Президент
2 мин оқу 312

Қазақстан мен Тәжікстан Президенттері шағын құрамда екіжақты келіссөз өткізді

<p style="text-align: justify;">Қазақстан Президенті Душанбеге ресми сапарының шеңберінде &laquo;Қасри Миллат&raquo; сарайында Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен екіжақты келіссөз жүргізді, деп хабарлайды&nbsp;<a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>&nbsp;Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.</p>

Жоғары деңгейдегі мемлекетаралық келіссөз басталмас бұрын Қазақстан Президентін салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті. Құрмет қарауылының бастығы рапорт жасап, екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалды. Мұнан соң Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанның мемлекеттік туына құрмет көрсетті. Мемлекет басшылары Құрмет қарауылы сапының алдынан өтіп, бір-біріне ресми делегациялардың мүшелерін таныстырды. Салтанатты рәсімнен кейін шағын құрамда кездесу басталды.

Тараптар қазақ-тәжік стратегиялық әріптестігінің кең ауқымды мәселелерін қарастырды. Сондай-ақ саяси диалогты нығайтуға ерекше көңіл бөле отырып, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты арттыру жағдайын талқылады. Сонымен қатар Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету және халықаралық құрылымдар аясындағы өзара ықпалдастық мәлелелері қозғалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонға тәжік жеріне келгеннен бастап өзіне және қазақстандық делегацияға көрсеткен қонақжайлылығы мен құрметі үшін шынайы ризашылығын білдірді.

– Екіжақты ынтымақтастықты дамытуға және нығайтуға байланысты маңызды мәселелер қарастырылатын болғандықтан, біз осы сапарға зор мән береміз. Бұл ретте талқылайтын мәселе жеткілікті. Былтыр пандемияға қарамастан, өзара сауда-саттық көлемі 800 миллион долларға жетті. Бұл сауда-экономикалық саладағы әлеуетіміздің әлі де мол екенін көрсетеді. Әрине, біз де өз тарапымыздан бірқатар ұсыныс жасаймыз. Сондай-ақ сіздердің де ұсыныстарыңызды тыңдауға дайынбыз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерге де тоқталып, екі елдің БҰҰ, ШЫҰ, ЕҚЫҰ аясындағы өзара табысты ынтымақтастығын атап өтті. Сонымен қатар Президент Қазақстанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестегі бастамаларына тұрақты түрде қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін тәжік көшбасшысына алғыс айтып, Тәжікстанның осы беделді құрылымға 2018-2020 жылдары табысты төрағалық еткенімен құттықтады. 

– Жалпы барлық бағыт бойынша ынтымақтастықты нығайту үшін мол мүмкіндігіміз бар. Қазақстан мен Тәжікстан – бауырлас мемлекеттер. Бұл артық айтқандық емес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаевқа Тәжікстанға ресми сапармен келгені үшін шынайы ілтипатын білдірді.

– Тәжік-қазақ қатынастары бүгінде ынтымақтастықтың барлық саласы бойынша қарқынды дамып келеді. Қазақстан – Тәжікстанның жетекші сауда-экономикалық серіктестерінің ішінде екінші орында. Рухани, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ықпалдастық нығайып келеді. Елдеріміздің ТМД, ШЫҰ, ҰҚШҰ және АӨСШК аясындағы ынтымақтастығы табысты дамуда, – деді Тәжікстан Президенті.

Эмомали Рахмон екі ел арасындағы көпжақты қатынастардың барлық саласы бойынша ынтымақтасты одан әрі нығайтуға дайын екенін айтты.

Бөлісу:
Қазақстан мен Тәжікстан Президенттері шағын құрамда екіжақты келіссөз өткізді · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар