Аймақтар
2 мин оқу 223

Сахна саңлақтарынан сабақ алады

<p style="text-align: justify;">Сахналық өнердің сырына үңілсем дейтін алматылық оқушылар үшін жаңа мүмкіндік ашылды. Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы дарынды өрендер үшін &laquo;Хор вокалы&raquo; үйірмесін ұйымдастырып отыр. Ең қызығы &ndash; жас талапкерлер халықаралық деңгейде өнер көрсетіп жүрген сахна саңлақтарынан сабақ алады.</p>

Сахна саңлақтарынан сабақ алады

Үйірмеге дауыс ерекшелігіне қарай іріктелген 7 мен 14 жас аралы­ғын­дағы мектеп оқушыларының қаты­суына болады. Музыкаға талабы бар жастарды хор өнеріне баулу мақ­сатында жоспарланған бірегей жобада Орталық Азиядағы алғашқы және ең ірі хор ұжымы саналатын Б.Байқа­дамов атындағы мемлекеттік хор капел­ласының білікті мамандары тәлім бермек. Кәсіби музыканттар ха­лық әндерін үйретумен қатар, хор жанрының қыр-сырымен жан-жақты таныстыру арқылы жастардың мәде­ниет пен өнерге деген ынтасын оятып, олардың рухани дамуына ықпал етуді көздейтіндерін айтады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Өске­лең ұрпақтың спорттық және шы­ғар­машылық әлеуетіне аса назар аудару қажет. «Балалар үйірмесі» қыз­метін қайта қалпына келтірген жөн. Онда жастарымыз қолөнердің және шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысар еді. Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төк­пелі заманда олардың күш-жі­гері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды» деп ел ертеңі саналатын өскіндерді өнерге баулудың арнасын кеңітуді тап­сырған еді. Іргелі өнер ұжымы ретінде жастардың шығармашылық әлеуетін дамытып, кәсіби білім алуына негіз болғымыз келді. Үйірмені ұйымдастырудағы мақсатымыз осы, – дейді Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филар­мониясының директоры Таир Қаратаев.

Алдағы күндері Б.Байқадамов атын­­дағы мемлекеттік хор капел­ласының бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Бейімбет Демеуов үйір­меге қатысуға өтініш білдірген жас­өспірімдер арасында тыңдау өткізіп, таңдау жасайтын болады. Сонымен қатар аталған үйірмеде арнайы дайын­дықтан өткен дарынды балаларды іріктеп, олардың қатысуымен келешекте филармонияның үлкен сахнасында концерт қою жоспары қарастырылған.

Бүкілодақтық байқаудың лауреа­ты атанған Мемлекеттік хор капел­ланың репертуарына хорға өңделіп түсі­рілген халық әндері, сондай-ақ шы­ғармалардың ірі түрлері – сюита, поэма, кантата және ораториялар енген. Шығармашылық әлеуеті бай ұжым­­­ның кәсіби орындау шеберлігі жас та­лапкерлерді қанаттандыратыны сөзсіз.

АЛМАТЫ

Бөлісу:
Сахна саңлақтарынан сабақ алады · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар