Іріктеуді ірі жеңіспен түйіндеді
<p style="text-align: justify;">Футзалдан Қазақстан ұлттық құрама­сы 2022 жылғы Еуропа чемпио­наты­ның іріктеу кезеңін жеңіліссіз аяқтады. Бесінші топта Мажарстан, Израиль және Беларусь құрамаларымен сынға түскен жерлестеріміз алты ойынның бәрінде жеңіске жетіп, 18 ұпаймен өз тобында бірінші орын алды.</p>

Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңіндегі соңғы екі ойынын Израиль құрамасымен өткізді. Елордада ұйымдастырылған алғашқы кездесуде біздің жігіттер 4:1 есебімен басым түссе, 11 сәуірдегі қарымта матчта қарсыластар қақпасына жауапсыз төрт гол соқты. Бірінші ойындағыдай Тайнан қарсыластар қақпасын 2 және 25-минуттарда дәл көздеп, дубльдің авторы атанса, Тимур Балтабаев (5-минут) пен Жомарт Тоқаев (22-минут) бір мәрте мергендігімен көзге түсті.
Жерлестеріміз енді 2022 жылдың 19 қаңтары мен 6 ақпаны аралығында Нидерландтың Амстердам және Гронинген қалаларында өтетін кезекті Еуропа чемпионатына дайындалады.