Медицина
3 мин оқу 190

Медицина саласына тың серпін береді

<p style="text-align: justify;">Бүгінде коронавирус індетінің алдын алу үшін елімізде тиісті жұмыстар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар қауіпті індетке қарсы отандық вакцина шығару қазіргі кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақылауында. Бұл орайда қазір Жамбыл облысында Биологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми-зерттеу институтының жанындағы отандық иммундық препараттар шығаратын зауыттың құрылысы қарқынды жүргізілуде.</p>

Медицина саласына тың серпін береді

Қордай ауданы Гвардейский ауылында орналасқан аталған зауыт Президент тапсырмасына сәйкес салынуда. Бұл жоба тұрғындардың өмірін қауіпті індеттен қорғау мақ­сатында қолға алынып отыр. Зауыт­тың құрылыс-монтаждау жұмыста­ры осы жылы аяқталады. Қазіргі уақытта нысанға барлық инженерлік коммуникациялар желісі жүргізілген. Бұл жерде жұмысқа 145 адам күші мен 30 бірлік техника тартылған. Зауыт өз жұмысын келесі жылдың бірінші тоқсанында бас­тайды деп жоспарлануда. Мұнда әлемдік стандарттарға сәйкес им­му­но­биологиялық препараттар, оның ішінде коронавирус індетіне, тұмауға, туберкулезге, бруцел­лезге, нодулярлық дерматитке және бас­қа да инфекциялық ауруларға қарсы вак­циналар шығарылады. Жыл сайын био­препараттардың 30-60 млн дозасын өндіру жоспарланған.

Қазіргідей күрделі кезеңде мемле­кеттің қолдауы медицина саласына тың серпін беруде. Нәтижесінде, өңірде қауіпті індетпен күрес күшейген. Індеттің қайталануы ық­тимал екінші кезеңіне де дайындық басталып кетті. Кезінде перинаталдық орталық болған ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, бүгінде Тараз қалалық көп­бейінді ауруханасы болып қайта жаб­дықталған. Аталған мекемеге 200 медициналық көп­функционалды төсек, компьютерлік томо­граф, 20 өкпені жасанды желдету ап­параты, 2 дефибриллятор, қандағы газ­дар мен электролиттерді анық­тайтын автомат­тандырылған анализатор, оттегі стансасы және 30 реанимациялық төсек сатып алынған.

Облыстық денсаулық сақтау бас­қар­ма­сының басшысы Әсет Қа­лиевтің айтуынша, өңірде инфек­циялық станционардан бүгінде 4 149 адам сауығып шыққан. Алайда осы уақытқа дейін тәулігіне 10 адам қауіпті індетті жұқтырған болса, әзірге сол көрсеткіш қайталануда. Коронавируспен күресте жер­гілікті бюджеттен қомақты қара­жат қарастырылған. Мәселен, меди­циналық мақсаттағы құрал-жаб­дықтар­ды сатып алуға 1,6 млрд теңге бөлінген. Ол қа­ражатқа 2 экстрокорпаралды мембран­ды окси­генация аппараты, 100 көпфунк­цио­налды кереует, 14 өкпені жасанды желдету аппараты, 4 цифрлы рентген ап­параты, 4 оттегі стансасы және тағы да бас­қа меди­циналық жабдықтар алынуда. Со­нымен қатар республикалық бюджеттен Жам­был облысының жедел жәрдем стансасына 66 медициналық көлік лизинг бойынша берілген. Осы уақытқа дейін өңірдегі жедел жәрдем көліктерінің тозығы жеткені туралы түрлі деңгейде мәселе көтерілген болатын. Ен­ді сол олқылықтың орны толып, жедел жәр­дем көліктері де жаңартылды.

Сондай-ақ бүгінде 53 өк­пені жасанды желдету аппараты, 8 жылжыма­лы ме­ди­циналық кешен алынған. Бас­қар­ма бас­шысы қазіргі кезде өңірдегі 78 меди­ци­на­лық ұйымға 6 млрд теңге көлемінде дәрі­лік заттар мен медициналық бұйымдар жет­кізілгенін айтты. «Ал медициналық ұйым­дар бойынша айтар болсақ, олардың 34-і басқармаға қарайды. Сонымен қатар 35 ұйым – жекеменшік, қалған 9 ұйым – әскери-медициналық ұйымдар. Аталған ­
6 млрд теңгенің 1,1 млрд теңгесі корона­ви­рус індетімен ауырғандарды емдеу және алдын алу үшін дәрілік заттар мен меди­ци­налық бұйымдар алуға арналған», дейді Ә.Қалиев.

Ал қазір медициналық бұйым­дар­ды ірі жеткізушілердің бірі саналатын «Super-pharm» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің зауыты да қауіпті індетпен кү­реске өз үлесін қосуда. Аталған нысан елі­міздің Үдемелі индустриялық-иннова­ция­лық дамыту бағдарламасы аясында 2011 жылы пайдалануға берілген. Облыс орталығының іргесіндегі Жамбыл ауданында орналасқан кәсіпорынның өн­дірістік қуаты жылына шамамен 200 млн медициналық мақсаттағы бұйым шы­ға­руға жетеді. Өндіріс орнында 480 адам жұ­­мыс істейді. Енді жыл соңына дейін жұ­мыс­­шылар санын 600-ге дейін арттыру жос­­парлануда. Кәсіпорын бір реттік мас­­калар, бір реттік төсектік орын жапқыш-жиын­­тықтарын, бахилалар, комбинезон­дар мен бас киімдер, операциялық халат­тар секілді барлығы 300-ге жуық бұйым тү­рін шығарады.

 

Жамбыл облысы

Бөлісу:
Медицина саласына тың серпін береді · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар