Аймақтар
2 мин оқу 672

Бурабай баурайындағы берекелі бірлік

<p style="text-align: justify;">Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев &laquo;Сындарлы қоғамдық диалог &ndash; Қазақстандағы тұрақтылық пен өркендеудің негізі&raquo; атты Жолдауында 2020 жылды &ndash; Еріктілер жылы деп жариялағаны белгілі. Қиындық атаулыны кәтепті қара нардай бірлесе көтеретін халық бұл жолы да ел ішінде бірліктің бекемдігін, пейілдің ақтығын, жан жадыратар жанашырлықтың молдығын толайым көрсете білді.</p>

Бурабай баурайындағы берекелі бірлік

«Жақсылыққа сену үшін әуелі өзің жақсылық жасай білуің керек» дей­тін рәуішті, мазмұнды сөз бар. Ел Прези­ден­тінің бағалы ұсынысынан бастау алған оң шаруалар кеңінен қанат жайып, жана­шырлық шуағын шаша бастады. Ұлы істің ұлағатынан Бурабай баурайын жайлаған жалпақ жұрт та шет қалған жоқ. Ел қамын жеген еріктілер әлеуметтік жа­ғынан аз қамтылған топтарды, күні кісіге қарап қалған қарттарды, мүмкіндігі шек­теулі жандарды елеп-жебеп, дерт барын­ша белең алып, күшіне мініп тұрған тұста қамқорлық көрсету шараларын тыңғылықты жүзеге асырды. Сол кезде қорғаныс құралдарының қасқалдақтың қанындай таптырмай кеткені мәлім. Тал­мау тұсты тап басқан еріктілер алдымен халықтың есіне салып, жаман тұ­мау­дың шеңгелінен қалай аман қалуды ұғын­­дыратын ескертпелер жазылған п­а­рақ­шалар таратты. Медициналық қор­ғаныс құралдарымен де молынан қам­та­масыз етті. Аудандағы қауқарлы, ірі кә­сіпорын басшыларымен келіссөздер жүр­­гізе отырып, ауыртпалықты еңсеру олар үшін де парыз екендігін жеткізіп, қайырымдылық жа­сауға бағыттады. Жи­налған қара­жаттың біраз бөлігі азық-­тү­лік себеттерін дайындауға жұмсалды. Жаман тұмаудан жасқанып қарға адым жер аттап шыға алмай отырған қарттарға бір­сыдырғы қамқорлық жасалып, төрт құ­бы­ласын теңес­тір­ді.

Еріктілер «Біз біргеміз», «Біз бол­масақ, кім?», «Қайырымды көр­ші­лер» тәрізді әлеуметтік акциялар ұйым­дас­тыр­ды. Ка­рантин кезінде 600-ден астам отба­сыға жалпы көлемі 9 млн теңгеге таяу кө­мек көрсетілді. Жалғызбасты қарт­­тар­ға күн сайын ыстық тамақ жет­кі­­зіп, ме­­ди­­циналық бетперде­лер тегін тара­тылды. Осы орайда, облыстық «LIDER.KZ ерік­ті­лер қозғалысы» қо­ғам­дық бір­лес­тігі аудан­­да жақсылық шарапаты мол істі ұйым­дастырып, дамытуға белсенді көмек көр­сетті. Ел үшін жасалатын ерен істің үл­гісін көрсеткен еріктілер Бұланды, Бурабай аудандары мен Көкшетау қаласы арасында жолаушыларды тегін тасымалдау­ды ұйымдастырды. Нұр-Сұлтан қаласынан 30 инфра­қызыл термометр мен 200 химиялық қорғаныс костюмін, 3600-ге жуық медициналық бетперде жет­кізіп берді. Оған қоса созыл­малы сыр­қа­ты бар, емханада тір­кел­ген 120 адамға қажетті дәрі-дәр­мек­те­рін табыс етті.

­Карантин кезінде дәрі-дәр­мек­тің қымбаттап кеткені де бел­гілі. Қозғалыс мүшелері ба­ға­ның тұрақты, қолжетімді болуын ұдайы қадағалады. Жасанды тапшылыққа жол бермеу үшін қала­­дағы дәріханалардың баға­сы­на жиі мониторинг жүргізіп отырды. Қала мектептерінде санитарлық-эпиде­миялық талап­тар­д­ың сақталуын да көзден таса еткен жоқ. Үрей меңдеген осы бір кезде әлдебір себептермен жоғалып кеткен адамдарды іздес­ті­руге де ат салысты.

Волонтерлық жобалардың шағын гранттары байқауының қорытындысы бойынша 300 мың теңгенің грантын ұтып алды. Осы жобаның нәтижесінде төтенше жағдайлар сәтінде жедел әре­кет ететін штаб жұмысы жолға қо­йылды. Берілген өтінімдерге сәйкес термос, әрқилы кеудешелер, дәрі қобдишалары тәрізді қажетті заттар сатылып алынды. Жиырмаға жуық мұқтаж балаға «Мектепке жол» қайы­рым­дылық акциясы шеңберінде көмек көр­сетілді.

Бурабай баурайындағы бере­ке­­лі шаруа ел ішінде қайы­рым­ды жан­дардың көп екенін, осындай қиын сәтте топтаса білетіндігін көр­се­тіп берді.

Ақмола облысы,

Бурабай ауданы

Бөлісу:
Бурабай баурайындағы берекелі бірлік · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар