Руханият
2 мин оқу 2,200

Талантты суретші, талапты ұстаз

<p style="text-align: justify;">Әйгілі суретші, әлемдік бейнелеу өнеріне кубизм бағытын әкелген қылқалам шебері Пабло Пикассо: &laquo;Суретші көргенін емес, сезінгенін бейнелейді&raquo; деген екен. Осындай талантты жастың бірі &ndash; Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақжар ауылы &laquo;Балалар өнер мектебінің&raquo; ұстазы, суретші Еркебұлан Жәкішев.</p>

Талантты суретші, талапты ұстаз

Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін бейнелеу өнері және графика мамандығымен тәмамдаған жас азамат дәл қазір шәкірт тәрбиелеумен қатар, шығармашылық жұмыспен айналысып жүр. Суретшінің ой-қиялынан туған картиналары әртүрлі тақырыпты қамтиды. Атап айтқанда, натюрморт, портрет, пей­заж, сонымен бірге тірі жан иелерін бей­нелейтін анималистік бағыт пен белгілі бір тарихи оқиғаларға арналған көркем туын­дылар жазуда.

Қылқалам шеберінің негізі ерекшелігі – оның еңбектерінің бояуы қанық, ком­позицияға бай, сонымен қоса адамның жан дүниесіндегі рухани толқыныспен үндестік табатын нәзік сезімге құрылған, ортаны түйсіну, сезіну арқылы жараты­лысқа басқаша көзбен қарайтын өнер иесі. Оның еңбектерімен танысқан танымал суретші Қоңыр Мұқамәдиев «бұл жігіт бейнелеу өнеріндегі креативті идеясы бар талантты суретшілердің бірі» деген екен.

Еуразия дизайнерлер одағының мү­шесі Е.Жәкішевтің көптеген кар­тина­сы Өскемен қаласындағы өнер мұра­жайы мен Семейдегі Невзоровтар мұра­жайларында сақтаулы тұрса, атқарған еңбегі үшін облыстың «Үздік педагогы» атанумен қатар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен байқаудың жүлдегері атанғаны бар.

Суретші-ұстаздың шәкірттері 2018 жылы өткен халықаралық «Golden Stars» таланттылар фестиваліне қатысып, үздік­тер қатарынан көрінсе, Еркебұлан Мәуіт­ханұлы дүниежүзілік бейнелеу өнеріне қосқан үлесі үшін арнайы мара­патқа қол жеткізіпті. Сол сияқты, екі жыл бұрын «Ал­тай – Қазақстан жауһары» атты рес­пуб­ликалық пленэрдің үздік сертификат иесі атанған.

– Жоғарыдағы шаралар өлкенің сурет өнерін өркендетіп, шалғай ауданда таланттар шоғырын қалыптастыруға үлкен әсер етті. Сонымен бірге ұлттық рухани не­гізге толы этнографиялық этюдтерді бей­нелеудің қыр-сырын үйрендік, – дейді ұс­таз-суретші.

Қазіргі таңда талантты суретші, талапты ұстаз жасөспірімдерге сурет өнерінің қыр-сырын үйретумен бірге, жас талант­тарды ұштау үшін тынымсыз еңбек етуде. Оның шәкірттері жасаған «Менің елім – тәуелсіз Қазақстан», «Елбасы мәр­те­бесі – ел мәртебесі», «Ата-баба мұра­ла­рын сақтаймыз және көбейтеміз», «Эко­­логия планетасы» тақырыбындағы еңбектері жасөспірімдер арасында өткен республикалық, облыстық көрмелердің жүлдесін алып жүр.

Бөлісу:
Талантты суретші, талапты ұстаз · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар