Әдебиет
4 мин оқу 1,990

Елге елеулі азамат еді

<p style="text-align: justify;">Қасиетті Түркістан өлкесі &ndash; талай ғұлама ғалымдар мен ақын-жазушылардың, әулие-әнбиелердің, елді аузына қаратқан өнер адамдарының, әлемде теңдесі жоқ &laquo;қара күш иесі&raquo; атанған Қажымұқанның мекені болғаны әмбеге аян. Әлем мұсылмандары оны &laquo;Екінші Мекке&raquo; деп те атайды. Осы Түркістаннан түлеп ұшқан орта буын ақындарымыздың бел ортасында болуға құқы бар, бірақ республикамыздың көп оқырмандары біле бермейтін, тасада қалып қойған таланттың бірі &ndash; ақын Сұлтанқұл Сәметов дер едім.</p>

Елге елеулі азамат еді

Ол 1936 жылы 18 тамызда­ Төлеби ауданында туып, 2005 жы­­лы жетпіске қараған жасында дү­ние­ден өтті. Қазанғап, Келімбет, Сатыпалды, Айнабек және басқа да халық ақын­дарынан көп үйре­ніп, Мұқағали Мақатаевты өзіне ұстаз тұтып, адамзаттың өмірі, оқу, өнер, білім жайлы тол­ғаулар да шығарды. Оларға елік­тегенімен, өзін­­дік қолтаңбасы, жаңашылдығы мен­мұндалап тұ­ратын.

Ол студент кезінің өзінде-ақ әдебиетке деген құштарлығымен көзге түсті. Біз білмейтін неше түр­лі кітаптарды, газет-журналдағы жаңа­лықтарды оқып, бәрімізді таң­ғалдыратын. Бір жолы орыс әде­биетінен сабақ беретін мұғалімге: «Атақты Салтыков-Щедрин министр де болыпты. Сол туралы кеңірек ай­тып беріңізші», деп сұрап, оны састыр­ғаны бар. Ол: «Қоңырау болып қал­ды, ертең айтып берейін», деп құ­ты­лып кетеді.

1961 жылы жаз айында Шым­кенттің металлургтер сарайында ұлы жазушы М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы бойынша оқушылар конференциясын өткіздік. Мұның бас­таушысы Әбіш Байтанаев ағамыз. Бұл жылдары ұлы жазушы «Өскен өркен» романына материал жинау үшін оңтүстікке жиі келетін. Әбіш ағамыз осы орайды тиімді пай­­даланып қалды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен Абай ұрпақтарын шақыртты. Мұқаң Шымкентке келсе, алдымен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясына, сосын біз­дің институтқа бас сұғатын. Сту­дент­терге жарты жыл бұрын тара­тылып бе­рілген баяндама тақы­рыптарын өзі қарап, қандай мәсе­леге көбірек көңіл бөлу керектігін өзі айтып тү­сіндіретін. Сондай кез­десулердің бі­рінде Сұлтанқұл ұлы жазушыға: «Сіз романда Қодар мен Қамқаны жазықсыз етіп көрсетіпсіз. Ал өмірде бас­қаша болған екен. Оны қалай тү­сінеміз?», деп сұрақ қойғаны бар. Мұ­қаң бізге бала-шаға деп қа­рамай, ол жайды егжей-тегжейлі тү­сіндірген-ді.

Ал конференцияның алдында үш мыңға жуық тыңдарманға Аме­рикаға барып келген сапары жайлы бір сағатқа жуық әңгіме айтты. Конференция аяқталған соң баяндама дайындаған студенттерді алып қалып, «Абай жолының» бір-бір кітабын ұстатып, автограф жазып бер­ді. Бірге суретке түстік.

Институтта оқып жүрген кезіміз­де бес жыл бойы бір кісінің баласындай болып, бірге жүрген дос­тарымыз Сұлтанқұл-Қалдыкүл, Бе­галы-Дариға, Сансызбай, Күл­ғай­ша, Алтынбек, Ергешәлі – бәріміз ем­тиханға бірге дайындалатынбыз. Төртінші курста осы достарымыздың қолдауымен мен Күлғайшаға, Сұл­танқұл Қалдыгүлге үйленді. Екі жыл бір үйде бірге тұрдық. Тұңғыш балаларымыз осы үйде дүниеге келді.

