Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президентімен телефон арқылы сөйлесті
<p style="text-align: justify;">Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Ақорда сайтында мәлім етілді, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>
Президенттер Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 19-20 мамырда Душанбеге жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысын қарастырды.
Екі елдің көшбасшылары өзара сауда-саттықты ұлғайту, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік және инфрақұрылым салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру мақсатында үкіметтердің уақытылы әрі тиімді іс-қимылдарының маңызды екенін айтты.
Эмомали Рахмон Тәжікстанға гуманитарлық көмек көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді.
Мемлекет басшылары Ауғанстандағы ахуалдың шиеленісуіне байланысты өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Тараптар екіжақты форматта да, көпжақты құрылымдар аясында да, соның ішінде, әскери-саяси сипаттағы бірлескен іс-қимылдарды үйлестіруге дайын екенін атап өтті.
Сондай-ақ алдағы кездесулер кестесі талқыланды.