БҚО-да жүргізуші автокөлігімен Жайық өзеніне батып кетті
<p style="text-align: justify;">Батыс Қазақстан облысында бір күнде екі адам суға кетті, деп хабарлайды <a href="https://egemen.kz/">Egemen.kz.</a></p>

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бірінші оқиға 30 мамыр күні Ақжайық ауданы Есенсай ауылы тұсында Жайық өзенінде болды.
Сағат 15.24-те Есенсайдан Чапаевқа қарай жеткізетін паромда тежегіш құралының ақауы салдарынан «ВАЗ-2121» автокөлігі суға кетті. Оның ішінде 49 жастағы жүргізуші болған.
Сағат 19.14-те жедел құтқару жасағының күшімен (4 адам, 1 техника) жүргізушінің мүрдесі мен автомобиль судан шығарылды.
Сондай-ақ тағы бір қайғылы оқиға жексенбі күні Бәйтерек ауданы Переметный ауылында болды. Сағат 19.00-де Деркөл өзеніне шомылуға белгіленбеген жерден түскен 24 жастағы жігіттің денесін куәгерлер алып шыққан. Ол белгісіз жағдайда батып кеткен.
БҚО ТЖ департаменті суда қауіпсіздік ережесін сақтау қажеттігін тағы да еске салады.