Аймақтар
3 мин оқу 243

Инабатты жастардың иманды шаруасы

<p style="text-align: justify;">Өңір қайтадан &laquo;қызыл аймақта&raquo;. Соңғы деректерге қарағанда, 14 025 ересек адам, 14 жасқа дейінгі 1 674 бала дерт &laquo;тырнағына&raquo; іліккен. Осындай қауіп бас көтеріп тұрған кезде қысылғанды демеу, жүдегенге жанашырлық көр&shy;се&shy;ту парыз.</p>

Инабатты жастардың иманды шаруасы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ата дәстүрімізбен сабақтасатын қамқорлық жайында «Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – халқымыздың көне заманнан келе жатқан дәстүрі. Біз осы дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Себебі біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет. Халқымызда осындай береке-бірлікке шақыратын «Асар» дәстүрі бар. Бұл – ғасырлар бойы құндылығын жоймаған ата салтымыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Волонтерлік қызметтің басты мақсаты да – бірге жұмылып, халыққа қызмет ету» деген болатын.

Ел Президентінің аталы сөзінен соң кең өріс алған игі жұмыс біздің өңірде де қанат жаюда. Қазіргі күні «30 қайырымды іс» акциясы ел Тәуелсіздігінің 30 жыл­ды­ғы­мен сабақтаса жүргізілуде. Облыстық жастар ресурстық орталығы волонтер­лер­ді қолдау орталығымен бірлесе отырып, Көкшетау қаласындағы №1 арнайы мектеп-интернатында болды. Білім ошағына қолдан келгенше көмек көрсеткен жалынды жастар мекеменің маңайын абаттандырып, мұнтаздай етіп тазалап берді. Көктемгі қар суымен ілесе келген күл-қоқыс жинастырылып, қызыл су еркін жүретін арық қазып, қол ұшын берді. Бір жақсысы, өнегелі шаруаны жастар іле қолдап әкетті.

Олар қаладағы жүздеген мекеме мен жекеменшік үйлердің аулаларын тау-теңіз болып үйіліп жатқан қасат қардан тазартты. «Үміт Шаңырақ» қарт­тар үйінде болып, қариялардың ты­ныс-тіршілігімен етене жақын танысып, мұқтаж шаруаларын шешуге ат салысты. Осы бір жанашырлық пейіл жүзеге асып жатқанда жастар ізгі істің ба­рысын қамтитын челлендж түсірген бола­тын. Жан жылуы мол қамқорлық жай­лы құлақтанған Көкшетаудағы Ш.Уәлиханов және А.Мырзахметов атын­дағы университеттердің студенттері ұйым­шылдық танытты. Көптің ал­дын­да­ғы жұмыс үркіп отыратыны бар ғой. 100 студенттің басын құраған жанашыр топ облыс орталығының тазаруына тәп-тәуір септігін тигізді.

Жалынды жастар 8 наурыз мерекесі қарсаңында «Арулар, асыл жандар» атты кең ауқымды акция өткізді. Акция аясында олар жалғызілікті және І, ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі қыз-келіншектерді мерекелерімен құттықтап, 500 дана жауқазын гүлін табыс етті. Әншейінде көңіл аудара бермейтін кішкентай ғана мезірет аналардың көңілін кәдімгідей көтеріп тастады. Осындай бірлігі мол іс Наурыз мерекесінде де жалғасты. Облыстық және қалалық жастар ресурс­тық орталықтарының мамандары қала тұрғындарына гүл шоқтарын таратып, Наурыз мерекесімен құттықтады. Дәмі тіл үйіретін бауырсақ пен қымыз таратылды.

Жыл басынан бері облыс волонтерлері «Қайырымды істер марафоны» рес­пуб­ликалық жобасының шеңберінде 433 шара өткізіп, ет жүректі елжіретер қамқорлық істерімен алты мыңға таяу адамды қамтып отыр. Жоғарыда айтып өткен шаралармен қатар, көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына азық-түлік таратылды. Бұл бір мезеттік ғана іс емес, ерікті жастар алдын ала құрылған тізім бойынша қамқорлыққа зәру адамдардың отбасыларында болып, хал-ахуалын ұдайы біліп тұрады.

Осындай жанашыр ұрпағы бар ел қандай қиындық болса да қинал­май­ты­ны­на сенімді.

Ақмола облысы

Бөлісу: