Мемлекеттік хатшының төрағалығымен кеңес өтті
<p style="text-align: justify;">Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның қызметін ұйымдастыру мәселелері жөнінде кеңес өтті, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a> Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.</p>
Бейне конференцбайланыс форматында ұйымдастырылған кеңеске құқық қорғау органдарының басшылары, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардың әкімдері, ҚР Президенті Әкімшілігі жанындағы жұмыс тобының мүшелері қатысты.
Кеңес барысында ғалымдар мен сарапшылардың архивтер мен жабық қорлардағы зерттеу жұмыстары, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысын ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның қызметін сүйемелдеу жөніндегі жобалық офистің қызметін ұйымдастыру мәселесі қаралды.
Жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдарға «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық оңалту жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» ҚР Президенті Жарлығының міндеттерін жан-жақты іске асыруды қамтамасыз ететін ұйымдастыру-техникалық және зерттеу іс-шаралары кешенін өткізу туралы бірқатар тапсырмалар берілді.