Қоғам
3 мин оқу 540

Жастықтың оты жалындап...

<p style="text-align: justify;">Қысылтаяң шақта қолы қысқа адамдарды қолтығынан демеп, жанашырлық жасау шынайы адамгершіліктің белгісі. Көкшетаулық жастар жалпақ әлемді &laquo;жаман тұмау&raquo; жан алқымнан алған кезде бірліктің бұзылмас қамал екендігін өздерінің ізгі ниетті іс-қимылдарымен көрсетіп отыр.</p>

Жастықтың оты жалындап...

Жас толқын көмек қажет еткен адамдарды жүрек жы­луымен нұрландырып, сенімдерін арттыра тү­суде. Тіпті, ең бастысы ма­те­­риал­дық көмек те емес, дерт шеңгеліне ілігіп, сыр­қат­танып жатқандарды бірауыз жылы сөздерімен деме­гендерінің өзі неге тұрады?! Jas otan жастар қанатының еріктілері былтыр жүзден астам азаматқа жанашырлық жасап, көмек көрсетті. Оның үстіне ел тұтастығын мең­зейтін, бекем бірліктің тінін мықтай түсетін «Біз біргеміз!» акциясы аясында да ондаған отбасына демеушілік жасады.

Жасотандықтар облыс орта­лығында ғана емес, әр­бір ауданда атқарылатын қа­йырымдылық шаралардың жол картасын әзірлеу үстінде. Бірінің жақсы ісін бірі көріп сүйсінген, иманды шараға өздері де атсалысқысы келген жастардың қатары күн сайын өсе түсуде. Бүгінде 5 мыңнан асып жығылады. Негізгі топ – Көкшетау қаласында. Об­лыс өңірін тұтас қамтып, ізгі­лік нұрын шымырлай сіңіру үшін әрбір қала мен ауданда коворкинг орталықтары ұйым­­дастырылған. Кешегі «қы­­зыл аймақта» тұрған кезде бұл ор­талықтарда жұмыс қай­нап жатты. Әлі де бәсең­деген жоқ. Өңір «қызыл аймақ­тан» шық­қа­нымен, көмекті қажет ете­тін­дер қатары сейіле қойған жоқ.

Былтырғы наурыз айынан бері жастар қанатының белсенділері өңірде қолға алын­ған барлық жанашырлық шараларға үзбей қатысып, өздерінің бойларындағы адам сүй­сінерлік әдемі қасиеттерді танытып-ақ келеді. Тіпті, тү­не­ріп келген түйткіл қиын­дықтан сескенетін емес. Бас­тарын бәйгеге тігіп жүріп ел басына түскен ауырт­па­лық­пен алысуда.

– Жастар азық-түлік се­беттерін, дәрі-дәрмектер мен күнделікті тұрмысқа қа­­­жет­ті заттарды мұқтаж от­­­ба­сыларға жеткізіп беруде, – дейді Jas otan жастар қанаты облыстық филиа­лының төрағасы Сұлтан Бе­кешев, – әртүрлі бағытта жұ­мыс істеуде, соның ішінде «Дис­петчерлік қызмет» деп аталатын жоба өте тиімді. Бұл жоба аясында мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек көр­сетіледі. Олар осы қыз­мет түріне хабарласа ала­ды, жастар болса өтініш­тің ешқайсысын жерде қал­дырмай, бірден көмек көр­сетеді. Өткен жылы жүздеген мүм­кіндігі шектеулі адам­ға осындай әдіспен кө­мек көр­сетілді. Ендігі бірауыз тол­­тырып айтуға лайық­ты дү­ние – «Жас саясат­кер­лер клубы», «Аула алаң­да­ры» жобалары. Бұл жо­ба­­­лардың аясында ерікті жа­с­тардың бойларындағы та­маша қасиеттерді ұштап, бел­­сенділіктерін арттыра тү­су көзделген.

Жасотандықтардың қа­тарына қабылданған соң бірден белсенді іс-қимылға көшкен жастың бірі – Омар Бекин. Ол былтыр ай­рықша белсенділігі үшін «Ха­лық алғысы» медалімен мара­патталды. Сөз арасында өңір­дегі еңбегі еленген құр­быларының ішіндегі ең жасы екендігін айта кетуге болар.

– Жалпы жастардың осы бір ізгілікке толы иманды шаруасын айта жүрген жөн. Сонда біздің замандастары­мыз құлақтанып, ортақ іске үлестерін қосып, топтаса түседі. Мысалы, өзім Назарбаев зияткерлік мек­тебінде жүргізілген үгіт-наси­хат шарасынан соң қо­сылдым, – дейді Jas otan жас­тар қанатының белсендісі Омар Бекин, – сол кездесуде «Думан» педагогикалық жасағы туралы өте жақсы айтылды. Қазір еріктілер қа­та­рында қолғабысымды тигізіп жүрмін.

Бір қуаныштысы, ерікті жастар қатары толыға түсуде. Алдағы жұмыс та ауқымды. «Ұрпақтар сабақтастығы», «Таза сессия», «Жас сая­саткер­лер клубы» тәрізді қыз­­ғылықты жобалар жүзеге асыр­ылмақ. Мақсат – жас­тардың қоғамдық жұмыстағы белсенділігін, жақынға жанашыр болудың қажет екендігін насихаттау. Ел жастарының еңселі ісін көргенде бола­шақтың баянды боларына сенім де арта түседі.

КӨКШЕТАУ

Бөлісу:
Жастықтың оты жалындап... · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар