Алматыда дәрі-дәрмектер мен маскалардың негізсіз қымбаттауына жол берілмейді
<p style="text-align: justify;">Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифингте Алматы қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұрат Мұхамедияров дәрі-дәрімектер мен медициналық бұйымдар бағасының өсуіне жол бермеу шаралары туралы баяндады, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>

Шілде айының ортасынан қыркүйек айының соңына дейінгі кезеңде құқық қорғау органдары Департаменттің қатысуымен қала бойынша дәріхана ұйымдарына дәрілік заттардың бағасын көтеруге тексеру жүргізді. Департамент ҚР ӘҚБтК-нің 426-бабының 1-бөлігі бойынша жалпы сомасы 28 млн теңгеден асатын 156 айыппұл салды. Сонымен қатар, құқық қорғау органдары тексеру жүргізгеннен кейін бүгінгі күні жағдай тұрақты - соңғы айда дәрілік заттың бағасын көтеруге қатысты бір ғана өтініш келіп түсті. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
"Дәріхана ұйымдары бағаны Денсаулық сақтау министрлігінің бөлшек сауда бағалары туралы бұйрығына сәйкес келтіреді. Сондай-ақ нормативтік құқықтық базаны жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілуде. Осылайша, коронавирус инфекциясын емдеу және алдын-алу үшін дәрі-дәрмектерді бір реттік әкелу рәсімі жеңілдетілді. Дәрілік заттар мен медициналық өнімдер сапасының қауіпсіздігіне бағалау жүргізу мерзімі енді 3 жұмыс күнін құрайды", - деп атап өтті М.Мұхамедияров.
Мұның бәрі дәрілік заттарды қайта тіркеуді тоқтатпау үшін жасалған, сонымен қатар дәрілік заттар мен медициналық өнімдердің жедел сараптамасы қарастырылған.