Оқырмандарымызды оның өмір жолымен толық таныстыру үшін бірге оқыған досымыз, кейін Оңтүс­тік Қазақстан облысының оқу-ағарту бөлімінде (облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының дирек­торы) қызмет етіп жүрген ке­зінде өзі алғысөзін жазып, «Қос ар­на» өлеңдер жинағының жарық кө­руіне тікелей атсалысқан Ергешәлі Мамыраевтың лебізін тыңдалық. «Сұлтанқұл Сәметов өзі туып-өскен ауылында, Төлеби ауданының ха­лық ақыны Қазанқап Байболов атын­дағы орта мектепте (бұл мектепті С.Сәметов 1990 жылдары ауылға әкім болып сайланған соң өзі мұ­­рын­дық болып салдырған-ды) жұ­­байы Қалдыкүл екеуі 9 бала өсіріп, 40 жылға жуық осы мектепте абыройлы қызмет етті. Осы жылдар ішінде ізденімпаз, еңбекқор, жаңалыққа жаны құмар ұстаз ретінде танылып, мектептің, өзі өскен ауыл­дың көркейіп өсуіне зор үлес қосты. Халық ақыны Қ.Байболовтың шы­ғар­маларын жинау, мектепте мұ­ражай ашу, ақын бейітінің басына ескерткіш қою – ол атқарған істердің біразы ғана. Ол ауылдағы үш-төрт жылғы әкімдігін халық игілігіне жұмсады. Ұйымдастыру қабілеті мол Сұлтанқұлға кезінде облыс басшылары тарапынан талай лауазымды қызметтер ұсынылды, бірақ олардың ешқайсысына ұстаздығын ауыстырмады. Әкімдіктен де бас тартты. Арманы – өлең жазу, сол арқылы жастарды ізгілікке, адам­гершілікке тәрбиелеу болды. Ол үшін өзінің сүйікті мамандығы – ұстаздық қыз­мет ауадай қажет еді. Себебі «Шын мұғалім түнде де оқып отыр, жақсы ойлардың өрмегін тоқып отыр. Ел­дің бәрі сыйласа бұл кісіні, ол кіш­кентай баладан қорқып отыр». Міне, ақындық тапқырлық!

Оның ұстаздық тәжірибесін Кеңес Ода­ғы кезінде Мәскеуден шыға­тын «Народное образование» жур­налы бүкіл Одақ көлеміне таратты. Төлеби ауданында тұңғыш рет Алтынсарин атындағы төсбелгіні де таққан – Сұлтанқұл Сәметов. Кө­зі тірісінде Сұлтанқұлдың екі өлең­дер жинағы («Қос арна». 1996 ж.,­ «Ұлым, саған айтам». 1999 ж.)­ Шым­кентте басылып шықты. Бала­ларына деген қариялық, әкелік ақыл-кеңесін өлең жолдарына былай түсіреді:

Арманым – сендер, бақытым,

Ақылмен өтсін уақытың.

Дүниеқоңыз болмаңдар!

Не керек лағыл, жақұтың...

Бақытты табу тым қиын,

Соғады кейде бір «құйын»...

Ұшырып кетіп жүрмесін,

Алдымен өзім «жұлқиын».

 («Ұлыма»)

Олар да осы жолдан таймай, әке­­лерінің ақылын тыңдап, тәр­биелі бала болып өсті. Тоғыз ұл мен қыз өмірден өз орындарын тауып, көктемгі гүлдей қаулап өсіп жа­­тыр. Бірақ бір өкініштісі – осы­­лардың бәрін дүниеге әкелген Қалдыкүл биыл бақи дүниеге аттанып кетті. Балаларының да, біз­дердің, достарының да арманы Сұл­танқұлдың өлеңдері үлкен бас­палардан басылып шығып, елі­міздің шартарабына кеңінен таралса екен дейміз. Өзі өскен ауыл­дағы бір мек­тептің, не көшенің атын берсе, құба-құп болар еді.

Бұл пікірімізді Түркістан облы­сының басшылары, сол елдегі әде­биеттің қызығына қуанып, шыжы­ғына күйіп жүретін інілерім Марха­бат Байғұт, Әлібек Шегебай секілді азамат­тар қуаттап, қаперіне алар деген ниеттеміз.

Тұрсынбек ЕШЕНҚҰЛОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жазушы, Халық ағарту ісінің үздігі

Бөлісу:
Елге елеулі азамат еді · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар