Аймақтар
3 мин оқу 540

Мүмкіндігі шектеулі жандарға берілген мүмкіндік

<p style="text-align: justify;">Осыдан біраз уақыт бұрын Тараз қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған &laquo;Асар&raquo; оңалту орталығының құрылысы басталған. &laquo;Асар&raquo; Жамбыл облысының мүгедектермен жұмыс істейтін ұйымдар одағы&raquo; Заңды тұлғалар бірлестігіне арналған оңалту орталығының құрылысы көне шаһардағы &laquo;Мамыр&raquo; тоғайындағы жасыл желектің арасында жүргізілуде. Орталық екі нысаннан тұрады.</p>

Мүмкіндігі шектеулі жандарға берілген мүмкіндік

Тараз қаласының әкімі Айт­қазы Қарабалаевтың айтуынша, орталықтағы осы және өзге де жұмыстар жергілікті кәсіп­керлердің көмегімен жүзеге асуда. Олардың бірқатары қайтарымсыз негізде құрылыс материалдарын жеткізіп берсе, енді бірі қаржылай қолдау көрсетіп келеді.

Бұл бастама өңірдегі мүм­кіндігі шектеулі жандарға жаңа мүмкіндіктер беріп отыр. Негі­зінен «Асар» ЗТБ жұмысын демеушілер есебінен жүргізеді. «Орталық негізінен мүгедек балаларды оңалту және бейімдеумен айналысады. Өткен жылы 5 бала жалпы білім беретін мектепке барса, тірек-қимыл аппараты бұ­зылған 17 бала жүре бастады. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бизнес-инкубатор ұйымдастыру да жоспарлануда. Қоғамдық бірлестіктер оларды бүгінгі таңда сұранысқа ие мамандықтарға оқытып, одан әрі жұмысқа орналастыруға ниетті. Біздің басқарма олармен мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Ол үшін бюджеттен ақша қарастырылатын болады», дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеу­меттік бағдарламалар басқар­ма­сы­ның басшысы Жорабек Бау­беков.

«Асар» ЗТБ-ның басшысы Руслан Төлегенов орталық физиотерапия, зоотерапия және бизнес-оқыту сияқты үш бағыт бо­йынша жұмыс істейтінін жет­­кізді. Ол негізгі мақсат – бар­­лық тиісті үкіметтік емес ұй­ым­­дарды біріктіру, олардың күш-жігерін, бюджеттік және демеу­­шілік қаражаттарын ар­тық шығындамау, бір-бірін қай­таламау, мүгедектер өмірінің мә­селелерін шешу, оларға жан-жақты қолдау көрсету екенін де айтты. «Біз келген адамның ең әуелі қаншалықты қабілетті екендігін анықтаймыз. Содан кейін оны стационарға немесе кәдесыйлар жасау шеберханаларына жұмысқа жібереміз. Сондай-ақ оларды өз бизнесін ұйым­дастыруға және жүргізуге үй­ретеміз. Жұмысымызды осы бағытта жүйелей түскіміз келе­ді. Бұл тұрғыда біздің мемлекет «Мүгедектерді оңалту» ба­ғыты бойынша жұмыс іс­тейтін қоғамдық ұйымдардың қызметкерлеріне әлеуметтік қызметкерлер мәртебесін берсе екен деген тілегіміз бар. Бізде грант­тарға алынған 3D станок­тарға дейінгі әртүрлі өндірістік жабдықтар бар. Бұрын оларды ұйымдастыруға мүмкіндік беретін бөлмелер жоқ болатын», дейді Руслан Төлегенов. Осылайша, мүмкіндігі шектеулі жандарға мем­лекет тарапынан тиісті қол­даулар да қажет болып отыр.

Сонымен қатар оңалту орта­лығында тұрақты күтімді қа­жет ететін мүгедектердің туыс­тарына психологиялық және практикалық көмек көрсету бағдарламасын іске асыру жос­парлануда. «Мүгедектер бізге келіп-кетіп жүреді, ал ата-аналары мен жақындары олармен үнемі бірге. Олар бір-бірін қаншалықты жақсы көргенімен, бәрібір физикалық және эмоционалды шаршау болмай тұрмайды. Біз оларға сәл уақытқа болса да ауыртпалықтан арылуға көмек­тесеміз. Мысалы, жақында ға­на бір әйел бізге қоңырау шалып, күйеуінің мүгедек болып ту­ған баласын мойындағысы келмейтінін жеткізді. Біз отбасын­дағы тыныштық пен татулықты қалпына келтіру үшін де көптеген психологиялық жұмыстар жүр­гіздік», дейді орталық басшысы. Бұл жұмыстар әрі қарай өз жалғасын табады.

Алайда аталған орталықта шешілуі тиіс мәселелер де бар екен. Жуырда ғана облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Асар» орта­лығына келіп, аталған мекемеге жұмысқа келетін мамандардың арасында массажист жоқ екен­дігін айтқан еді. Сөйтіп бұл мәсе­лені көру қабілеті нашар адам­дарды оқыту арқылы шешуге болатынын айтып, Тараз қала­сындағы медициналық коллед­жінен мүмкіндігі шектеулі жандар арасынан массажистерді дайындайтын арнайы топ ашуды тапсырған. Сондай-ақ облыста мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған бірде-бір монша жоқ екендігі айтылып, бұл мәселе де шешімін табатын болды. Егер мұның бәрі ретімен жүзеге асатын болса, өңірдегі мүмкіндігі шектеулі жандарға тағы да жаңа мүмкіндіктер беріледі.

 

Жамбыл облысы

Бөлісу:
Мүмкіндігі шектеулі жандарға берілген мүмкіндік · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар