«Күткен дұрыс»: Алматылық дәрігер тұрғындарға кеңес берді
<p style="text-align: justify;">Алматылық дәрігерлер тұрғындарға эпидемиологиялық жағдайдың құбылмалы кезеңінде қырағы болып, жеке бастың гигиенасын сақтауға кеңес берді, деп хабарлайды <a href="https://egemen.kz/">Egemen.kz.</a></p>

«Әлемде эпидемиялық жағдай ушығып барады. Бүгінгі күнгі тәулігіне ауру жұқтырып, сырқаттанғандардың ең көп саны АҚШ-та – 217 мың адам, Түркияда – 33 мың адам, Үндістанда – 26,5 мың адам, Германияда – 18,3 мың адам, сондай-ақ бірқатар елдерде – тәулігіне 10 мыңнан 15 мың адамға дейін тіркеледі», деді Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова.
Айтуынша, аурудың кезекті рет өсу қарқынына әсер ететін бірқатар себеп бар: біріншіден, індеттің алғашқы толқыны кезінде алынған иммундық қабаттың аздығы.
Екіншіден, бұл елдерде халық карантиндік режимге жауапсыз қарайды, ол көптеген елдерде әртүрлі жаппай демонстрациялар мен наразылықтар өтеді.
Үшіншіден, вирустың жоғары патогенді «еуропалық» штамының таралып жүруінен болуы мүмкін.
Соған байланысты маман алматылықтарға эпидемияның құбылмалы жағдайында қырағылықты жоғалтпау және босаңсымау керек деген кеңес айтты.
«Қалалық билік қабылдаған барлық шектеу шараларын сақтау қажет. Тыйым салынғанына қарамастан, халықтың әртүрлі жаппай іс-шаралар – үйлену тойлары, мерекелік іс-шаралар, еске алу және басқаларын өткізіп жатқаны, сондай-ақ, жұқтыру қаупі өте жоғары қалалық қоғамдық көліктердегі халықтың жайбарақат жүретіні жасырын емес. Барлық жерде бетпелердің қалай болса солай қолданылатыны байқалады», деді ол.
Айтуынша, қаладан тыс сапарға шығуды халықта иммунитет пайда болатын жаппай вакцинацияға дейін күткен дұрыс. Қажет болған сапар барысында бетперде тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтау керек.