Тәуелсіздік
4 мин оқу 580

Мәдени дамудың мәйегі

<p style="text-align: justify;">Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті &ndash; Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың &laquo;Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру&raquo; мақаласында айтылған басым бағыттардың бірі әлем қауымдастығы алдында қазақ мәдениетінің алар орны мен оның ғаламдық ықпалдастығы туралы болатын. Осы орайда, &laquo;Жаһандық әлемдегі заманауи қазақ мәдениеті&raquo; атты бағдарламалық жоба қабылданып, тұрақты түрде жүргізіліп келе жатыр.</p>

Мәдени дамудың мәйегі

Республикалық «Рухани жаңғыру» Қазақстандық қо­ғамдық даму институты маман­дары аталған бағдарлама негі­зінде атқарылуға тиіс жұ­мыс­тар үш бағыт бойынша іске асып жатқанын айтады.  Атап айтқанда, бірінші бағыт – шетелдегі мате­риал­дық мәдениет пен өнердің үздік жетістіктерінің көрме-тұсаукесерлері; екінші бағыт – қа­­зақ­­стандық авторлардың үздік әдеби шы­ғармаларын шетел тілі­не аудару және әлем оқыр­мандарына танысты­ру; үшінші бағыт – театрлар мен ұжым­дардың шетелдегі гастрольдері.

Атқарылған шаруаларға қатысты нақты дерек пен дәйекке жүгінер бол­сақ, осы жылдың бірінші жарты­жыл­дығына дейін еліміз және шетелдерде «Жа­һан­дық әлемдегі заманауи қазақ мәдениеті» жобасы бойынша – 150-ден астам мәдени-рухани іс-ша­ра өт­кізілген екен. Атап өтер болсақ, осы­лар­дың 86-сы әртүрлі деңгейдегі мәдени-саяси-рухани басқосулар, 12-сі кі­тап және фотокөрмелері, сонымен бірге, 8 туындының тұсаукесері, 8 дөң­­гелек үстел, семинар-дәрістер, 9 бейне­­кон­ференция, Қазақстанның тарихы мен мәдениеті туралы 5 кинокартина көрсетілімі, еліміз әртістері мен шығармашылық ұжымдардың 4 концерті ұйымдастырылып, Абай және Әл-Фара­би орталықтары қатарлы 6 нысан ашыл­ған екен. Аталған оқиғаларды насихаттау мақсатында шетелдік БАҚ-тарда 60-қа жуық мақала жария­ланыпты.

Жобада көрсетілген мәдени бағыт­тар бойынша 2018 жылы Франция­ның Кот-д Азур қаласында 8-19 мамыр ара­лы­ғында өткен халықаралық 71-ші Канн фестивалінде еліміздің ұлт­тық па­вильо­нының көрмесі өтіп, онда соңғы жылдардағы үздік кинокар­тина және жас режиссер Әділхан Ержа­нов­тың «Әлемнің тендерлік бей-жайы» жұмысы кинофестивальдың ­«Ерек­­ше көзқарас» атты арнайы бағ­дар­­ламасы­на енгізілсе, Жаннат Ал­ша­нованың «Мау­сымның соңы» филь­мі «Ки­нофонд» бағ­дарламасына ұсы­нылыпты.

Бағдарламалық жобаның алғаш­қы жылы (2018) қазақ, орыс, ағылшын тіл­­­дерінде «Заманауи қазақ бейнелеу өне­рінің антологиясы» каталогы шы­ға­­рылып, ҚХР, АҚШ, Түркия, Ре­сей, Фин­­ляндия, Корея, Малайзия, Мажар­стан, Швеция қатарлы 28 мемлекетте қа­зақстандық әдебиет орталығы ашылып үлгерді. Сондай-ақ «проза» және «поэзия» жанрлары бойынша Қазақстан әдебиетінің шығармалары БҰҰ-ның 6 тіліне (ағылшын, француз, испан, араб, қытай, орыс) аударылды. Жалпы, таралымы 120 000 дана қазақстандық поэ­зия антологияларының тұсаукесерлері – 2019 жылы 25 қыркүйекте Лондонда, 27 қыркүйек күні Мадрид және француз астанасы Парижде, 30 қыркүйек күні Мәс­кеуде, осы жылы қазан айының 15 жұл­дызында Каир қаласында өткізіліпті.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы маңызды оқиғаның бірі – Қазақстан Республикасының Президен­ті Қ.Тоқаевтың биылғы жылдың басында шетелде жарияланған «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы болды, – дейді «Рухани жаң­ғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасының орынбасары, саяси ғылымдар докторы Әсем Қайдарова ханым.

