Жаңалықтар
2 мин оқу 730

ҚЫРҒЫЗСТАН АЛҒЫС АЙТАДЫ, КӨМЕК СҰРАЙДЫ

Қырғыз Республикасы Уақытша үкі­метінің төрайымы Роза Отунбаева Ел­­басы Нұрсұлтан Назарбаевқа  жеделхат жолдап, онда Қырғызстандағы ахуалды  реттеудегі баға жетпес көмегі мен жәр­де­мі үшін ел халқының атынан шынайы ризашылығын білдіріп, бірқатар мәсе­ле­лер­ді шешуге Қазақстаннан көмек көр­се­туді сұрады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.<!--more-->

“Сіздің тікелей қатысуыңызбен Қырғызстандағы қатерлі де шиеліністі ахуалды реттеу мүмкін болды, қазір елдің құқықтық арнаға нақты бетбұрысы жасалды”, делінген жеделхатта.

Одан әрі халықтың шұғыл мәселе­лерін шешуге қазіргі экономикалық жағдайлары мүмкіндік бермейтінін айта келіп, Елбасынан, туысқан қазақ хал­қы­нан қазіргі кезде Ресей мұнай өңдеу зауыттары шығарған мұнай өнімдері түсіп жатпауына байланысты қырғыз опера­тор­ларының қоймаларындағы мұнай өнім­де­рі бітудің алдында тұрғандықтан, көктемгі егіс жұмыстарын уақытында жүргізу үшін 10-15 мың тонна жанар-жағармай мате­риал­дарын несиеге және 10 мың тон­на­сын гуманитарлық көмек ретінде, сондай-ақ тыңайтқыштар мен тұқым материал­дарын  беру жөнінде көмек сұрайды.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министр К.Мәсімовке осы мәселелерді шешу жөнінде келіссөз жүргізуді тапсырды.

*  *  *

Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Қырғыз Республикасы Уақытша үкіметі  басшысының орын­ба­сары Алмазбек Атамбаевты қабылдады.

Кәрім Мәсімов Қазақстанның Қырғызстан Республикасында барынша қысқа мерзімде тұрақтылық орнауына мүдделі екендігін айта келіп, туысқан халыққа барынша көмек көрсетілетіндігін жеткізді. Сондай-ақ Премьер-Министр бұрын қол жет­кізілген екіжақты сауда-экономикалық келісімдердің жүзеге асырылуында жал­ғастылық болатындығы­на үміт білдіріп, Қырғыз елінің эконо­микасына Қазақ­стан­ның ірі инвестор болып отырған­ды­ғын, алдағы уақытта да инвестициялық байланыстарды жалғас­тыруға әзір екендігін атап көрсетті.

Өз кезегінде Алмазбек Атамбаев Қыр­ғызстанға жасалып жатқан туысқандық көмек үшін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа шынайы алғысын жеткізді. Кездесу қорытындысында тараптар Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда-экономи­калық байланысты одан әрі дамытуға мүдделі екендіктерін білдірді.

Кездесуден кейін Қырғыз Республи­ка­сы Уақытша үкіметі басшысының орын­басары Алмазбек Атамбаев БАҚ өкіл­дерімен жүздесті. Ол Қазақстан Үкіметінің басшысымен болған кездесуде екі ел арасындағы шекараны ашу, Қазақ­станға келіп еңбек етіп жатқан қырғыз­стандықтарға бұрынғы режімді қолдану, көктемгі егіске байланысты Қырғыз еліне жанар-жағармай үшін арнаулы лимит бөлу мәселелері талқыланғандығын айтты. Кездесуде осы үш маңызды мәселе бойынша да келісімге қол жеткізілген. Қа­зақстан көрші елге көктемгі егіс жұмыстарына қажетті жанар-жағармайды толық мөлшерде босататын болды. Ше­караны ашу мәселесінде де уағдаластыққа қол жеткізілді. А.Атамбаев Қазақ елінің Қыр­ғызстанға туысқандық көмек қолын созғанына шынайы алғыс айтты. Жур­налистердің қойған сұрақтарына жауап бере келіп, А.Атамбаев Жалалабад өңірін­де әлі де тұрақсыздықтың орын алып отыр­ғандығын хабарлады. Бұрынғы пре­зидент Қ.Бакиевтің маңайындағы билік елдегі қылмыстық топпен біте қайнасып кеткендігін, қазіргі күні сол күштердің елде тұрақсыздықты қалыптастыруға күш салып жатқандығын айтты. Уақытша үкі­мет өкілі қандай жағдай болса да бейбіт халыққа қарсы күш қолданыл­май­тындығын атап көрсетті.

Бөлісу: