Елорда
2 мин оқу 183

Елорда әкімі қаладағы эпидахуалға байланысты есеп берді

<p style="text-align: justify;">Жыл басынан бері елордада карантин талаптарын сақтамаған 520 заңды тұлғаға 110 млн теңге айыппұл салынды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a></p>

«Елордада өткен тәулікте індет жұқтырудың 250 жағдайы тіркелді. Вирустың одан ары таралуына жол бермеу үшін бірқатар іс-шара қабылданды. Біріншіден, инфекциялық стационарларда 2 239 төсек-орын әзірленді. Ондағы бүгінгі жүктеме 60 пайызды құрайды. Қалған пациенттер үйден ем алуда. 198 реанимациялық төсек-орын әзірленді, жүктеме – 58 пайыз. Резервте 4 мыңға жуық төсек-орын дайындалған. Екіншіден, зертханалар саны 2-ден 27-ге дейін ұлғайтылған. Онда тәулігіне 13 мыңнан астам тест жүргізуге мүмкіндік бар. Барлығы 1 млн 320 мың тестіеу жүргізілді. Егер жыл басында күн сайын 3 мың зерттеу жүргізілсе, қазір 8 мыңнан астам зерттеу жүргізіледі», деді Алтай Көлгінов.

Қала әкімі үшіншіден, амбулаториялық қызметтің жұмысы едәуір жақсарғанын, 250 мобильді бригада жұмыс істейтіндігін айтты. Амбулаториялық бақылаудағы пациенттер тегін дәрі-дәрмекпен қамтылған. Олар толыққанды жазылып шыққанша учаскелік дәрігерлердің үнемі қарауында болады.

«Төртінші, карантиндік іс-шараларды сақтау жөніндегі мониторинг топтар жұмысын жалғастыруда. Жыл басынан бері әкімшілік жауапкершілікке 110 млн теңгеге 520 заңды тұлға тартылды. Сот шешімімен 36 нысанның жұмысы тоқтатылды. «Ashyq» жобасына 300-ден астам кәсіпкерлік субъектісі қосылды», деді ол.

Елорда басшысының дерегінше, осы уақытқа дейін 114 мыңнан астам адам вакцинаның бірінші компонентін алды. Екпе пункттерінің саны 36-дан 100-дейін артты. Олардың жұмыс уақыты 8-ден 24-00-ге дейін ұзартылды. Еңбек ұжымдарын вакцинамен қамту үшін көшпелі медициналық бригадалар құрылды.

«Эпидемиялық ахуал тұрақты бақылауда. Жұмыс жалғасып жатыр», деді Алтай Көлгінов.

Бөлісу: