Электронды қызмет көрсетуге көшті
<p style="text-align: justify;">Мемлекеттік қызмет іс­тері агенттігінің Ақ­мола облыстық департаменті 2020 жылы атқарылған жұмыстардың қоры­тын­дысы туралы хабарлады. Департамент өткен жылы халыққа көрсетілген мем­лекеттік қызметтің 94,8 пайызын электронды түрде ұсыныпты.</p>

Есептік кезеңде облыстың мемлекеттік органдары халыққа барлығы 6 млн 342 918 мемлекеттік қызмет көрсеткен. Мемлекеттік қызметтерді көрсету басқармасының бас маманы Қанат Айтымовтың айтуынша, 2019 жылмен салыстырғанда былтыр көрсетілген қызметтер саны 22 090-ға артыпты.
Қағаз түрінде мемлекеттік органдар 116 811 қызмет ұсынды. Азаматтардың мемлекеттік органдарға қызмет алу үшін жүгіну мөлшері 71 пайызға төмендеді.
– «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиалдары арқылы 287 811 мемлекеттік қызмет ұсынылды. Яғни жұртшылық тарапынан түсетін өтініштер де 56,2 пайызға азайды деуге болады. Себебі сұралатын анықтама, басқа да қағаздар айтарлықтай азайып келеді, – деп хабарлады агенттіктің Ақмола облыстық департаменті.
Egov.kz порталы және оның сервистері, сондай-ақ мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арқылы электронды түрде көрсетілетін қызметтерді алу үшін мемлекеттік органдарға азаматтардың жүгінуі үлесінің артқаны байқалады. Есепті кезеңде мемлекеттік органдармен электронды түрде 5 938 296 мемлекеттік қызмет көрсетілді, бұл 94,8 пайызды құрап отыр. Осылайша, 2019 жылмен салыстырғанда көрсетілген қызметтер саны 9,3 пайызға ұлғайды.
Қ.Айтымовтың айтуынша, карантин кезінде Мемлекеттік корпорация тек қана қызмет алушының келуін талап ететін қызметтерді ұсынды. Тіпті осы қызметтерге қол жеткізу үшін алдын ала жазылу тәртібі енгізілді. «Өзіне өзі қызмет көрсету секторы» жеңілдетіліп, азаматтарға онлайн түрде кеңес беру қызметі ұйымдастырылды. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін мемлекеттік қызметтерді қағаз және электронды түрде көрсету үшін арнайы терезе жұмыс істеді.