Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь Президентімен телефон арқылы сөйлесті
<p style="text-align: justify;">Беларусь тарапының бастамасы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Лукашенкомен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a> Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.</p>

Әңгімелесу барысында мемлекет басшылары Қазақстан мен Беларусь арасындағы көпжақты ынтымақтастықтың, стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың қазіргі жағдайын және оны нығайтудың перспективаларын талқылады.
Тараптар өзара сауда-саттық көлемін арттыруға, машина жасау, ауыл шаруашылығы, көлік және басқа да салалардағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мән бере отырып, сауда-экономикалық ықпалдастық пен өндірістік кооперацияны жан-жақты жандандыруға ерекше назар аударды.
Бұдан бөлек Президенттер өңірдегі эпидемиологиялық ахуал, сондай-ақ, екі ел халқын жаппай вакциналау үшін қабылданып жатқан шаралар жайында пікір алмасты. Осы ретте Мемлекет басшылары COVID-19 пандемиясының теріс салдарын еңсеру жөніндегі үйлесімді іс-қимылдарды жалғастыруға ниетті екенін нақтылады.