоғам­дық кеңестің өкілдерін Ұлт­тық кеңестің жұмысына және жұмысшы топтарына тарту керек деп ойлаймын», деді ол.

Сайлау мәселесіне қайтып оралсақ, биыл елімізде алғаш рет партияішілік сайлау, яғни праймериз өткізілді. Сонымен қатар биыл Парламент Сена­ты­ның  жалпы отырысында депу­таттар «Қазақстан Рес­пуб­ли­касындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын қабылдап, нәтижесінде партиялардың сайлау тізімін­де әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық міндетті квота ұсынылды.

Бөлісу:
Қоғамдық кеңестер әлеуетін толық іске асыру керек · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар