Аймақтар
2 мин оқу 311

Спорт нысандары көбейді

<p style="text-align: justify;">Жамбыл облысында 359,3 мың адам дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысады. Бұл тұрғындардың 31,7 пайызы. Биыл аталған салада 120 жоба іске асырылып, нәтижесінде спортпен шұғылданушылар саны 10 460-қа жетеді деп күтілуде.</p>

Спорт нысандары көбейді

Бұл туралы кеше Жамбыл облысы әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының бас­шысы Нұрбол Жүнісбеков Өңірлік коммуникация­лар қызметінің ақ­парат алаңында өт­кен брифинг барысында баяндап берді.

– Облыс бойынша 2594 спорт нысаны тұрақты түрде халыққа қызмет көрсетсе, оның ішінде, 23 дене шынықтыру-сауықтыру ке­шені, 17 стадион, 1 спорт сарайы, 436 футбол алаңы, 652 спорт зал, 1429 спорт алаңшасы және 36 басқа да нысандар бар, – деді спикер өз сөзінде.

Сонымен қатар облыстың бас спортшысы Нұрбол Әбдіма­жи­тұлы халықты спорттық ин­фрақұрылыммен қамтамасыз ету арқылы дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғыл­данушылар санын арттыру мақ­сатында арнайы индикатор енгі­зілгенін, бағдарлама аясын­да 2020 жылы 120 жо­ба, оның ішінде 13 дене шы­нық­тыру сауықтыру кешен­дерінің құрылысы, 2 нысанда күрделі жөндеу, 1 нысанда қай­та жаңғырту, 12 нысанда ағымдағы жөндеу және 92 спорт алаңшасын орнату жұмыстары іске асырылып, нәтижесінде шұғылданушылар саны 10 460 адамға артатынына да тоқталды.

Тараздың балмұздағы

Облыс орталығында «Им­перия» ЖК балмұздақ шыға­ратын цехының құрылысы аяқталуға таяу. Бұл жобаны жүзеге асы­руға жергілікті атқарушы ор­ган­дардың қолдауы көп болды.Жуырда Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев осы цех­қа арнайы барып, техноло­гиялық желімен танысты. Цех басшысы Патохберди Тали­пов цех іске қосуға дайын тұр­ға­нын, инфрақұрылымды жүр­гізу мәселелерін шешу қажет екенін айтты. Өңір бас­шы­сы оған жан-жақты қолдау көрсетілетініне сен­дірді. Ол кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына тиісті тапсырма жүктеді.

– «Бизнестің жол карта­сы-2025» бағдарламасы шең­берінде облы­сымызға ауқым­ды қаржы бөлінуде. Мәселе жоба­лардың аздығында болып отыр. Бизнес-идеяларды қолдау үшін барлық мүмкіндіктер бар. Тек мәселелерді дер кезінде көтере білу керек, – деді облыс әкімі.

Жоба құны 800 миллион теңгені құрайды. Қуаты тәулігіне 8000 тонна тәтті өнім шығаруға шақталған. Мұнда балмұздақтың 30 түрін шығару жоспарлануда. Серіктестіктің басқарушы директоры Ра­хат­ Әшімовтің айтуынша, кә­сіпорын­да жүзден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

– Жазда үздіксіз өнім өн­діруге мүмкіндік бар, – дейді ол.

Өнім шығаруға қажетті сүт ши­кізатын жақын маңдағы шаруалардан алуға ниетті. Айта кетейік, қазір «Империя» ЖК шұжықтар мен кондитерлік өнімдерді сақтаумен және тасымалдаумен айналысады.

Жамбыл облысы

Бөлісу:
Спорт нысандары көбейді · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар