Шығыс Еуропа Кубогының VI кезеңіне өтті
<p style="text-align: justify;">Алматы облысының Талғар қаласында орналасқан «Ала­­тау» шаңғы-биатлон ке­­­шенінде шаңғы жарысы бо­йынша Шығыс Еуро­па Ку­богының VI ке­зеңі өз мә­ре­сіне жетті. Тә­уел­сіз­діктің 30 жыл­дығына тұспа-тұс келген халық­аралық шаңғы жарысы клас­­сикалық стильдегі спринт, классикалық стиль­дегі жеке жарыс және еркін стиль­дегі масс-старт бойынша ұйым­­дастырылды.</p>

Елімізде өткен байрақты додаға Қазақстан спортшыларынан бөлек, Ресей, Қырғызстан және Мароккодан келген 70-тен астам спортшы қатысты.
Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын Шығыс Еуропа Кубогы жарысы Халықаралық шаңғы федерациясының қолдауымен 7 кезең бойы өтеді. Аталған турнирде Қазақстан, Беларусь, Ресей және Украина секілді елдердің спортшыларына халықаралық рейтингте ұпай иеленіп қана қоймай, әлем кубогына қосымша жолдамаға ие болады. Ал өзге елдің спортшылары бұл жарыстарға жалпы рейтинг ұпай жинау үшін қатысады. Шығыс Еуропа Кубогын Қазақстан осымен екінші рет қабылдап отыр. Бұған дейін 2019 жылдың қараша айында осы беделді жарыс Щучинск қаласындағы Ұлттық шаңғы спорты орталығында өткізілген болатын.
Талғар қаласы қабылдаған биылғы жарыстың алғашқы күнінде спортшылар классикалық стильдегі спринт бойынша сынға түсті. Әйелдер арасында өткен жарыста отандасымыз Анна Шевченко ресейлік спортшы Лилия Васильеваға есе жіберіп, мерейлі екінші орынға ие болады. Қола жүлдені тағы бір ресейлік спортшы Анастасия Москаленко қанжығасына байлады. Ал ерлер арасындағы жарыста алғашқы үш орынды ресейлік спортшылар иеленді.
Екінші жарыс күніндегі классикалық стильдегі жеке сайысында да ресейлік спортшылар дара шықты. Әйелдер арасында Лилия Васильева бас жүлдені олжаласа, ерлер арасында Андрей Ларьковқа тең келер қарсылас табылмады. Десе де әйелдер арасындағы бәсекеде күміс және қола жүлде отандастарымызға бұйырды. Анна Шевченко мәре сызығын екінші, Тамара Эбель үшінші болып кесті.
Өкінішке қарай, соңғы жарыс күнінде еркін стилдегі масс-старт жарысында да жерлестеріміз жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Бұл жолы да алтын жүлде Ресей спортшыларының қанжығасында кетті. Тек әйелдер арасындағы додада Анна Шевченко екінші орын иеленіп, Қазақстан қоржынына кезекті күміс жүлде салды. Осылайша үш күнге созылған халықаралық турнирдің қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Ресей спортшылары үздік атанды.