Мемлекет басшысының мақаласы – «ЕU Reporter» (Бельгия), «Prazsky zpravodaj», «Halo noviny» (Чехия), «Факти» (Болгария), «Inside Recent» (Сингапур), «Post of Asia» және «IRNA» АА (Иран), «Созвучие» (Беларусь), «Қырғыз туусу» және «Пикир» (Қыр­ғызстан), «Tajikistan times» (Тәжікстан) және т.б. шетелдік газет-журналдарда жарияланған екен.

Өткен жылдың бірінші жартыжыл­дығында қазақ әдебиетінің классиктері мен басқа да отандық авторлардың 12 кі­табы қырғыз, малай, моңғол, нидерланд, португал, түрік және украин тілдеріне аударылып жарық көріпті. Олардың ішінде Абай шығармалары (қарасөз­дері мен поэмалары) қырғыз, малай, моңғол, нидерланд, португал және украин тілдеріне аударылып өз оқырмандарын тапса, жазушы Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романы, профессор Мырзатай Жолдасбековтің «Жамбыл Жабаев – Ұлы дала ақыны» туындылары түрік тілінде жарық көріпті.

Сондай-ақ аталған бағдарлама аясын­да атқарылған маңызды оқиғаның бірі – Қазақстанның шетелдегі ресми ме­ке­мелері қазақ әдебиеті туындыла­рын шетелдік ғылыми және білім беру инс­титуттарына жолдауы десек қате­леспейміз. Бұл шара негізінде шетел тілдеріне аударылған Қазақстан қа­лам­герлерінің кітаптары – Стокгольм қоғамдық кітапханасына, Швеция Рес­пуб­ликасының Лунд университетіне, Словакия Республикасы Ғылым ака­де­мия­­сының Философия институтына, Әзербайжандағы Түркі мәдениеті мен мұрасы халықаралық қорына, Ма­жарстандағы Сегед университетінің кітапханасына және Испания елінің Ка­та­лония Ұлттық кітапханасына жолданыпты.

Осы орайда қазақ мәдениетін наси­хаттауға арналған тағы бір елеулі іс – биылғы мамыр айында Қазақстан Рес­публикасының Бразилиядағы елші­лігі Аргентина, Боливия, Колумбия, Парагвай, Перу, Уругвай, Чили, Эква­дор елдерінде қызмет жасап жүрген дип­ломатиялық өкілдіктері арқылы испан тіліне аударылған «Қазақ әдебиеті антологиясын» аталған елдердің ұлттық кітапханаларына, жоғары оқу орында­рына және ғылыми орталықтарына жолдауы болса керек.

Қазақ мәдениетін шетелде наси­хат­таудың тағы бір бағыты – отандық фильм­дер. Осы орайда кино туынды­лар арқылы Қазақстанның тарихы мен мә­дениетін насихаттауға ерекше кө­ңіл бөлінуде. Отандық кино ре­жис­­­сер­­лер – Т.Арғанчеевтің «Абай. Өмір­­­­-

бая­ны және шығармашылығы», Д.Жол­жақсыновтың «Құнанбай», А.Сады­қова пен Ғ.Насыровтың «Қазақ биі», Р.Әбдірашовтың «Қазақ хандығы. Ал­тын тақ», «Алмас қылыш», А.Сатаев­тың «Жаужүрек мың бала» және т.б. фильмдері БАӘ, Швеция, АҚШ, Эфио­­пия, Болгария сияқты елдерде көр­се­тілді.

Сонымен бірге қазақстандық автор­лардың ең үздік әдеби шығармаларын шетелдік аудиторияға танытуға бағыт­талған ауқымды жоба қолға алынған екен. Нәтижесінде, 2020 жылдың 5-9 ақпанда посткеңестік кеңістік елдері үшін ең ірі кітап көрмесі саналатын 27-ші Минск Халықаралық кітап жәрмеңкесіне және 20-23 ақпанда Балтық елдері арасында өтетін ең ірі 21-ші Халықаралық Вильнюс (Vilnius Book Fair) кітап жәр­меңкесіне қазақ қаламгерлерінің туындысы қойылғаны қуантарлық оқиға ретінде атап өтілуде.

Бөлісу: