Қазақстан мектептерінде соңғы қоңырау қалай өтеді?
<p style="text-align: justify;">Елімізде 9 және 11 сынып түлектері үшін соңғы қоңырау рәсімін өткізуге рұқсат беріледі. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>
«Соңғы қоңырау 25 мамырда оқу жылының үшінші тоқсанынан бері офлайн режимде оқып жатқан 9 және 11 сынып түлектері үшін өткізіледі. Сондай-ақ эпидемиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, 25 мамырға арналған іс-шаралар, соңғы қоңырау және биыл маусымның ортасында өтетін аттестат тапсыру офлайн режимде өтеді деп жоспарлап отырмыз», деді министр аппарат жиналысында.
Ол мектеп директорлары, білім бөлімдері мен білім басқармаларына барлық санитарлық-эпидемиологиялық талапты сақтай отырып, іс-шараны ұйымдастыруды тапсырды.
Айта кетейік, 2020 жылы Қазақстан мектептеріндегі соңғы қоңырау рәсімі ата-аналардың қатысуынсыз өткізілген болатын.