Овертаймда басым түсті
<p class="2018-" style="text-align: justify;"><span style="letter-spacing: -.2pt;">Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) бақ сынайтын Нұр-Сұлтан­ның «Ба­рысы» кезекті тур ойынын елор­дада өткізіп, «Шығыс» конферен­ция­сындағы үздік команданың бірі – «Аван­гардтан» овертаймда басым түсті.</span></p>

Турнир кестесінде екінші орында тұрған омбылық командамен өткен ойында Юрий Михайлис шәкірттері барын салды. Кездесудің 6-минутында жерлестеріміз сан басымдығын тиімді пайдаланып, есеп ашты. Голдың авторы – Әлихан Әсетов. Арада үш минут өткенде сан басымдығын ұтымды пайдаланған қонақтар да таразы басын теңестіріп кетті. «Барыстың» экс-ойыншысы Корбэн Найттан пас алған Рид Буше нысананы дәл көздеді. Екінші кезеңнің 30-минутында Никита Михайлистің соққан шайбасының арқасында «Барыс» есепте қайта алға шығып, матчтың соңғы минутына дейін осы нәтижені сақтап тұрған болатын. Бірақ тағы да сан басымдығының нәтижесінде кездесудің аяқталуына 5 секунд қалғанда Корбэн Найт есепті қайта теңестірді.
Овертаймға ұласқан ойынның 63-минутында Никита Михайлистің соққан шайбасы қазақстандық командаға жеңіс сыйлады – 3:2. Бұл жолы да «Барыста» бір ойыншы артық еді. Осылайша жерлестеріміз ҚХЛ-дағы соңғы алты ойынының алғашқысын жігерлі жеңіспен бастады. «Барыс» келесі кездесуін бүгін «Барыс-Аренада» Екатеринбургтің «Автомобилист» командасымен өткізеді.