Қалыпты жағдайда өтті
<p style="text-align: justify;">Сайлау күні Ақтөбе облысында 517 сайлау учаскесі қызмет көрсетсе, оның 162-сі Ақтөбе қаласында орналасқан. Еліміздегі маңызды саяси науқан өтетін күні Ақтөбе облы­сының 562 351 тұр­ғыны дауыс береді деп күтілген еді.</p>

10 қаңтар күні барлық сайлау учаскелерінде сайлау қалыпты өтті, тұрғындар өздері тіркелген мекенжайлары бойынша учаскелерге келіп, кідіріссіз дауыстарын беріп жатты. Бұл күні облыс орталығындағы бірнеше сайлау учаскесінде саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер филиалдарының, ТМД мен ЕҚЫҰ байқаушылары да болғанын айта кеткен жөн.
Сайлау учаскелерінде санитарлық-эпидемиялық талаптар қатаң сақталды. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне ыңғайлы болуы үшін барлық сайлау учаскелерінің кіреберісіне пандустар орнатылып, арнайы есік тұтқалары салынып, маңызды ақпараттар топтастырылған мониторлар орнатылды.
COVID-19 коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында барлық учаскелерде бұл күні медицина қызметкерлері мен еріктілер кезекшілікке шығып, дауыс беруші азаматтардың әлеуметтік арақашықтықты сақтауын және олардың бетперде киюін қатаң бақылады. 10 қаңтарда өңірдегі барлық сайлау учаскелерінде тәртіп бұзғандар мен басқа да өрескел жағдайлар тіркелген жоқ. Сайлау қалыпты өтті деп айтуға болады.
Ақтөбе облысы