Қоғам
3 мин оқу 270

Шекарадан шығарылған шетелдіктер

<p style="text-align: justify;">Көп адамның арасында кім жүргенін құқық қорғаушылардан өзге ешкім тап басып айта алмайды. Ал азаматтығы анықталмағандар жүрсе, не деуге болады? Дәл сондайлар Атырауда да бар екен.</p>

Шекарадан шығарылған шетелдіктер

Ішкі істер министрлігі Көші-қон қыз­меті комитеті төрағасының орынбасары, полиция полковнигі С.Сейітжановтың мәлімдеуінше, қазір елімізде КСРО ке­зеңінен бері құжаттандырылмаған немесе жеке басын куәландыратын құжаты жоқ, төлқұжатын ауыстырмаған азаматтарды анықтайтын республикалық акция өтіп жатыр. Акцияның мақсаты – сондай адамдарды құжаттандыру.

– Атырау облыстық полиция депар­таментінің көші-қон қызметі басқар­масы аталған акция кезінде 12 тұлғаны анық­тады. Оның ішінде КСРО-ның қызыл паспортымен жүрген үш адам анық­­талды. Сондай-ақ Қазақстан Рес­пуб­­ликасының азаматы екенін басқа құжат­пен айқындайтын құжатсыз үш адам бар. Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының азаматтығынан шы­ғуына байланысты азаматтығы жоқ адам деп танылған 1, шет мемлекеттің аза­мат­­тығынан шығуына байланысты аза­маттығы жоқ адам деп танылған 6 тұлға бел­гілі болды, – дейді полиция полковнигі С.Сейітжанов.

Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері рейдтік іс-шаралар кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін шетелдік 1986 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты.

– Олардың көші-қон заңнамасын бұз­ғаны дәлелденіп, 184-і елден шығарыл­ды. Шетел азаматтарына қатысты 49 қылмыс тіркеліп, 43 шетелдік тарапынан қылмыс жасалғаны белгілі болды. Оның көпшілігі Өзбекстан Республикасының азаматтары тарапынан орын алады. Жалпы, түрлі әкімшілік құқық бұзған шетелдіктерден
5 млн теңге өндірілді. Сондай-ақ әкімші­лік жауапкершілікке қазақстандық 10 жұ­мыс беруші тартылды, – дейді облыстық полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.

Оның айтуынша, жыл басынан бері Атырау облысына қоныс аударған ше­­телдіктер саны өткен жылмен салыс­тыр­ғанда 77%-ға азайып отыр. Деген­мен аты­раулық полицейлер шетел­­діктерге па­тент­тер беру яғни жеке тұл­ғаларға жұ­мыс істеуге рұқсат беру арқылы заң­дас­тыру бойынша жұмыстарды белсенді жүр­гізілуде. Жыл басынан полиция қыз­мет­керлері тек Атырау қаласында 50 мың шетелдікке жеке тұлғаларда жұмыс істеуін жүзеге асыруға арналған патенттер рәсімдеген. Олардың басым бөлігі Өзбек­стан елінің азаматтарына қатысты болған.

Ал облыстық полиция департаменті бас­пасөз қызметінің ақпаратына қара­ғанда, шетелдіктер тарапынан әкім­шілік құқықбұзушылық азаймай отыр. Әкімшілік жауапкершілікке тартылған шетелдіктерге одан әрі шаралар қабылдау үшін көші-қон қызметі бөлімдеріне 70-тен астам құжат түскен екен. Мәсе­лен, қылмыстық, әкімшілік құқықбұзу­шылықтардың алдын алу үшін жүр­гізіл­ген шаралар кезінде анықталған ше­тел­діктердің арасында Өзбекстан азамат­тары да бар. Шетел азаматтары тарапынан алкогольдік ішімдік ішіп, қоғамдық орындарда жүру, автокөлікті мас күйде жүргізу, қоғамға қауіп төнді­ретін басқа да құқық­бұзушылықтар жасалған. Азаматтық тәр­тіпте қарау үшін жинақталған құжаттар Атырау қалалық сотына жолданды.

Тәртіп сақшылары түрлі құқықбұзу­шылық жасаған шетелдіктердің тай­раң­дап жүруіне жол берген жоқ. Биыл сот шешімімен осындай теріс әрекетімен танылған шетелдік азаматтардың ел аума­ғынан шығарылуын ұдайы қада­ғалады.

– Құқық бұзған шетелдіктің бірі – 29 жастағы азаматтың көлікті мас әрі жүр­гізуші куәлігінсіз басқарғаны анықталды. Өзбекстан Республикасының бұл азаматы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабының 6-бөлігіне сәйкес 20 тәулікке қамауға алынды. Осы азаматқа қатысты жинақталған құ­жат­­тармен танысқан Атырау қалалық соты 13 қазанда оны депортациялау туралы шешім қабылдады. Өзбекстан елінің та­ғы бір азаматы жақында қоғамдық орында мас күйінде жүргені үшін ұсталды. 1986 жылы туған азаматқа Әкімші­лік құ­қықбұзушылық туралы кодекстің ­440-ба­бының 1-бөлігіне сай, әкімшілік айып­пұл салынып, елден шығару туралы ше­шім шығарылды, – дейді облыстық полиция депар­таментінің баспасөз хатшы­сы Гүл­назира Мұхтарова.

Сот шешімімен кейін Атырау қалалық полиция басқармасының қызметкерлері шетелдіктердің ел аумағынан шығып кетуіне ықпал етті. Сөйтіп шетелдіктерді Түркістан облысының Сарыағаш ауданында орналасқан «Жібек жолы» бақылау-өткізу пунктіне дейін жеткізіп, Қазақстан территориясынан шығару үшін шекара қызметінің қызметкерлеріне тапсырды.

Атырау облысы

Бөлісу:
Шекарадан шығарылған шетелдіктер · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар