Білім
3 мин оқу 350

Оқушыларға 21 мың компьютер тапсырылды

<p style="text-align: justify;">Жаңа оқу жылының алғашқы тоқсаны да аяқталып, оқушылар қарашаның 5-інен 14-іне дейін онкүндік демалысқа шықты. Бірінші тоқсанда Қостанай облысындағы 337 мектепте 22 мыңнан аса бала сыныпта білім алды. Бұған қоса ата-аналардың өтініші бойынша 157 мектепте 15 балаға дейінгі кезекші топтар жұмыс істеді. Ал қалған 63 мың оқушы &laquo;Күнделік&raquo;, &laquo;Onlinemektep&raquo;, &laquo;Еdupage&raquo;, &laquo;Zoom&raquo; платформалары бойынша қашықтан оқыды.</p>

Оқушыларға 21 мың компьютер тапсырылды

Қашықтан оқыту кезінде білім сапасын қамтамасыз ету мақ­сатында облыстың білім бас­қармасы жергілікті бюджеттен және үкімет резервінен бөлін­ген 3,8 млрд теңгеге 21 мың компьютер сатып алып, техникалық құ­ралға зәру болып отырған оқу­шылардың қолына уақытша ұстатты. Басқарма бас­шысы Зәу­ре Байменованың айтуынша, биылғы оқу үдерісі барысын­да оқушылар жалпы саны 50 мың­нан аса компьютер пайдаланып отыр. Мұның сыртында таяу­да ғана облыс әкімдігінің ақ­параттандыру және білім сапасын бағалау орталығының мамандары 870 ноутбук қабылдап алып, тексерістен өткізді. Бұл тех­никалық құралдар осы апта ішінде алдын ала жасалған мұқ­таж балалардың тізіміне енген оқушылардың қолына табысталады.

Бірінші тоқсанда кезекші топтардағы негізгі пәндерді бір мұ­ғалім жүргізіп отырды, ал қазақ тілі, орыс тілі, әдебиет, ағыл­шын тілі, дене шынықтыру, көр­кем еңбек, музыка сабақтары қашықтан ұйымдастырылды. Жалпы, кезекші сыныптардағы оқушылар екі топқа бөлініп оқыды. Бұл жағдайда мұғалімдер жүктемесі де екі есе артатыны белгілі. Басқарма мәліметінше, қосымша жұмыс істеген әр мұ­ғалімге нақты неше сағат жүктеме орындағанына байланысты жер­гілікті және республикалық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен қосымша еңбекақы төленген.

Аймақта штаттық режім­де ж­ұ­мыс істеп жатқан мектеп­тер­дегі санитарлық талаптар­дың сақталуы – қатаң қада­ға­лауда. Санитарлық тазалықты қам­та­масыз ету үшін облыстық бюджеттен білім беру меке­мелеріне жеке қорғаныс құрал­да­ры мен дезинфекциялау құрал­дарын сатып алу үшін 30,5 млн теңге бөлінген.

– Балалардың өмірі мен ден­саулы­ғын сақтау мақсатында мектептерде санитарлық қауіп­сіз­дік шаралары жүр­гізілді. Мек­тепке кіріп-шығу, сынып пар­таларында отырып білім алу талаптары күшейтіліп, оны бұл­­жымай орындау барысы күн­делікті қадағалауға алынды. Бі­­рінші тоқсанда күн сайын әр мектептің кіреберісінде медицина қызметкерлері кезекшілік етті. Олар қыз­меткерлер мен оқушы­ларды термо­метрмен тексеріп, қол­дарын, аяқ киім­дерінің табанын дезин­фекциялап, фильтрден өткізіп барып қана мектепке кіргізіп отырды. Облыста қосымша дезинфекциялау құрал­дарын, яғни санитайзерлер, аяқ­киімге арналған дезинфекциялау кілемшелері, термометрлер, ауа рецир­куляторлары, кварц шамдары, антисептиктер мен деохлор сатып алу үшін тағы 206,5 млн теңге қаражат бөлініп отыр, – деді білім басқармасының басшысы.

Оқу жылы басталғалы, әсіресе, ақпараттық платформалардың қызметі күшейіп, оны пайда­лану­шылардың саны еселеп арт­қан. Мәселен, бүгінге дейін «Onlinemektep», «Еdupage», «Zoom» сияқты бі­лім беру платформаларына 361 мың­нан аса мұғалім, 2,5 млн-ның үс­тінде оқушы кіріп, пайдалану­шы­лардың жалпы саны 2,9 млн-ға дейін жеткен.

– 30 мыңнан аса сабақ осы бі­лім беру платформалары арқылы ұйым­дастырылып, 12 мыңнан аса сабақ синхронды, 18 мыңға жуық сабақ асин­хронды түрде өтті. Білім беру плат­формаларының бір ерекшелігі, мұнда мұға­лімдерге сабақты видеоконференция түрін­де онлайн режімде өткізу­ге, онлайн-чат арқылы сынып­пен бірге бір уақыт ішінде жұ­мыс істеуге, үй тапсырмаларын онлайн түрінде тексеруге мүм­кін­дік қарастырылған. Ал асинхронды режімде мұғалімдер өз сабақ­тарын береді. Оны шә­кірт­­тер қалаған уақытта қа­рап, меңгере алады. Сондай-ақ ұс­­таздар балалардың оқу ал­го­рит­мін сипаттайтын маршрут парақшаларын жасайды. Аталған платформаларда оқу­шылардың білімін бағалау, сы­ныптың сабақ үлгеріміне мониториг жасау, өтілген тараудан алған білім мен тоқсандық бі­лімді қорытындылау мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар оқушы аталмыш платформалар ар­қылы онлайн-жаттығулардың орындалу жолдарымен танысып, күнделікті сабақ барысында үйде орындаған тапсырмасы үшін қан­дай баға алғанын қада­ғалай алады. Әрине, бастауыш сынып оқушылары қашықтан оқу барысында ата-аналарының көме­гін қажет етеді, – деді З.Әнуар­бекқызы.

Бірінші тоқсанда облыс мек­теп­­­теріндегі оқу үдерісі ұйым­дас­қан түрде, жоспарлы режім­де жүзеге асы­рылған. Алайда көп­шілік ата-аналарды оқу жылы­ның екінші тоқсанында оқы­ту қалай ұйымдастырылады деген ой толғандырады. Басқарма басшысы бұл сауалға «Барлығы аймақ­тағы санитарлық-эпидемио­ло­гиялық жағ­дайға байланысты. Өңір­де ахуал ушы­ғып бара жатса, білім беру мекеме­лері қашық­тан оқыту форматына көшуі мүм­кін. Оқу түріне қатысты мәселе – Ден­саулық сақтау министрлігінің құзыретінде», деп жауап берді.

Қостанай облысы

Бөлісу:
Оқушыларға 21 мың компьютер тапсырылды · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар