Елбасы
2 мин оқу 1,587

Елбасы «Тәуелсіздік жолын жалғастырар ұрпақ» атты форумға қатысты

<p style="text-align: justify;"><span lang="KZ" xml:lang="KZ">Форумда &laquo;Ел үміті&raquo; бастамасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтіп, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында оңалту орталықтары ашылды.</span></p>

Жиында сөз сөйлеген Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап мемлекет әрдайым бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеуге ерекше мән беріп келе жатқанын атап өтті.

– Жастар жылының аясында дарынды балаларды қолдау үшін «Ел үміті» бастамасын ұсынған едім. Сонымен қатар тағы бір маңызды бастаманы – «Қамқорлық» жобасын жүзеге асыруға кірістік. Бүгін біз осы бастамалардың нәтижелерімен таныстық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Қазақстанның Тұңғыш Президенті қарқынды әрі маңызды өзгерістер жағдайында қоғам үшін ең маңызды міндет елдің одан әрі дамуына негіз қалыптастыру екенін айтты.

– Қазақстан жастары жаһандық өзгерістердің алғы шебінен көрінуге тиіс. Интеллектуалдық әлеуеті зор дәл осы жастар батыл идеялар мен бастамаларды іске асыруға жол бастайды, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев «Ел үміті» жобасы интеллектуалды және шығармашылық даму, ұлттық мәдениет пен дәстүрлерді тану және мұқтаж жандарға көмек көрсету жолында елдің белсенді жастарының басын біріктіргенін атап өтті.

Сондай-ақ Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Мың Бала» ұлттық олимпиадасының нәтижелері мен өзгерістерді қадағалау бойынша сала менеджерлерін оқыту бағдарламасының жүзеге асырылу барысына тоқталды.

Сонымен қатар Елбасы «Қамқорлық» бастамасын жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды.

– Бүгін ауруханалар жанынан оңалту орталықтарының және елдің сегіз өңіріндегі мектептер жанынан инклюзивті қолдау кабинеттерінің ашылуы ең жақсы құрал-жабдықтарды қолдана отырып, жыл сайын бес мың бала үшін әлемдік әдістер бойынша ақысыз кешенді оңалтуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Қамқорлық» орталықтарының моделі қолжетімді оңалту ісін дамытудың жақсы үлгісі екенін атап өтті.

– Бұл бастаманы қолдағаны үшін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына, Үкіметке және әкімдіктерге алғысымды білдіремін. Сонымен қатар 2021 жылы өңірлерде тағы жеті орталықтың ашылуына және Алматы қаласында екі орталықтың қайта құрылуына қолдау көрсетулеріңізді сұраймын. Сондай-ақ мен барлық өңірлерді әр ауданда осындай орталықтар ашуға және бұрынғыларын жаңартуға шақырамын. Осы арқылы біз мүмкіндігі шектеулі балаларды және олардың отбасыларын қолдау аясын кеңейтеміз, – деді Елбасы.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев жастарды Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосуға шақырды, сондай-ақ форумға  қатысушылардың барлығын келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

Бөлісу:
Елбасы «Тәуелсіздік жолын жалғастырар ұрпақ» атты форумға қатысты · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар