Экономика
3 мин оқу 860

Картоп еккеннің қалтасы толады

<p style="text-align: justify;">Етек-жеңі жиылған 2020 жылға Алматы облысының диқандары дән риза. Қазір аймақта ауылшаруашылық дақылдарын жинау толық аяқталып, қамбаға түскен өнімге тоқмейілсіп қарайтын сәт туды. Нәтиже ойдағыдай. Шаруаның көңілі тоқ.</p>

Картоп еккеннің  қалтасы толады

Жалпы, биыл өңірде ауыл­шар­уа­шылық дақылдары егістігі 7 мың гек­тарға кеңейіп, 969 мың гектар­ға жетті. Оның ішінде қант қызыл­ша­сы­ның алқабы 16 мың гектарға, жү­гері 87 мың гектарға ұлғайған. Осы санатта ел аузын­да «екінші нан» атан­ған картоп өсіру де ілгерлеп келе­ді. Мә­ліметке сүйенсек, қазір облыс­тың кар­топ өсірумен айналысатын шар­уа­шылықтары 790,1 мың тонна өнім жинап, әр гектарға шаққандағы өнім­ділікті 196 центнерге жеткізген. Ал егіс алқабының көлемі 40,3 мың гек­тар­ға ұлғайған. Түсім де өткен жылға қа­ра­ғанда ілгері.

Бүгінде қарқын ала бастаған картоп шаруашылығымен 17 аудан мен 2 қаланың шаруалары айналысады. Бірақ отандық сауда нарығында брендке ай­нал­ған Нарынқолдың картобы әлі де даңқынан ажыраған жоқ. Райымбек ауда­нындағы картоп өсіру ісі бір жыл­­дары тоқырауға ұшырағаны рас еді. Кейінгі үш жылдың жүзінде бұл сала­ға қайта жан бітті. Қазір Нарынқол то­пы­ра­­ғында өскен «екінші нан» облыс­тан асып, республика көлеміндегі картоп өнімділігі бойынша табысқа жетіп отыр. Егіс көлемі де күрт өсе бастаған. Мысалы, 2018 жылы ауданда 5,6 мың гек­тардан 111,8 мың тонна өнім жиналса, 2019 жылы егіс аумағы 6 мың гектарға жетіп, түсім 125 мың тонна болды. Биыл да 6 мың гектарға түйін көм­ген нарынқолдық шаруалар 130 мың тонна картоп жинады. Өнімнің ор­та­ша түсімі гектарына 215,2 центнерден айнал­ды.

Өңірдегі картоп өсіру ісінің кең қанат жаюына мемлекеттік қолдаудың оң әсе­рі тигені анық. Мәселен, 2018 жылы «Алматы облысының Райымбек ауданында картоп сорттарын жаңарту үшін элиталық тұқым сатып алу» атты арнайы жоба әзірленіп, «Жетісу» әлеу­меттік кәсіпкерлік кор­порациясы арқылы 112,6 млн тең­ге қаржы бө­лін­ген. Бұл қаржыға Нидер­ландтан кар­топтың «Санте» және «Агрия» сорттарының элиталық тұ­қым­да­ры­ның 238,9 тоннасы сатып алынып, Райымбек ауданының «Өркен» шаруа қожалығына қарасты 70 гектар алқапқа себілген болатын. Сол сияқты 3 сервистік-да­йын­дау орталығы құ­ры­лып, оларға жалпы сомасы 430 млн теңге болатын 214 бір­лік арнайы техника сатып алынды. Оның ішінде то­пы­рақ өңдейтін, себетін, жинайтын және тиейтін техникалар, тракторлар, та­сымалдау техникалары бар.

Нәтижесінде, 2018 жылы ауданда 2100 тонна І репродукциялы тұқымдық картоп жиналды. Ал 2019 жылы егістік көлемі 607 гектарға ұлғайтылып, оның 17 гектарына тағы Голландиядан алын­ған элиталық тұқым себілсе, қалған алқап­қа осы топырақта өнген репродукциялы тұқым егіліпті. Күзде бұл жерден 16 740 тонна картоп алынған.

Жалпы, биыл Алматы облысындағы картоп егілген алқаптардан жиыны 790 мың тоннадан асатын өнім алынып, орта­ша түсім 196 центнерден айналды. Ал аймақтағы егістік көлемі 40,3 мың гектарға жетті. Мұндай нәтижеге жетуге картоптың жоғары өнімділікті сорт­тарын қолдану мен заманауи техникаларды пайдалану ықпал екені сөзсіз. Яғни, картоп шаруашылығын дамыту мен картопты өндірістік деңгейде өсіру ісі об­лыста одан әрі жалғаса бермек.

Алматы облысы

Бөлісу:
Картоп еккеннің қалтасы толады · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар