Руханият
2 мин оқу 552

Жас ақындар Жамбылды жырлады

<p style="text-align: justify;">Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұйымдас&shy;тыруымен Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған &laquo;Менің пірім &ndash; Сүйінбай&raquo; атты халықаралық жас ақындар айтысы өтті. Биыл бесінші мәрте шымылдығын түрген жыр аламанына республика аймақтарынан келген азулы ақындармен қатар, Қытай, Моңғолия, Қырғызстан намысын арқалаған жас таланттар қатысты.</p>

Жас ақындар Жамбылды жырлады

Жыр алыбын жырмен аспандатқан аламанға Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, халықаралық «Айтыс ақын­дары мен жыршы-термешілер» ода­ғының басқарма төрағасы, ақын Жүрсін Ерман, профессор, филология ғылымдарының докторы Темірхан Тебегенов, айтыстың шоқ жұлдызы Бекарыс Шойбеков, Мәдениет қай­раткері, белгілі айтыскер Серік Қалиев, 2020 жылғы «Алтын домбыра» иегері айтыскер Рүстем Қайыртайұлы, Ха­лық­аралық Жамбыл қорының төр­ағасы, ақын Манарбек Ізбасаров, Қазақ­станның еңбек сіңірген әртісі Ержан Қосбармақов сынды өнер май­тал­мандары қазылық етті.

Бекарыс Шойбеков арнаумен ашқан жыр мерекесі білім ошағының ректоры Тахир Балықбаевтың ақындарға сәт-сапар тілеуімен басталды. Сөз сайысына түскен жиырма ақынның 12-сі финалға жолдама алды. Айтыс ере­жесіне сай қағытпа қалжың, әсерлі әзілден бастап бауырлас қырғыз бен қазақ арасындағы әлеуметтік мәсе­лелерді де жас шайырлар жырға арқау етті. Сүйінбай мен Қатаған секілді тұл­ға­лардың тарихи келбеті де өлең тілімен өрнектелді.

Екі күнге созылған айтыстың ақ­тық мәресінде аузымен құс тістеген шын жүйріктер суырылып алға шық­ты. Айтыс қорытындысы бойынша Nur Otan партиясының арна­йы жүлдесі Гүлжан Ықыласқа, Сүйін­бай Аронұлы атындағы арна­йы жүлде Жанарыс Тілеубекке, Халықаралық Жамбыл қорының жүлдесі Қайырхан Жұбаниязовқа, Жүрсін Ерман атын­дағы арнайы жүлде Бекарыс Оспановқа, Оразалы Досбосынов атындағы арнайы жүлде Жамали Айбынға, Есенқұл Жақыпбек атындағы жүлде Расул Сауытбекке бұйырып, ақындарға қар­жылай сыйақы табысталды.

Ал жүлделі үшінші орын тең дәре­жеде өнер көрсеткен үш ақынға бұйыр­ды. Олар Шынарбек Тұрсын (Қытай), Қабдолла Бейсхан (Моңғолия) және Алтынай Қанапия (ҚазҰПУ). Екінші орынға Нұрбол Жауынбаев (ҚазҰУ) пен Данияр Нысанғалиев (ҚазҰПУ) лайық деп танылды. I орын қырғыз елінен келген жас айтыскер Нұрсұлтан Малдыбаевтың қанжығасына байланды. Қазылардың шешімінен сөз барымтасында шашасына шаң жұқтырмаған Бекжан Базарбек (ҚазҰУ) бас жүлдені жеңіп алды. Жамбылдың даңғыл жо­лын жырмен көмкерген жас шайыр­ларға ұйымдастырушылар алқасы тағайындаған қомақты ақшалай сый­лықтар табыс етілді.

– Жамбыл қазақ жырының алдас­паны. Бүгінгі додада бақ сынаған өрен­дер биік деңгейде өнер көрсетті, тақырыпты жан-жақты аша білді. Ұлы бабаларының рухына жырмен ес­керткіш қойды.Талаптың оты арын­даған жас таланттар қазақ айты­сы­ның болашақ жұлдыздарына айна­лады деп сенеміз, – дейді Абай атын­дағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­вер­ситетінің ректоры Тахир Балықбаев.

 

АЛМАТЫ

Бөлісу:
Жас ақындар Жамбылды жырлады · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар